Тілге арналған жаттығулар
Оқу қызметін ұйымдастыру
Балалармен амандасып, оқу қызметіне дайындаймыз. Сабақ басында қысқа дайындық жаттығулары жүргізіледі: бұл дыбысты дұрыс айтуға қажет сөйлеу мүшелерінің (ерін, тіл, жақ) қалпы мен қимыл-қозғалысын дамытуға көмектеседі.
Көрнекілік тәсілі
Тақтаға жәндіктің суреті (жасыл құрт) бөлшектеп орналастырылады. Әр жаттығуды дұрыс орындаған сайын құрттың дене бөліктері жиналып, соңында толық сурет шығады. Бұл тәсіл балалардың қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді қатысуын қолдайды.
Артикуляциялық жаттығулар
Жаттығуларды баяу, айқын, үлгі көрсете отырып орындатамыз. Қажет болса, айна қолдануға болады.
Ерінге арналған жаттығулар
- «Сусиыр» — ауызды кең ашып, қайта жабу.
- «Бақаның күлкісі» — тістерді көрсетіп, жымию.
- «Пілдің тұмсығы» — ерінді алға созып, «у-у-у» деп айту.
Тілге арналған жаттығулар
«Қамыр илейік» (5–6 рет)
Жымиып отырып, тілді ауыздан шығарамыз. Тілді ерінмен жеңіл ұрып, кейін тіс арасымен жайлап қысып өтеміз. Қимыл тілдің ұшынан түбіне дейін және кері бағытта орындалады.
«Күлше» (5–10 секунд)
Ауызды ашып, жалпақ тілді төменгі еріннің үстіне бос қоямыз да, осы қалыпта ұстаймыз.
«Желкенді қайық» (5–10 секунд)
Ауызды кең ашып, тілдің ұшын созып, алдыңғы күрек тістің түбіне тірейміз. Қалыпты сақтап тұрамыз.
«Кесе» (5–10 секунд, 5–6 рет)
Ауызды ашып, тілдің екі жанын ішке қайырып, тіл ұшын жоғары көтеріп, «кесе» пішініне келтіреміз. Тіл жоғарғы тістерге тимеуі керек.
Дұрыс тыныс алуға арналған жаттығу
«Қарды ұшырайық»
Ауызды кең ашып, тілді жалпақ етіп ауыздан шығарамыз да, тілді қолғаптың үстіне қойылған мақтаның (қардың) жанына жақындатамыз. Алдымен мұрын арқылы терең дем алып, ауаны тіл ұшы арқылы қатты үрлеп шығарып, мақтаны ұшырамыз.
Бұл жаттығу дыбысты айтқанда тыныстың қалпын сақтауға және ауа ағынын дұрыс бағыттауға көмектеседі.
«Ш» дыбысымен таныстыру
Еске түсіру және тыңдату
Балаларға алдыңғы оқу қызметінде танысқан дыбысты еске түсіреміз. Шегірткенің мультфильмін көрсетіп, дыбысын тыңдатамыз. Сұрақ-жауап арқылы тақырыпқа шығамыз:
- Бұл не? — Шегіртке.
- Шегіртке қандай дыбыс шығарады? — Аудио арқылы шырылы естіледі.
Бірге қайталаймыз
Ш — Ш — Ш — Ш — Ш
Буыннан сөз құрау
Балалар буындарды бірге айтып шығады. Одан кейін осы буыннан басталатын сөздердің суреті көрсетіледі: бала буынды жалғастырып, сөзді толық айтып береді.
«Ш» дыбысынан басталатын сөздер
- Ша — ша — ша
- шана
- Шо — шо — шо
- шортан
- Шу — шу — шу
- ашу
- Ше — ше — ше
- шелек
- Ши — ши — ши
- шие
- Шұ — шұ — шұ
- шұлық
«Ш» дыбысы сөз соңында/ортасында
- Аш — аш — аш
- қарындаш
- Ыш — ыш — ыш
- ғарыш
- Ұш — ұш — ұш
- ұшақ
- Іш — іш — іш
- ілгіш
Ойын арқылы бекіту
«Сақ құлақ» ойыны
Мақсаты: есту арқылы «Ш» және «С» дыбыстарын ажырату, «Ш» дыбысын тыңдап тануға машықтандыру.
Шарты: әр балаға екі көтергіш беріледі (жылан және шегіртке суреті). Тәрбиеші суреттерді көрсетіп, атауын айтады. Бала сөздің «Ш» немесе «С» дыбысынан басталғанын естіп, тиісті суретті көтереді.
«Поездың терезелерін орналастыр» ойыны
Мақсаты: сөзден «Ш» дыбысын тыңдау арқылы анықтап, оны дұрыс айтуға үйрету; дыбыстың сөздің басында, ортасында, соңында келетін орнын ажырату; көру арқылы есте сақтауды дамыту.
Шарты: балалардың алдына үш түсті вагон (қызыл, сары, жасыл) қойылады, әрқайсысында 4 терезе бар. «Ш» дыбысы бар суреттер ұсынылады. Бала суретті атап айтады да:
- «Ш» сөз басында болса — қызыл вагонға,
- сөз ортасында болса — сары вагонға,
- сөз соңында болса — жасыл вагонға орналастырады.
«Аз, көп» ойыны
Мақсаты: «Ш» дыбысын сөз ішінде дұрыс, нақты айтуға машықтандыру; заттардың жекеше және көпше түрін ажырату түсінігін қалыптастыру.
Шарты: балаларға екі-екіден карточка таратылады. Карточкаларда жекеше және көпше заттардың суреті бейнеленеді. Бала сәйкес суреттерді жұптап, затты жекеше және көпше түрде атап береді.
Сөйлем құрау және байланыстырып сөйлеу
Тақтадағы суреттерге назар аудартамыз. Сурет бойынша сөйлем құратып, сөйлем ішінде кездескен «Ш» дыбыстарын дұрыс айтуын қадағалаймыз.
Сұрақ 1
Суретте нелер және кім бейнеленген?
Сұрақ 2
Бала не істеп жатыр?
Сұрақ 3
Бұл кім?
Тілді жаттықтыруға арналған қысқа тақпақтар
Ша-ша-ша — Күн қандай тамаша;
Ша-ша-ша — Қуанамыз балаша;
Ша-ша-ша — Аспанда ұшты шағала.
Ше-ше-ше — Көктем келді кеше;
Ше-ше-ше — Үлкен екен көше;
Ше-ше-ше — Көрдім сені кеше.
Қорытынды және кері байланыс
Сабақ соңында балалардан бүгін қандай дыбысты жаттықтырғанын, оның қандай дыбыс екенін және ненің дыбысы екенін сұрап, қорытынды жасаймыз. Қабырғадағы жәндіктердің суреттерін көрсетіп, олардың қандай дыбыс шығаратынын айтқызамыз.
Шегірткенің суретін қозғалта отырып, балаларға «Ш» дыбысын қайта-қайта айтқызамыз. Ойындарға белсенді қатысқан балалар мадақталады.