Есімшенің жұрнақтарын атау және мысал келтіру
Сабақтың тақырыбы
Есімшенің сөйлемдегі қызметі
Сабақтың мақсаттары
1) Білімділік
- Есімшенің түрленуі мен жасалуы туралы білімді жаңа тақырып барысында жүйелеу.
- Теориялық білімді тәжірибеде қолдануға үйрету.
- Синтаксис бойынша білімді толықтыру.
2) Дамытушылық
- Оқушының өз бетінше ойлануы арқылы проблемалық сұрақтарға жауап беріп, жаңа тақырыпты меңгеруіне жағдай жасау.
- Ойлау белсенділігін арттыру.
- ҰБТ-ға дайындықтың басталғанын ескертіп, есте сақтау қабілетін дамыту.
3) Тәрбиелік
- Рухани қазынаны байыту.
- Еліміздің тәуелсіздігіне қатысты сөйлемдерді қолдану арқылы оқушының патриоттық сезімін ояту.
Сабақтың сипаттамасы
Түрі
Жаңа, аралас сабақ.
Әдістері
- Сұрақ-жауап
- Ой қозғау
- Жаттығу
- Шығармашылық ізденіс
Интеграциялық мүмкіндігі
Сабақ мазмұны әдебиет, орыс тілі, тарих және география пәндерімен байланыстырылады.
Назар аудару
Тақырыпты меңгертуде тілдік құбылыстарды өзге пәндік мазмұнмен ұштастыру оқушының түсінуін тереңдетеді.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
3 минут
Үй тапсырмасы тексеріліп, өткен тақырып бойынша сұрақтар қойылады. Өткенді қайталау үшін ішінде сұрақтар жазылған 6 түрлі шар ілінеді. Әр шарда «Есімше» сөзінің бір әрпі беріледі. Оқушы шарды таңдап, түртіп жару арқылы ішіндегі сұраққа жауап береді.
Қайталау сұрақтары
- Етістік дегеніміз не?
- Етістіктің өзіне тән категорияларын ата.
- «Есімше» дегеніміз не? (Сөз құрамына талдау арқылы түсіндіру.) Түсіндірме: түбірі — есім, жұрнағы — -ше. -ше жұрнағы «секілді, сияқты» мағынасын білдіреді. Есімше — есім сөздердің де, етістіктің де қызметін атқара алатын форма.
- Есімшенің жұрнақтарын ата және мысал келтір.
- Жалғаулардың есімшеге қатысы бар ма?
- -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары қай етістікке жалғанбайды? Ескерту: бұл жұрнақтар болымсыз етістікке жалғанбайды — оқушының есте сақтауы қажет.
Жаңа сабаққа кіріспе
Жаңа сабақтың мақсаты хабарланады. Түсіндіруге дайындық ретінде мына сұрақ қойылады:
«Сөйлемдегі қызмет» деген не?
«Сөз табының сөйлемдегі қызметі» нені білдіреді?
Оқушылар ойларын сызба түрінде көрсетеді: сөздер сөйлем құрауға қатысады, белгілі бір орынға ие болады, түрлену арқылы әртүрлі сөйлем мүшесінің қызметін атқара алады және жағдайға қарай әртүрлі сұрақтарға жауап береді.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Жүкенова Баянды Болатовна