Қазақша рефераттар

Кетемін онда ұшып жылы жаққа, Қысы - жаз қар жаумайтын біздің баққа

Мағжан Жұмабаев

(Орыстан)
- Жыршы құс, тілімді алып, келші мұнда,
Жасыл шөп, жасыл ағаш қалсын онда.
Қапаста жаның тыныш отырасың,
Жазы - қыс жейтін ұрық бәрі қолда.
Мен сені жан досымдай қадірлеймін,
Ерінбей, тамағыңды әзірлеймін.
Мөп - мөлдір саф күмістей, тәп - тәтті су
Күнде ерте, жалғаны жоқ: Әзір! - деймін.
Ас - суың керегінше даяр қылам,
Кем - кетік жерің болса, даяр тұрам.
Жаз жетсе - қорқынышсыз, қыс уайымсыз,
Далада мың қорқыныш, суық боран.
Аңшы да мылтығымен ата алмайды,
Қаршыға жақындауға бата алмайды.
Күн ұзын жырың жырлап отырасың,
Басқа жан мұндай рақат таба алмайды.
- Жоқ, мырза, бұл мақтаған қапасында,
Кірмейтін боран, суық лапасыңа
Бермеймін қалың ағаш, өзен - суды,
Келсе де мың бір пәле бұл басыма!
Жайнаған түрлі гүлмен кең даламды,
Қай жаққа ұшсам - қонсам кең даламды,
Балақай, асу - суыңмен сыйланам деп,
Жанымнан, өз еркімнен құр қалам - ды.
- Кең дала, қалың ағаш, аққан бұлақ,
Сүйкімді маған - дағы жасыл құрақ.
Құсеке, соны ойлашы, суық болса,
Қыласың үсіместей қайда тұрақ?
Кетемін онда ұшып жылы жаққа,
Қысы - жаз қар жаумайтын біздің баққа.
Қар кетіп, сіздің жақта жылы болса,
Қайтадан ұшып келем ескі таққа.
- Адассаң жазатайым жолдан шығып,
Құр тоңып өлмейсің бе боран соғып?
- Шырағым, оның үшін қорқа қойма,
Жасаған жол көрсетер қайырым қылып.