Журнал парақтары

Сабақ туралы мәлімет

Өтетін орны

Жамбыл облысы, Қаратау қаласы, №2 Қаратау колледжі

Пән

Химия

Мұғалім

Жакенова Манзура Қартқожаққызы

Сабақтың тақырыбы

Еліміздің көмірсутек шикізаттары

Сабақтың мақсаты

а) Білім сапасын арттыру

«Қазақстандағы газ, мұнай, көмір өнеркәсібінің негізгі кен орындары» тақырыбын меңгерту барысында мұнай өнімдерінің құрамы, қасиеттері, алынуы және қолданылуы туралы мәселелерді зерделеу арқылы білім сапасын арттыру. Нәтижесінде өндіріске жоғары білікті, жан-жақты ақпарат алған маман барады деп күтіледі.

ә) Негізгі бағыттармен таныстыру

Оқушылар еліміздегі көмірсутек шикізатын пайдаланудың негізгі бағыттарымен танысады.

б) Экологиялық жауапкершілік

Кен орындарын пайдаланумен қатар табиғатты қорғау, қоршаған ортада қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыруға жұмылдыру.

Сабақ форматы: «Ауызша журнал»

1. Сауалхана

Оқушылардың білімін тексеру сұрақтары

2. «Сөздің көркі — мақал»

Мақал-мәтел мағынасын географиялық тұрғыдан талдау

3. «Ғажайып табиғат байлығы»

Оқушы ізденістері

4. «Химия тұрмыста»

Пайдалы кеңес

5. Экологиялық досье

Табиғатты қорғау мәселелері

6. Әдеби бет

Оқу-танымдық мазмұн

7. «Қазақстан — 2030»

Стратегиялық ой-толғау және болашаққа бағдар

1-бет: «Сауалхана»

Білімді тексеруге арналған сұрақтар

  1. Отынның агрегаттық күйлерін атап, мысал келтіріңіз.
  2. Отынның жану жылуы деген не? Қай отынды жаққанда жылу көбірек бөлінеді?
  3. Қатты отынды өңдеу әдістері қандай? (пиролиз, газдандыру, гидрогендеу)
  4. Тас көмірді өңдегенде алынатын төрт өнімді атаңыз: (кокс, кокс газы, шайыр, аммиак).

Кіріспе: көмірсутек ресурстарының орны

Қазақстан газ, мұнай және тас көмір қоры жөнінен әлемдегі табиғи ресурстары бай елдердің қатарына жатады. Көмірсутекті отын — мұнай және табиғи газ — бүкіл әлемнің өркендеуінің өзегіне айналды. Қазақстан да әлемдік нарыққа көмірсутекті отын шығаратын елдердің бірі.

Әлемдік экономикада мұнайдың рөлі күннен-күнге артып келеді. Соңғы жылдары саяси және экономикалық дағдарыстардың бірқатары әлемдік мұнай нарығындағы ахуалмен тікелей байланысты өрбіді. Тарихқа көз жүгіртсек, ішкі және сыртқы қақтығыстардың, ірілі-ұсақты жанжалдардың көбінде мұнай факторын байқауға болады. Соған қарамастан, адамзат мұнайдың әлеуетінен үміт күтеді: жер қойнауынан мұнай өндіру игерілгелі бері мұнай өнімдеріне деген сұраныс бір сәт те бәсеңдеген емес.

Энергия көзі ретінде

Мұнайдың басты құндылығы — энергияның маңызды көзі, яғни отын ретінде бағалануы. Оның қуаты ғарыш кемелерін биікке көтеріп, ұшақтарға ұшқырлық, автокөліктерге сенімді жүріс береді.

Өнеркәсіп үшін шикізат

Мұнай-химия өнімдерін қолданбайтын өндіріс саласы жоқ деуге болады: көптеген технологиялық тізбектерде ол тікелей де, жанама түрде де қажет.

Маңызды салыстыру

1 тонна мұнайдан алынатын өнім мөлшері 15 тонна сұр көмірден алынатын химиялық шикізаттарға тең. Мұнайды «әлемдік өркениеттің қаны» десек, химиялық шикізатты «прогрестің тамыры» деуге болады.

