Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі Мақсаттары
Мақсаттары
Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтардың әдет-ғұрпын, дәстүрі мен тарихын, тілін қастерлеу — бүгініміз бен келешегіміз үшін бірлігімізді нығайтудың басты борышы екенін ұғындыру.
Елімізде мекен еткен халықтардың тілі мен мәдениетіне деген құрметті арттыру, халықтар достығын және ел бірлігін бекемдеу.
Көрнекілігі
- Шаңырақ
- Қанатты сөздер
- Видеопроектор және слайдтар
- Ұлттық киімдер
Фестивальдің ашылуы
1-жүргізуші
Пай-пай, киелі неткен жер! Батырлар дүбірлеп өткен жер!
Тұлпарлар дүрілдеп төккен тер, ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағың, тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына өлке, мына аймақ —
Бұл маңда тұрғанға құлшылық етемін,
Құмдарға құлшылық етемін.
Қырларға тағзым жасаймын,
Қашан да шүкірлік етемін —
Осы бір Отанда тұрғанға.
Сахналық көрініс
1 «Жаса, Қазақстан!» әніне әр ұлттың өкілдері шығып, би билейді.
2-жүргізуші
Таңы атқан шындықты қолдайтын,
Басымызға бақ-дәулет орнайтын.
Қазақ деген елім бар құшақ жайған,
Өзгені өз ұлындай қорғайтын.
Міне, осындай менің Республикам!
Кеш жарық! Ауылымның ақжаулық аналары мен ардақты азаматтары!
1-жүргізуші
Армысыздар, қадірменді көрермендер! Еліміз бауыры бүтін, мызғымас мемлекетке айналып, жүз жылға татитын жиырма жылда ортақ жауапкершілік жолын жүріп өтті. Бірлігіміз бекіп, елдігіміз еселенді — биік белестер мен алынбас асуларды бағындыра білдік.
Осы 20 жыл ішінде Қазақстанды 120-дан астам ел таныды. Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың астында еркін әрі тату-тәтті өмір сүріп келеді.
2-жүргізуші
Қазақстанды — достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті.
Фестиваль жарияланымы
«Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады» деген қағиданы ұстана отырып, сіздерді 1 мамыр — Татулық, бірлік, ынтымақ күнімен құттықтаймыз.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен орайластыра өткізілетін «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі» атты фестивалімізді ашық деп жариялаймыз.
Әнұран орындалады
Бүгінгі мерекемізді құттықтау сөз бен ақ тілектен бастаймыз.
Құттықтау сөз
- Мектеп директоры — Сағындықов Темірхан мырза.
- Ауыл әкімі — Дүйсенбин Қайырбек мырза.
Қазақстан халқы Ассамблеясы және бірлік идеясы
Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясы өтті.
Қазақстан халқына бақ болып қонған келісім мен бірлік «Бір ел — бір тағдыр» ұстанымына сүйеніп, барша азаматты «Болашақтың іргесін бірге қалайық» Жолдауындағы міндеттерді іске асыру жолында бір елдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылуға шақырды.
Сессия қатысушылары ұлттық рухты — дәстүрді, отансүйгіштікті, жаңару мен жеңіс рухын — нығайтуға үндеді. Біз, ел азаматтары, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен бірлесе отырып, ырыс- ынтымағы тасыған, өркені дамыған Тәуелсіз Қазақстанды құратынымызға сенеміз.
Достық — ортақ құндылық
Елді бүгін қарасам, айналам бақыт кең жатыр.
Бірімен-бірі туысқан, қол ұстасқан ел жатыр.
Қырғыз, қазақ, өзбектер, армян, түрік, грузин;
Орыс пенен украин — терезесі тең жатыр.
Алатау, Кавказ ұласып, баурайы бұйрат кең жатыр.
Бақыттың әні асқақтап, құлаққа даусы кеп жатыр.
Өлең жолдарында айтылғандай, Қазақстан өзге мемлекеттермен де, еліміздегі этностармен де тату-тәтті, достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді.
Фестиваль бағдарламасы
Бүгінгі мерекемізге бір шаңырақ астында мекендеп жатқан, достығы жарасқан, Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін ортаға шақырамыз. Қырғыздар, молдавандар, армяндар, тәжіктер, грузиндер, азербайжандар, түркімендер, орыстар, өзбектер, украиндар өнерлерін ортаға салады.
Біз өз салт-дәстүрімізді қалай құрметтесек, достығы жарасқан өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін де дәл солай қадірлей білуіміз керек.
Татулық ұстанымы
Елбасымыздың «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген сөзі — бүгінгі мерекенің темірқазығы. Өйткені, бәріміздің мүддеміз — ортақ.
Бағалау тәртібі
Әділқазылар алқасы әр елдің өнерін бастауыш, орта буын және жоғары буын бойынша бағалайды.
Әр ұлт өкілі өз елін таныстырып, шамамен 7–10 минут аралығында салтын, өнерін көрсетеді: ән шырқап, би билейді.
- Киім үйлесімділігі
- Таныстыру мәнері
- Сахнада өзін ұстауы
- Би элементтерінің байланысы
- Ән орындау мәнері
Бағалау 5 балдық жүйемен жүргізіледі.
Номинациялар
- Әуезді ән
- Үздік би
- Үздік киім
- Шебер модельер
Қазақ жері — достықтың гүлстаны,
Дархан өлкем — мерейлі ырыс-бағы.
Күрестерде, еңбекте, мерекеде
Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.
«Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі» атты фестивалімізді бастаймыз.
Қатысушыларды таныстыру
Қырғыз ұлты
«Қырғыз-қазақ — бір туған» дегендей, өз өнерлерін ортаға салу үшін айыр қалпақты қырғыз ұлтының өкілдері келіп отыр. Қырғыз ұлтын сахна төріне шақырамыз!
Молдова
Молдова — бау мен бақша, жүзім елі. Қысы жұмсақ, табиғаты шұрайлы өлке. Халқы — молдовандар мен гагауыздар, сондай-ақ орыс, украин, славян текті жұрт.