Мәтінді түсініп оқу
Сабақ жоспары: «Бозторғай – дала сәні» (3-сынып)
Бұл жоспар әдебиеттік оқу сабағына арналған. Негізгі өзек — М. Бекбосынның «Бозторғай – дала сәні» әңгімесін түсініп оқу, мазмұнын ашу және табиғатты, құстарды қорғау идеяларын оқушы санасына сіңіру.
Тақырыбы
Бозторғай – дала сәні
Сабақ түрі
Жаңа білімді меңгерту
Әдіс-тәсілдер
Дамыта оқыту технологиясының әдістері
Көрнекіліктер
- Үнтаспа (құстар дауысы)
- Мазмұнға байланысты суреттер
- Нақыл сөздер
Сабақтың мақсаты
1) Танымдық
М. Бекбосынның «Бозторғай – дала сәні» әңгімесінің мазмұнын ашу, негізгі ойы мен мәнін түсіндіру.
2) Дамытушылық
Мәтінмен жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру, шығармашылық қабілетті дамыту, тіл байлығын арттыру және сөйлеу мәнерін қалыптастыру.
3) Тәрбиелік
Қоршаған ортаны аялауға, құстарды қорғауға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық:
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- 1 «Құмдағы құпия» әңгімесі не туралы?
- 2 Темір шешесімен қайда барады?
- 3 Ол қандай қызық оқиғаға тап болды?
Оқушылар мәтінге байланысты жаттап келген мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарын айтады. Соңында қысқаша қорытынды жасалады.
III. Қызығушылықты ояту
Үнтаспадан құстардың дауысы тыңдатылады.
Сұрақ:
Ненің дауысын естіп тұрмыз?
Түсіндіру:
Бүгін құстар тақырыбын жалғастырамыз.
Сұрақ:
Көктемнің жаршылары нелер?
Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімі бойынша 1 сәуір — Халықаралық құстар күні болып белгіленген.
Поэзия минуты
1-оқушы:
Орманға бара жатқандар,
Аңшылық дәмін татқандар,
Өтінем түгел бәріңнен,
Көктемде құсты атпаңдар!
2-оқушы:
Тіккен туы қазақтың,
Күнге сәлем жолдасын.
Қыран құсы қалықтап,
Көк аспанды шарласын!
3-оқушы:
Көрікті көктемде құстар әні толастамасын,
Шаттана шарықтаңдар, қанатты достар!
IV. Мағынаны ашу (оқулықпен жұмыс)
1) Мәтінді түсініп оқу
«Бозторғай – дала сәні» мәтінін түсініп оқыту.
2) Сөздік жұмысы
Жаңа сөздермен сөйлем құрастыру.
3) Мәтін құрылымы
- Мәтінді бөліктерге бөлу
- Жоспар құру
- Сергіту сәтін ұйымдастыру
4) Талдау сұрағы
Мәтіннен бозторғай туралы қандай мәлімет алдың?
5) Қосымша дерек (энциклопедиямен жұмыс)
- Неше түрі анықталған?
- Қайда кездеседі?
- Денесінің ұзындығы, салмағы, қанатының ұзындығы қандай?
- Ұясын қай жерге салады?
- Немен қоректенеді?
6) Қорытынды сұрақ
Неліктен мәтінде «Бозторғай – дала сәні» деп аталады?
V. Ой қозғау (топтық жұмыс)
1-топ: Талқылау
«Таң ата тіршілік әнін төгеді. Өзінің сайраған үнімен көңіл аударады.» Бозторғай адамдарға қандай тілек айтып тұрғандай деп ойлайсыңдар?
2-топ: Бес жолды өлең
Тақырып: «Бозторғай»
3-топ: Эссе
Тақырып: «Құстар — біздің досымыз»
VI. Үй тапсырмасы
- Мәтінді түсініп оқу.
- Құстарға байланысты қандай наным-сенімдер бар екенін анықтау.
- Жұмбақтарды жаттау.
VII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, мәтінді түсінуі, жауаптарының нақтылығы және топтық жұмысқа қосқан үлесі бойынша бағалау жүргізіледі.