Ою өрнек
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақта оқушылар ою-өрнек ұғымын түсініп, оның түрлері мен мән-мағынасын ажыратады, сондай-ақ композиция мен бояу үйлесімінің (колорит) негізгі қағидаларын меңгереді.
Білімділік
Қазақ ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру, шығу тарихын түсіндіру, негізгі топтарымен таныстыру.
Дамытушылық
Ою-өрнектің «тілін» түсіндіру, мәніне үңілу арқылы шығармашылық қабілетті дамыту.
Тәрбиелік
Ұлттық мұраға, салт-дәстүр мен өнерге құрмет сезімін қалыптастыру, ой-өрісті жан-жақты дамыту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Сабаққа дайындығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (тест)
Оқушылардың өткен тақырып бойынша білімі тест арқылы тексеріледі.
-
Өзіне-өзі қызмет ету түрлері:
A) Киімді күту Ә) Түйме қадау Б) Жемістерді сақтау
-
Жамаудың түрлері:
A) Сорлау Ә) Сырлау Б) Көркемдеу
-
Киімді жамауға қажет құрал-жабдықтар:
A) Оймақ, ине, жіп, қайшы Ә) Күрек, айыр Б) Балға, балта, кемпірауыз
-
Киім түрлері:
A) Ақ жайма Ә) Жапқы Б) Орамал, алжапқыш
-
Бір мамандыққа байланысты киім тігілетін мата түрі:
A) Тұрмыстық Ә) Техникалық Б) Арнайы
-
Киімнің негізгі неше түрі бар?
A) 2 Ә) 5 Б) 3
-
Күнделікті киімдер қай түрге жатады?
A) Тұрмыстық Ә) Формалық Б) Өндірістік
-
Ойын кезінде, спортпен шұғылданғанда, серуендегенде шалбардың қай жері тозады?
A) Белдігі Ә) Тізесі Б) Балағы
-
Жамау матасы жыртық аумағынан қанша сантиметр артық болуы керек?
A) 1–2 см Ә) 5–6 см Б) 3 см
-
Алжапқыш қай киім түріне жатады?
A) Формалық Ә) Тұрмыстық Б) Өндірістік
III. Психологиялық дайындық
Жаңа сабаққа көшу үшін сөзжұмбақ шешіледі. Оқушылар жауаптарды таба отырып, бүгінгі тақырыпты анықтайды.
- 1. Тігінші құралы — оймақ
- 2. Иық бұйымдарының бірі — костюм
- 3. Ұлттық баскиім — бөрік
- 4. Ұлттық саз аспабы — домбыра
- 5. Ертеден бүгінге жеткен үй жиһазы — сандық
- 6. Ұлттық баскиім — сәукеле
- 7. Ұлттық аяқкиім — кебіс
Кілт сөз
ОЮ-ӨРНЕК
Жаңа сабақ жоспары
1
Ою-өрнектің шығу тарихы
2
Ою-өрнектің топтары
3
Ою-өрнектің қасиеті
4
Ою сызбасымен танысу
1) Ою-өрнектің шығу тарихы
Ою-өрнектің тарихына тоқталмас бұрын, ұғымдарды ажыратып алайық. Ою — бедерлі үлгіні ойып, кесіп, қиып немесе екі затты оя кесіп қиюластыру арқылы жасалатын бейне. Ал өрнек — киім-кешекке, түскиізге және басқа да қолөнер бұйымдарына кестелеп түсірілетін бедер, сондай-ақ алаша, басқұр, қоржын сияқты тоқымаларға салынатын геометриялық нақыштар.
«Ою» және «өрнек» сөздері қосылып, латынша ornament ұғымына жақын мағына береді. Демек, ою-өрнек — әсем ырғақпен, белгілі жүйемен құрылған өрнек бөлшектерінің үйлесімі.
Тарихи-ғылыми деректерге сүйенсек, қазақ ою-өрнек өнері ежелгі замандардан бастау алады. Академик Әлкей Марғұлан бұл өнер сақ, ғұн, үйсін, түрік, қаңлы, қыпшақ секілді көне көшпелі тайпалар мұрасымен сабақтас екенін атап өтеді. Жазу-сызуы қалыптаспай тұрған дәуірдің өзінде ата-бабаларымыз тау-тасқа таңба қалдырып, сол белгілер арқылы түрлі ұғымды жеткізген.
Ою-өрнек ғасырлар бойы дамып, тұрмыс-тіршілікте айрықша орын алды: сандық, алаша, киіз, құрақ көрпе, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері және тіпті мемлекеттік рәміздерден де ою-өрнек нақышын көруге болады.
2) Ою-өрнектің топтары
Ою-өрнектерді композициялық құрылымына қарай жүйелеу үшін ғалымдар оларды төрт топқа бөледі:
Зооморфты
Жануар бейнесіне, мүйіз, із, дене пішіндеріне ұқсас өрнектер.
Өсімдік пішіндес
Жапырақ, гүл, бұтақ, ағаш бейнесіне құрылған оюлар.
Геометриялық
Үшбұрыш, ромб, сызық, тор секілді пішіндерге негізделген.
Космогониялық
Аспан әлемі, күн, ай, жұлдыз, кеңістік ұғымдарын меңзейтін өрнектер.
Мағынасы бар мысалдар
- «Қошқар мүйіз» — молшылықтың нышаны.
