Эстафеталық жарыс
Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Қазалы ауылы
№100 орта мектеп • Бастауыш сынып мұғалімі: Асанхан Эльмира Сәндібекқызы
Сабақ тақырыбы: Эстафеталық жарыс
Мақсаты
- Оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен тұрақты шұғылдануға шақыру.
- Сымбаттылыққа, ептілікке және ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ұйымдастыру
Жарыс басталар алдында қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, командалар тең құраммен сапқа тұрғызылады.
Кіріспе сөз
Шабыттандыратын жолдар
Денсаулық — бар байлығың басыңдағы,
Жайнаған өміріңнің жасыл бағы.
Қастерлеп, аяласаң, мәпелесең,
Бойыңнан кетпес қуат жасыңдағы.
Денсаулық қашан да алтынға тең,
Болашағың жарқын, көкжиегің кең.
Аңдамай арсыздыққа жақын болсаң,
Ойланып, ақылға кел, берік бол сен.
Жарыстың ашылуы
Бүгінгі эстафеталық жарысымызды ашық деп жариялаймыз. Жарысқа екі команда қатысады:
1-команда
Жас ұлан
2-команда
Достық
Жарысты бастамас бұрын әділ қазылар алқасын сайлап алайық.
Ой шақыру
Төмендегі сұрақтар арқылы оқушылардың салауатты өмір салты туралы түсінігін нақтылаймыз:
Сұрақтар
- Салауатты өмір салты дегеніміз не?
- Денсаулық үшін не пайдалы, не зиянды?
- Тұмау деген не? Оның таралу жолдары қандай?
- «Ауру — астан» дегенді қалай түсінесіздер? Тамақтану гигиенасы туралы не айтасыздар?
Ереже және бағалау
- Әр кезеңде тапсырма дәл әрі қауіпсіз орындалады.
- Командалық ұйымшылдық пен жылдамдық ескеріледі.
- Ережені бұзған жағдайда ұпай шегеріледі.
Негізгі өлшемдер: жылдамдық, ептілік, тәртіп, қауіпсіздік.
Жарыс кезеңдері
Әр тур — оқушылардың шапшаңдығын, икемділігін және төзімділігін дамытатын шағын сынақ.
1-тур: Таныстыру
Әр команданың капитаны ұрандарын айтып, топты таныстырады.
2-тур: Кедергілерден өту
«Спорт — біздің досымыз, күш-қайрат сыналған. Спорт — біздің досымыз, бала кезден шыңдалған».
Міндет
Белгіленген бағыттағы кедергілерден қауіпсіз өту.
Назар
Құлау мен соқтығысты болдырмау, арақашықтық сақтау.
3-тур: Скакалкамен жүгіру
«Жүйрік болсаң — кім? Күлімдейді күн. Жарыста жүгір, алға ұш!»
4-тур: Жорға және аяңдап жүру жарысы
«Жүгір, жүгір селмен жарысып, жүгір желмен жарысып. Нұрға сылан, болып қыран, өс ұлан».
Тапсырма: белгіленген қашықтықты жорға және аяң жүріспен ережеге сай өту.
5-тур: «Ергежейлі аяқ» — жартылай бүгіп жүру
«Жапырақтар жырлар, гүлдер сыбырлар. Күн нұрын күт, таза ауа жұт — бойыңа құт».
Орындау
Аяқты жартылай бүгіп, тепе-теңдікті сақтай отырып жүру.
Қауіпсіздік
Тізені ауыртпау, асықпай әрі дұрыс қалыпта қозғалу.
6-тур: Арқан тартыс
«Күш атасын танымас» — соңғы кезеңде командалар арқан тартысып, күш сынасады.
Маңызды: қолды жарақаттамау үшін арқанды дұрыс ұстау, белгі берілгенде ғана тарту.
Қорытынды
Нәтиже
Осымен бүгінгі жарысымыз өз мәресіне жетті. Жеңімпазды анықтау үшін сөз кезегін әділ қазылар алқасына береміз.
Алғыс
Келіп тамашалағандарыңызға үлкен рақмет! Баршаңызға мықты денсаулық, сергек көңіл және спортқа деген тұрақты қызығушылық тілейміз.