Ысқышты аспап қандай аспап
Сазды аспаптар сыры
Бұл сабақ қазақтың ұлттық аспаптары туралы білімді кеңейтуге, музыка тыңдап талдау арқылы ойды жүйелі жеткізуге, ән айту дағдыларын дамытуға бағытталған. Негізгі идея — халық музыкасының құндылығын сезіндіру, эстетикалық талғамды қалыптастыру және жан-жақты, ойы ұшқыр тұлға тәрбиелеу.
Мақсаты
- Қазақтың ұлттық аспаптары туралы танымды кеңейту.
- Музыка тыңдау мен талдау барысында ойын жүйелі жеткізуге үйрету.
- Музыкаға қызығушылық пен ынтаны ояту, ән айту дағдыларын қалыптастыру.
- Халық музыкасына сүйіспеншілікті арттыру.
Міндеттері
- Шығарманың көркемдік белгілерін талдап, түсінік беру.
- Әнге сүйіспеншілік пен білімге құштарлық сезімін ояту.
- Ұлттық музыканы халық қазынасының қастерлі бөлшегі ретінде таныстыру.
- Оқушыны сөйлеуге, ойын тұжырымдап айтуға үйрету.
- Музыканың адам өміріндегі маңызын терең түсіндіру.
- Адамгершілікке, әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеу.
Сабақ форматы мен ресурстар
Сабақтың түрі
Ашық сабақ.
Әдістері
Ойын, сұрақ-жауап, түсіндіру.
Көрнекілігі
Слайд, интерактивті тақта, үнтаспа, аспаптардың суреттері.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру
Балалар, бүгінгі сабағымыз алдыңғы сабақтардан өзгеше: бүгін бізде ашық сабақ. Сабақты бастамас бұрын Әнұран айтып, дауыс жаттығуын жасап алайық.
Енді мен сендерге әріптер жазылған қағаздар таратамын. Сол әріптерден сөз құрастырып, бүгінгі тақырыпты ашамыз: домбыра, қобыз, даңғыра.
Өлеңмен өрілген ой
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ — нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ — домбыра.
Аңызға жол: «Сиқырлы аспаптар»
Ерте заманда бір күйші өмір сүріпті. Ол ғұмыр бойы ұлттық аспаптар жасапты. Жылдар өте күйші қартайып, елге былай деп жар салыпты: «Кімде-кім менің сиқырлы аспаптарыма тіл бітіріп, шырқатса — сол адамға аспаптарымды мұраға қалдырамын».
Сол кезеңде Өнербай деген кісінің жеті ұлы болыпты. Ол жеті ұлын ертіп, күйшіге келеді. Қария балаларға жұмбақ жасырады. Ендеше, біз де шешіп көрейік.
Жұмбақтар арқылы аспаптарды тану
Тоғыз белбеулі,
Екі тербеулі,
Қос құлақты,
Үні ұнамды.
Жауабы: домбыра
Бас, құлақ, мойны бар,
Үп-үлкен шанағы бар.
Ысқышпен ысқанда,
Әндетіп шығар тағы әні бар.
Жауабы: қобыз
Жеті ішектен жеті түрлі үн шығар,
Әуенінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең түрлі-түрлі жыр шығар,
Бұл қай аспап?
Жауабы: жетіген
Сызылған үні, сүйкімді тілі,
Үрлесең ойнайтын аспаптың түрі.
Жауабы: сыбызғы
Тілшікті аспап, қобыздай асқақ,
Ерекше үні бар — бұл қай аспап?
Жауабы: шаңқобыз
Қоңыр сазды даусы бар,
Шертсең күй, әні бар.
Домбыраға ұқсайтын —
Бұл қай аспап?
Жауабы: шертер
Ел қорғайтын ерлікке
Әуенімен шақырған.
Батылдыққа, елдікке
Әуенімен шақырған.
Жауабы: даңғыра
Осы аспаптардың шығу тарихына қатысты аңыздар бар. Сабақ барысында жетіген, домбыра және қобыз туралы аңыздарды әңгімелеп, олардың мәнін түсіндіреміз.
Аспаптарды өлеңмен таныстыру
Домбыра
Екі ішекке бір тиекті қондыра,
Ойнаймыз біз қолымызды талдыра.
Білсең егер айта қойшы, балақан,
Бұл қай аспап? Бұл кәдімгі домбыра.
Жетіген
Асықтары шашылады бетінен,
Түзетеміз асықтарды шетінен.
Білсең егер айта қойшы, балақай,
Бұл қай аспап? Бұл, әрине, жетіген.
Қобыз
Жан дүниеңді тербетеді толқытып,
Бұл аспаптың естігенде саз үнін.
Қорқыт бабам тіл бітірген, қай аспап?
Бұл, әрине, қасиетті қобызым.
Шертер
Саз әлемін тербетер,
Ойыңды да сергітер.
Домбыраға ұқсайтын —
Қызық аспап шертер.
Сазсырнай
Әуені қандай тамаша,
Таңқалдырар бар жанды-ай.
Табиғаттың сазындай —
Ғажайып аспап сазсырнай.
Даңғыра
Ұрасың оны, соғасың,
Жиналып мұнда қаласың.
Естіледі жаңғыра —
Дабыл қаққан даңғыра.
Асатаяқ
Кездеседі бұл аспап неге саяқ,
Сыңғырлаған қоңырауы өзіне сай-ақ.
Бақсылардың қолында жүрген талай —
Қазағымның аспабы асатаяқ.
Шаңқобыз
Кіп-кішкентай шаңқобыз,
Аспаптарға мән берер.
Шертіп қалсам тілшігін —
Оркестрге сән берер.
Сабақта аспаптардың түрлері слайд арқылы көрсетіліп отырады. Көріп қана қоймай, әр аспаптың үнін де ажыратып үйренеміз.
Музыка тыңдау және талдау
Енді ұлттық аспаптарда орындалған күйлерді тыңдап, олардың үн ерекшелігін байқаймыз:
- Қобызда орындалған күй (тыңдау, талдау).
- Құрманғазының «Балбырауын» — оркестр орындауында.
- «Хафиз» күйі — сыбызғы аспабында.
Сергіту және ән үйрету
Сергіту сәті
«Оркестр» ойыны арқылы сергіп аламыз.
Ән үйрету
«Домбыра» әнін үйренеміз.
Бекіту және қорытынды сұрақтар
- Қазақ ұлттық аспаптарының қандай түрлерін білесіңдер?
- Ысқышты аспап қайсы?
- Тілшікті аспапқа қай аспап жатады?
- Шертпелі аспаптарды атаңдар.
- Үрмелі аспаптарды атаңдар.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
Әннің сөзін жаттау және тақырыпты мазмұндап келу.
Бағалау
Сабаққа белсене қатысқан оқушылардың жұмысы бағаланады.