- «Ағаш» — ынтымақ пен бірлікті білдіреді.
- «Ирек» — адамның өмір жолын меңзейді.
Жасалу жолына қарай ою-өрнек төмендегідей түрлерге бөлінеді:
Қима ою
Қағаздан, былғарыдан, матадан немесе картоннан тұтас қиып алынатын ою.
Ойма ою
Қағазды не матаны қайшымен ойып жасап шығатын ою.
Сызба ою
Алдымен сызылып, содан кейін кесілетін ою үлгісі.
Шексіздікке ұластыра ою
Бір-біріне жалғастыра сызып, үздіксіз композиция түрінде кесілетін ою.
3) Ою-өрнектің қасиеті
Қазақ ою-өрнегінің тарихы бірнеше ондаған ғасырды қамтиды. Ол — атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра. Оюдың «тілі» бар екенін түсіндіретін танымал аңыздардың бірі — «Сырмақ шерткен сыр».
Аңыздың қысқаша желісі
Ертеде халық тұрмыс бұйымдарын ою-өрнекпен әсемдейтін әділ хан болыпты. Ел оны Ою хан деп атаған. Кейін бөтен елдің ханы келіп, Ою ханды зынданға тастайды. Оның орнына салт-дәстүрді жойып, жаңаны күштеп енгізбек болған билеушіні жұрт Жою хан деп атапты.
Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығып, жолыққан жан-жануарға қиянат жасайды. Ақыры үкі оның екі көзін ойып, ханның ұлы жардан құлап қаза табады. Жою хан: «Кім баламның өлімін естіртсе, басын аламын» деп жарлық берген соң, ешкім үн қатпайды.
Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге өзі баратынын айтады. Орманда жолыққан жаралы аң-құсты емдеп жүріп, ең соңында қанаты сынған үкіден оқиғаның шындығын біледі. Елге оралған соң, Ою хан болған жағдайды сырмақ бетіне ою арқылы түсіреді де, Жою ханға әкеледі.
Жою хан оюдың мәнін таратып оқып отырып, баласының өлгенін ұғады да, Ою ханға қылыш көтереді. Бірақ Ою хан: «Өз жарлығың есіңде ме?» деп тоқтатады. Ханның екі айтқаны — өлім. Сөйтіп, жарлық өзіне қайтып, Жою хан жазаланады. Ою хан қайта ел тізгінін ұстайды.
Аңыздан түйетін ой: ою-өрнек табиғаттан, қоршаған ортадан алынған бейнелер арқылы ақпарат жеткізетін көркем «тіл» қызметін атқарады.
4) Ою сызбасымен танысу: негізгі ұғымдар
Композиция
Өрнекті бұйымның бетіне реттеп, үйлесімді орналастыру.
Колорит
Ою-өрнек бояуларының бір-бірімен үйлесіп, жарасым табуы.
Симметрия
Өрнекте бір элементтің белгілі тәртіппен қайталанып келуі.
Ритм
Өрнек құрылымындағы қайталанулардың ырғақпен реттелуі.
Түстердің символдық мәні
Көк
Аспанның белгісі
Қызыл
Оттың нышаны
Ақ
Ақиқаттың белгісі
Сары
Ақыл-парасаттың нышаны
Жасыл
Жастық пен көктемнің символы
Дәптермен жұмыс
Жаңа сөздер мен ұғымдарды дәптерге жаздыру:
Теорияны қорыту
Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям.
Сарамандық жұмыс
Жұмысты бастамас бұрын қайшымен жұмыс істеудегі техникалық қауіпсіздік ережелері еске түсіріледі (оқушылар жеке-жеке айтады).
Орындалу қадамдары
- 1Ою-өрнек үлгісіне қарап, қағазға қарындашпен жобасын салу.
- 2Сызылған үлгіні мұқият қиып шығу (сызба ою).
- 3Дайын оюды желіммен таңдаған бетке жапсыру.
Нәтиже
Оқушылар оюдың құрылымын, симметрия мен ритмнің көрінісін практика арқылы байқап, композициялық орналастырудың маңызын түсінеді.
Ескерту
Қию кезінде қағазды асықпай ұстау, қайшыны жабық күйде беру, өткір ұшын өзіңе қаратып ұстамау сияқты қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады.
Сергіту сәті: мақалдың жалғасын тап
- 1. Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей.
- 2. Ер қадірін ер білер, зер қадірін зергер білер.
- 3. Жаңбырмен жер көгерер, еңбекпен ел көгерер.
- 4. Істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы.
- 5. Не ексең, соны орасың.
- 6. Ақыл көпке жеткізер, өнер өрге жеткізер.
- 7. Еңбек ширатады, өмір үйретеді.
- 8. Ою ойғанның ойы ұшқыр.
Сабақты бекіту
Сабақ мазмұны сұрақ-жауап арқылы бекітіледі:
1) Ою-өрнек дегеніміз не?
2) Ою-өрнектің қандай топтарын білесіңдер?
3) Симметрия дегеніміз не?
4) Ритм дегеніміз не?
5) «Ою-өрнек» қос сөзі латынша қандай ұғымды білдіреді?
Жауап: орнамент.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен орындаған жұмыстары сарапталып, бағаланады.
Үй тапсырмасы
Ою-өрнектер тақырыбы бойынша буклет жасап келу.