Оқушыларға жатқа жаздыру
5-сыныпқа арналған диктанттар жинағы: түрлері, мақсаттары және үлгілер
Бұл жинақ 5-сынып оқушыларына арналған. Мұнда диктанттың негізгі түрлері, оларды өткізу тәсілдері және модульдер бойынша дайын мәтіндер мен тапсырмалар берілген.
Диктант түрлері
Диктант — жазылым дағдысын қалыптастыруға, сауатты жазуға, тыңдалым мен тілдік талдауды дамытуға арналған тиімді жұмыс түрі. Төменде мектеп тәжірибесінде жиі қолданылатын диктант түрлері берілген.
Түсіндірме диктант
Мәтін мұғалімнің айтуымен жазылады, соңынан түсіндіріледі. Қажет болған жағдайда тақта да қолданылады: тақтаға шыққан оқушы жазып болған соң, мұғалім бүкіл сыныпты қатыстыра отырып, тапсырманың орындалуын тексереді.
Терме диктант
Оқушыларға белгілі бір мәтін беріледі. Сол мәтіннің ішінен фонетикалық, лексикалық немесе грамматикалық тапсырмаға сай сөздерді таңдап (теріп) жазу ұсынылады.
Өздік диктант
Оқушылар мәтінді мұғалімнің айтуымен емес, жатқа жазады. Жүргізудің бірнеше жолы бар:
- а) Мұғалім мәтінді тақтаға жазып, жеке сөздердің жазылуын және грамматикалық ережелерді түсіндіреді. Мәтін бірнеше рет оқылады. Кейін мәтін жабылып, оқушылар жатқа жазады. Соңында тақтадағы мәтінмен салыстырылады.
- ә) Мұғалім мәтінді кітаптан көрсетеді. Оқушылар 5–10 рет оқып шыққан соң, кітапты жауып, жатқа жазады. Кейін кітаппен салыстырады.
- б) Оқушыларға алдын ала жаттаған мәтінді жатқа жаздыру.
Шығармашылық диктант
Оқушылар тақтаға жазылған сөздер мен сөйлемдерді қолданып, сөйлем немесе шағын мәтін құрайды. Тақырып қойып, ойларын өз сөздерімен жазуы талап етіледі.
Еркін диктант
Оқушылар оқыған мәтіннің мазмұнын өз сөздерімен жеткізеді немесе мұғалім мәтінді оқып, мазмұнын айтқызады. Одан кейін оқушылар өздігінен жазады. Мұнда мәтіндегі сөздерді толық сақтау міндетті емес.
Сөздік диктант
Жеке сөздердің мағынасын терең түсіну және дұрыс жазылуын меңгеру көзделеді. Әсіресе орфографиялық немесе фонетикалық тұрғыдан қиындық тудыратын сөздерге ерекше назар аударылады.
Бақылау диктанты
Бақылау диктантында мәтіннің құрылымы мен құрамы толық сақталып жазылады. Оны арнайы сабақ ретінде өткізуге болады: оқушы бағдарламаға сай бүкіл сабақ бойы диктант жазып, дайындық деңгейін көрсетеді.
Көлемі (сөз саны)
- 5-сынып
- 50–60
- 6-сынып
- 60–70
- 7-сынып
- 70–80
Қатеден сақтандыру диктанты
Бұл диктант оқушылардың жіберген қателері негізінде ұйымдастырылады. Әдетте оны түсіндірме диктант форматында жүргізу нәтижелі болады.
I модуль. Менің мектебім (Лексика)
Сөздік диктант (11 сөз)
Мұғалім, жіңішке, өшіргіш, сүрту, қабат, үйірме, қарындаш, тәртіпті, суару, дәріс, орналасқан.
Терме диктант (55 сөз)
Сыныптың қабырғасы ақ, төбесі биік, едені сары. Сыныпта үш терезе бар. Олардың әйнегі үлкен. Қабырғада әдемі сурет ілінген. Сыныпта парталар үш қатар қойылған. Парталардың үстінде дәптерлер, қаламдар, оқулықтар, қағаздар, күнделіктер жатыр. Сыныпта үстел, тақта, орындық, бор, шүберек бар. Орындық үстелдің жанында тұр. Тақтаның түсі қоңыр. Есіктің түсі ақ. Парталардың түсі көк. Біздің сынып таза, жарық.
Тапсырма
Мәтіннен омоним болатын сөздерді теріп жазыңдар. Омонимдік мағынасын түсіндіріп, мысал келтіріңдер.
Бақылау диктанты: «Мектеп» (54 сөз)
Қыркүйек айы жақындап қалды. Мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқушыларды таза сыныптар, сырланған есіктер, терезелер, парталар, тақталар күтіп тұрғандай. Жаз бойы дем алып, тыныққан оқушылар көтеріңкі көңілмен мектептеріне сағынышпен оралады. Біздің мектеп өте әдемі, биік. Мектепте компьютер сыныптары бар. Мектепте өте білімді мұғалімдер сабақ береді. Мектептің үлкен спорт залы бар. Ол еш уақытта бос болмайды.
Тапсырма
«Жұмыс», «әдемі», «оқушы», «мұғалім», «сабақ», «сырланған» сөздерінің синонимдерін жазыңдар.
Шығармашылық диктант: «Оқу құралдары» (10 сөз)
Кітап, қалам, дәптер, өшіргіш, қарындаш, сызғыш, сөмке, күнделік, ұштағыш, қайшы.
II модуль. Танысу (Фонетика. Дыбыстар)
Сөздік диктант (10 сөз)
Тұрамын, аты-жөнім, сіңлім, түскі, тамақ, әдепті, өзім, шұғылданамын, сәлеметсіз бе, қуаныштымын.
Еркін диктант: «Сәлемдесу» (48 сөз)
Сәлемдесу — әдептіліктің белгісі. Сәлемдесу — кездескен адамдардың бір-біріне аман-саулық тілеп, ниеттестігін білдіруі. Әрбір адам «Қайырлы таң!», «Қайырлы күн!», «Қайырлы кеш!» деген сөздерді сәлемдесуге қосып, тәуліктің үш мезгілінде де бір-бірімен ақжарқын амандасуға тиіс. Қазақ салтында адам амандасқанда оң алақанын жүрегінің үстіне қойып, басын иеді немесе қол алысып амандасады.
Түсіндірме диктант: «Түскі тамақ» (54 сөз)
Таңертең бала ешбір жұмыссыз үйде отырады. Түскі асты ішетін уақытта шешесі ет пен сорпа қояды. Баласы сорпаны ішіп: «Таңертеңгі сорпадан мына сорпа дәмдірек екен», — дейді. Сонда шешесі: «Бұл — таңертеңгі сорпаның қалғаны еді. Саған сорпаның дәмді болғаны — сен түске дейін жұмыс істеп шаршадың. Таңертең ешбір жұмыссыз үйде отырған соң, ас саған дәмсіз көрінді», — деді.
III модуль. Қазақ тілі сабағында (Буын. Екпін. Тасымал)
Сөздік диктант (10 сөз)
Үйренеміз, заң, арың, мемлекеттік, сөйлейміз, құрметтеу, буын, тұйық, ән айтамыз, мақал-мәтелдер.
Өздік диктант (91 сөз)
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі (I тарау, 4-бап)
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті.
Ескерту
Бұл — 5-сыныпқа арналған диктанттар жинағының мазмұны мен үлгілері. Қажет болса, модульдерге қосымша мәтіндер мен тапсырмаларды да осы үлгімен көбейтуге болады.
Материал: 5-сыныпқа арналған диктанттар жинағы
Жүктеу