Әдемілік тобы
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы
Әдептілік — әдемілік
Мақсаты
- Оқушылардың білімін жүйелеу, толықтыру және сыпайы сөздерді орнымен қолдануға үйрету.
- Сөздік қорын молайту, әдептілік пен әдепсіздік туралы ойларын қорытып, тұжырым жасай білуге баулу.
- Үлкенді сыйлауға, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу; жақсы қасиетке үйретіп, жаман қасиеттен жирендіру арқылы тұлғалық сапаларды дамыту.
Көрнекілігі
- Сөзжұмбақ
- Нақыл сөздер
- Мақал-мәтелдер
- Ассоциациялық карта
Барысы
- I Кіріспе сөз
- II Сөзжұмбақ
- III Тақпақтар, нақыл сөздер
- IV Көрініс
- V Мақал-мәтелдер (әдептілік туралы)
- VI Ситуациялық жағдаяттар
- VII Ассоциациялық карта, «Жалғастыр» ойыны
- VIII «Зеңгір көктем» әні
I. Кіріспе сөз
Абай атамыз:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан!
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Тетігін тап та, бар қалан!»
Бүгінгі заманда сендердің сегіз қырлы, бір сырлы болып өскендерің маңызды. Сол қасиеттердің өзегі — адамгершілік. Адам болып қалыптасу үшін әр бала жеке бас гигиенасын сақтауға дағдылануы керек: шашын ұқыпты ұстап, тырнағын алып, киімін таза әрі жинақы киюі қажет.
Болашақ — сендердікі. Сондықтан білім алудан бастап, мектептегі тәрбие жұмыстарына мән беріп, ұстаздардың тәлімін бойға сіңіріп, өнегелі азамат болып өсулерің керек. Адам болып өсу — жақсы қасиеттерді жинап, жаман әдеттерден аулақ болу.
Негізгі ой
«Жақсыдан үйрен — жаманнан жирен».
Отбасы аманаты
Ата-анаңның тілегі — сенің жақсы адам болып, азамат болуың.
Ата-анаң үшін сенің Отанды сүюің, оқу мен еңбектегі табыстарың — шексіз бақыт. Сондықтан ата-анаңның алдында шыншыл бол, кішіге мейірімді, досыңа қайырымды бол.
Осындай қасиеттері бар баланы біз тәртіпті, әдепті, үлгілі бала дейміз.
Ақын сөзі (Ермек Өтетілеуов)
«Жабырқауды білмейміз,
Жалқаулықты сүймейміз.
Біз — таланты жас ұлан,
Үлгі аламыз жақсыдан».
II. Сөзжұмбақ
Тапсырма екі топқа бөлініп орындалады: «Әдептілік» және «Әдемілік».
«Әдептілік» тобы
-
1) Анаңның анасы саған кім?
Жауабы: әже
-
2) Оң аяқ, сол аяқ — кезек оны тебеді.
Жауабы: доп
-
3) Бала тәрбиесі қайдан басталады?
Жауабы: бесіктен
-
4) Жеті күн.
Жауабы: апта
-
5) Мектептегі екінші анаң.
Жауабы: ұстаз
-
6) Бірлік болмай, … болмас.
Жауабы: тірлік
-
7) Тілі жоқ өзінде, сөзі бар өзінде.
Жауабы: қалам
-
8) Сүттен жасалатын тағам.
Жауабы: ірімшік
-
9) Қабат-қабат қаптама, ақылың болса аттама.
Жауабы: кітап
«Әдемілік» тобы
-
1) Үйреткен ілімді — қырық екі білімді.
Жауабы: әліппе
-
2) Жұмыс бізді үш жамандықтан құтқарады: аурудан, жоқшылықтан, …
Жауабы: зерігуден
-
3) Жақсыдан үйрен — жаманнан …
Жауабы: жирен
-
4) Білім ордасы.
Жауабы: мектеп
-
5) Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін не?
Жауабы: білім
-
6) Бала тілі — …
Жауабы: бал
-
7) Үлкенге құрмет — кішіге …
Жауабы: ізет
-
8) Күн күледі, түн түлейді.
Жауабы: көктем
III. Тақпақтар мен нақыл сөздер
«Әдептілік» тобы
Мектепке біз барғанда,
Жолыққан бар жандарға
Ақ ниетпен, пейілмен:
«Қайырлы таң!» — дейміз біз.
Күндіз де елді елейміз,
«Қайырлы күн!» — тілейміз.
«Әдемілік» тобы
Тағам дәмді — тұзбенен,
Үйдің сәні — қызбенен.
Деген сөзді естігем,
Қыз боламын есті мен.
Тазалықты қалаймын,
Үйдің ішін жинаймын.
IV. Көрініс
Бұл бөлімде әдептілікке қатысты қысқа көрініс қойылады (сәлемдесу, қоғамдық орында өзін ұстау, үлкенге құрмет көрсету тақырыптары ұсынылады).
V. Мақал-мәтелдер (әдептілік туралы)
-
1) Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
-
2) Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
-
3) Әдепсіз бала — ауыздықтан атпен тең, ақылды қария — жазып қойған хатпен тең.
-
4) Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
-
5) Аға әдепті болса — іні әдепті, апа әдепті болса — сіңлі әдепті.
VI. Ситуациялық жағдаяттар
Төмендегі жағдайларға жауап беріп, өз шешімдеріңді дәлелдеңдер.
«Әдептілік» тобы
- Сіз автобуста отырсыз. Үлкен кісі кірді, бос орын жоқ. Не істер едіңіз?
- Көшеде бір қарт кісі құлап қалды. Не істер едіңіз?
- Мектепте біреудің сөмкесін тауып алдыңыз. Не істер едіңіз?
«Әдемілік» тобы
- Сіз дүкенде кезекте тұрсыз. Артыңызда әжей тұр. Не істейсіз?
- Көшеде, мектепте, үйде таныс кісілер мен мұғалімдер кездессе, не деу керек?
- Үлкен кісі қолындағы затын көтере алмай келеді. Оған не деу керек, қалай көмектесесіз?
VII. Ассоциациялық карта және «Жалғастыр» ойыны
Ассоциациялық карта
«Әдептілік» тобы
Адамның бойында қандай жақсы қасиеттер болады?
«Әдемілік» тобы
Адамның бойында қандай жаман қасиеттер болады?
«Жалғастыр» ойыны
«Әдептілік» тобы — Не істеуге болмайды?
- Үлкендердің алдынан кесіп өтуге болмайды.
- Кішкентай баланы жылатуға болмайды.
- Құстарды атуға болмайды.
- Сабақтан кешігуге болмайды.
- Сыныпта айғайлауға, жүгіруге, шашуға, секіруге болмайды.
«Әдемілік» тобы — Не істеу керек?
- Үлкенді сыйлау керек.
- Үлкендердің тілін алу керек.
- Кішілерге қамқор болу керек.
- Оқу құралдарын күтіп, таза ұстау керек.
- Сабақты жақсы оқу керек.
VIII. «Зеңгір көктем» әні
Соңында «Зеңгір көктем» әні орындалады. Осымен бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.