Оқушының назарын сабаққа аудару
Қазақ әдебиеті • 7-сынып
Сабақ тақырыбы: Мағжан Жұмабаев — «Сүйемін»
Бұл сабақта Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, «Сүйемін» өлеңі мәнерлеп оқылып, мазмұны талданып, негізгі ойы мен көркемдік ерекшеліктері ашылады.
Сабақтың мақсаттары
1) Білімділік
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру; «Сүйемін» өлеңін мәнерлеп оқыту; мазмұнына терең үңілдіру; өлеңді талдау.
2) Дамытушылық
Оқушының ой-қиялын еркін дамыту; өзіндік ой түюге баулу; шығармашылыққа және мәнерлеп оқуға дағдыландыру; ойлау әрекеттерін белсендіру. Дүниетанымды кеңейту, сөздік қорды молайту, көркем мәтінді әсерлі оқи білу қабілетін жетілдіру.
3) Тәрбиелік
Өжет, жігерлі болуға тәрбиелеу; туған тілді — қазақ тілін сүюге және құрметтеуге бағыттау. Ақын өлеңдерінің мазмұны арқылы туған жердің қорғаны болуға, ана тілін қадірлеуге, қайсарлық пен табандылыққа баулу.
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндірмелі жұмыс
- Мәнерлеп оқу
- Жатқа оқу
- Талдау
- Кітап-дәптермен жұмыс
- Топтастыру
Сабақ туралы қысқаша
- Типі
- Дәстүрлі сабақ
- Түрі
- Жаңа сабақ
- Көрнекілігі
- Ақынның портреті, суреттер, плакаттар
- Пәнаралық байланыс
- Тарих, қазақ тілі, география
Қолданылған әдебиеттер
-
Әдебиет (оқулық)
Р. Құттығожина, Қ. Бітібаев, Е. Арын. Алматы: Атамұра, 2012.
-
Мұғалімге арналған әдістемелік құрал
Сабақ жоспарын құрастыруға арналған қосымша материалдар.
-
Оқушы анықтамалығы (5–11 сынып)
Арман–ПВ баспасы, 2004.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Сынып оқушыларын түгендеу.
- Сынып тазалығын бақылау.
- Сабаққа қажетті құралдарды дайындау.
- Оқушының назарын сабаққа аудару.
2) Өтілген материалды еске түсіру
Үй тапсырмасы ретінде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы туралы оқып келу және «Ағынды менің Ақсуым» өлеңін жаттау тапсырылған болатын.
Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев туралы мәлімет жинап келу берілді. Үй тапсырмасы сұралады.
3) Жаңа сабақ
А) Қызығушылықты ояту
Тақтадағы жасырын суретті ашу үшін оқушылар үлестірмелі парақтардағы сұрақтарға жауап береді. Зерттеп келген оқушылар Мағжан Жұмабаев туралы қысқаша мәлімет айтады, кейін мұғалім толықтырады.
Мағжан Жұмабаев туралы қысқаша мәлімет
Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданында дәулетті отбасында дүниеге келген. Әкесі Бекен — болыс болған. Мағжан зеректігінің арқасында 4 жасынан әкесінің мектебінде оқып, қазақтың өлең-жырларын, дастандарын, ертегілерін жаттап өседі.
Білімге құштар жас Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, ерте жастан орысша сауатын ашып, орыс әдебиетінің озық үлгілерімен танысады. Араб, парсы, орыс, түрік тілдерін жақсы меңгереді. Абай поэзиясын өзіне мектеп етеді.
Сәбит Мұқанов пікірі
«Ақындық жағынан келгенде Мағжан — қазақтың талантты ақындарының бірі. Қазақ тілін байытуда, әдебиетіне жаңа түрлер енгізуде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ».
Жүсіпбек Аймауытов пікірі
«Мағжан — алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетіндей үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында жоқ. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады… Ақын өлеңін оқысаң, еріксіз сезім туғызады: әлде мұңайтады, әлде өкіндіреді, әлде қуантады, әлде жігер береді».
Шығармалары
Өлеңдері
- «Көкшетау»
- «Мен кім?»
- «Мен жастарға сенемін»
- «Түркістан»
Поэмалары
- «Қойлыбайдың қобызы»
- «Батыр Баян»
- «Қорқыт»
- «Жүсіп хан»
- «Тоқсанның тобы»
- «Ертек-өтірік»
Проза, мақалалар, еңбектер
- Әңгіме: «Шолпанның күнәсі»
- Мақала: «Бала тәрбиелеу жолдары»
- Педагогикалық еңбек: «Педагогика»
- Оқулық: «Сауатты бол»
Тарихи дерек: ақталуы және мұрасының қайта оралуы
1938 жылы Мағжан Жұмабаев жазықсыз жаза құрбаны болды. Осыдан кейін ақын шығармаларын оқуға және жариялауға тыйым салынды.
Тек еліміз тәуелсіздікке жақындаған кезеңде арнайы үкімет шешімімен ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталды. 1989 жылы шығармаларының бір томдығы, 1995 жылы үш томдық жинағы жарық көрді.
(Материалды анимациялық слайдтар арқылы көрсету ұсынылады.)