Ресурстарға жауапты көзқарас

1980 жылы әлемде шамамен 3 млрд тонна мұнай өндірілді; әлемдік үлесі 47% деңгейінде болғаны айтылады. 2000 жылдан бастап тұтыну қажеттілігі 1,7 есе артты. Демек, мұнай ресурстарын бейқам пайдалану мүмкін емес: жаңа кен орындарын іздеу, тиімді технологияларды жетілдіру, шикізатты терең өңдеуді дамыту — күн тәртібіндегі мәселе. Қазақстан да мұнайдан химиялық әрі технологиялық шикізат өндіру бағытын жүйелі күшейтуі қажет.

2-бет: «Сөздің көркі — мақал»

Тапсырма

Айтылған мақалдардың мағынасын географиялық тұрғыдан түсіндіріңіз.

Мақал-мәтелдер

  • «Жері байдың — елі бай»
  • «Күте білсең, жер жомарт»

Қазақстан да әлемдік нарыққа көмірсутек түріндегі отынды шығарады. Осы тұста мұнай тарихына қысқаша шолу жасау ұсынылады.

3-бет: «Ғажайып табиғат байлығы»

Оқушы 1: Мұнай өңдеу саласының даму тарихы

Мұнайды пайдалану ерте замандардан бері белгілі. Жайық–Жем (Ембі) алабында және таулы Маңғыстауда жер бетіне шығып жатқан немесе тайыз құдықтарға жиналған мұнайды қазақтар ерте кезден-ақ тұрмыста қолданған.

Қазақстанда мұнай іздеу және барлауға бағытталған бұрғылау жұмыстары 1892 жылы Жайық–Жем алабында басталды. Қарашүңгіл кен орнында 1899 жылы бұрғыланған ұңғымадан алғашқы мұнай фонтаны атқылады. Екінші қуатты фонтан 1921 жылдың 29 сәуірінде Доссордағы ұңғымадан берілді. 1914 жылы Мақат мұнай кені пайдалануға енгізілді.

Өңдеу тереңдігінің артуы

  • XIX ғасырдың екінші жартысына дейін мұнай көбіне отын ретінде пайдаланылды.
  • XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап керосин айыратын қондырғылар салынып, керосин жарықтандыруға қолданылды.
  • XX ғасыр басында автокөлік пен авиацияның дамуы бензинге сұранысты арттырып, өңдеуді тереңдету қажеттілігін тудырды.
  • Нәтижесінде лигроин, керосин, майлайтын майлар сияқты өнімдер кеңінен алына бастады.
  • XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап этилен, пропилен, бутан, бутилен, фенол, бензол сияқты химия өнеркәсібіне қажетті өнімдер өндіріле бастады.

Оқушы 2: Табиғи газ туралы

Құрамы

Табиғи газдардың негізгі құраушылары: метан (CH4), пропан (C3H8), бутан (C4H10).

Қоспалары: тез қайнайтын көмірсутектер (пентан, гексан және т.б.), көмірқышқыл газы (CO2), азот (N2), күкіртті қосылыстар, сутек (H2), инертті газдар (He, Ne, Ar және т.б.).

Тереңдігі 1,5 км-ге дейін болатын қабаттарда табиғи газ құрамында метан басым келеді, ал тереңдеген сайын метанның гомологтары көбейеді. Табиғи газ шөгінді тау жыныстарындағы органикалық заттардың катагенетикалық түрленуі нәтижесінде түзіледі, ал шоғырлануы көбіне тектоникалық факторларға байланысты.

Газ шоғырларының түрлері

  • Қатты иірімдер — газ шоғырлануға қолайлы жағдайлары бар тау жыныстарында қалыптасады.
  • Тұтас иірімдер — газ тек белгілі бір қабат шегінде орын алады.

Газ және газ-конденсат кендерінің шамамен 85%-ы саздармен қабаттаса келетін құмды және құмды-алевритті тау жыныстарында кездеседі.

Қазақстандағы мысал кен орындары

Табиғи газ мұнаймен бірге кездесетін кендер: Құлсары, Прорва, Өзен, Жетібай, Қарамандыбас. Жеке газ кендері: Шөмішті, Шағырлы, Жақсықоянқұлақ, Жаманқоянқұлақ, Бозой, Қызылой, Теңіз.

Өңдеу нәтижесінде алынатын өнімдер

Табиғи газ — өте бағалы отын. Оны өңдеу кезінде метил спирті, формальдегид, ацетальдегид, сірке қышқылы, ацетон, этилен, пропилен, пластмасса, жасанды каучук, жасанды талшық және басқа да көптеген органикалық қосылыстар алынады.