Қолғап театры

Кіріспе

Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ордасында себіледі. Баланың адамгершілік қасиеттері, тіл байлығы, танымдық қызығушылығы мен алғашқы дағдылары дәл осы кезеңде қалыптасады.

Негізгі бөлім

Шағын орталық: құндылығы мен жауапкершілігі

Отбасында ата-ананың ықыласы мен мейірімінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешілердің қамқорлығына бөленеді. Баланың бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, оның өнегелі, тәрбиелі болып қалыптасуына балабақшаның ықпалы зор.

Шағын орталық — бала тұлғасының қарқынды дамитын, қайталанбас әрі өте құнды кезеңі. Сондықтан баламен жұмыс істеу қиын да, жауапты іс. Баланы дұрыс сөйлеуге, қоршаған ортаға саналы көзқарас қалыптастыруға, жағдайларды объективті бақылап, талдауға, ойын дәл жеткізуге және сөйлеу мәдениетіне баулу — тәрбиешінің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты.

Міндеттері

  • Балаларды салауатты өмір салты құндылықтарына қатыстыру.
  • Эмоционалдық аман-саулықты қамтамасыз ету, көркемдік іс-әрекеттерге жағдай жасау.
  • Талпынысын, білуге құмарлығын, еркіндігін дамыту.
  • Айналадағы әлем туралы білімін қалыптастыру.

Мақсаттары

  • Туған жерін, халқын сүйетін; тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білетін ұрпақ тәрбиелеу.
  • Денсаулығын сақтау және нығайту.
  • Психологиялық дамуына жағдай жасау: есте сақтау, ойлау, қабылдау.
  • Мектепке дайындау: мектеп ұғымы, ереже, қоңырау, үзіліс.

ХХІ ғасыр — білім ғасыры. Сондықтан заман талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру — мемлекетіміздің маңызды міндеті. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретінде айқындалған.

Мектепке дейінгі және жалпы білім берудің сабақтастығы

Мектепке дейінгі кезеңде баланың білуге құмарлығын дамыту — болашақ танымдық белсенділіктің негізі.

Шығармашылық қиялды қалыптастыру — баланың жеке тұлғалық дамуының маңызды бағыты.

Міндеттерді өз бетінше шешуге үйрету үшін әртүрлі іс-әрекетте қабілеттерді дамыту қажет.

Оқу қызметіндегі табыстылықтың шартының бірі — коммуникативтілікті дамыту.

Менің іс-тәжірибемнен: инновациялық әдістер

Біздің балабақшада мектепке дейінгі баланың зияткерлік дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Ұйымдастырылған іс-әрекет — әр тәрбиешінің шығармашылық жұмысы. Тәрбиешінің кәсіби деңгейі жоғары болған сайын, тәрбиеленушінің ой-өрісі мен сауаттылығы да соғұрлым артады. Іздену, мұқият дайындалу, қосымша әдебиеттерді орынды қолдану — негізгі талап.

«Сиқырлы бұтақ» әдісі

Таңертең балаларды қабылдап болған соң, түгелдеу мақсатында «Сиқырлы бұтақ» әдісін қолданамын. Балалар өз суреті бар тақияны немесе сәукелені қорапшадан алып, бұтаққа іледі. Кей күні бұтақ толы болса, кей күні азаяды — осы өзгеріс балаларға қызық әсер береді.

Нәтиже: балалардың балабақшаға қызығушылығы артады, ал тәрбиеші балаларды тез әрі көңілді түрде түгелдейді.

Қолғап театры

Көркем әдебиет сабақтарында қолғап театрын жиі қолданамын. Түрлі-түсті қағаздан кейіпкерлерді жасап, қолға киіп ойнатамын. «Үйшік» ертегісін өткенде жертесер тышқан, бақылдауық бақа, секең қоян, жылмаң түлкі, қорбаң аю бейнелерін дайындадым.

Нәтиже: балалар ауызбіршілікке, достыққа, татулыққа үйренеді; тыңдау және сахналау дағдылары қалыптасады.

Ұсақ моториканы дамыту

Ғалымдардың зерттеулерінде саусақ бұлшықеттерінің дамуы баланың сөйлеу қабілетімен тығыз байланысты екені дәлелденген. Саусақ қимылы, зейін, ойлау, қиял, жүріс-тұрыс, бақылау, есту және көру арқылы есте сақтау — бәрі тіл дамуымен үйлеседі. Сондықтан қол қимылын дамыту жұмысы жүйелі жүргізілуі тиіс.

Осыған сүйеніп, шығармашылық іс-әрекетте тіс пастасын пайдаланып сурет салдырдым: түрлі-түсті қағазға сұқ саусақпен қар ұлпасын бейнеледі.

Нәтиже: саусақ қимылы дамиды, сурет салуға қызығушылық артады, балалар шаттық сезіміне бөленеді.

Оригами әдісі (Көктем тақырыбы)

Тіл дамыту іс-әрекетінде «Көктем» тақырыбы бойынша екі топқа бөлдім: бір топ плакатқа сурет салды, екінші топ оригами және дайын бейнелермен композиция құрастырды. Жоғарғы бөлікке бұлт пен күн, төменгі бөлікке шөп пен гүл салынды; ортаңғы бөлікке ағаш үй, төрт түлік, қойшы ата бейнелері жапсырылды. Нәтижесінде көктем көрінісі шықты.

Нәтиже: балалар ұйымшылдықпен жұмыс істейді, бірін-бірі тыңдауға және ойланып әрекет етуге дағдыланады.

«Супермаркет» ойыны

Дамытушы орталық бұрышында жиналған материалдарды ойын арқылы тиімді қолданамыз. Жапсыру сабағында «Супермаркет» ойынын ұйымдастырып, балаларды топтарға бөліп тапсырма бердім: киім, сөмке, дәрі-дәрмек, аяқ киім, опа-далдап-әтір сияқты тауарлар. Әр топ өз суретін қиып, плакаттағы қалташаларға тауар түріне қарай дұрыс орналастырды.

Нәтиже: бала таңдау жасауға үйренеді, ойлау жүйесі дамиды, қызығушылығы байқалады, шапшаңдық пен жылдамдық қалыптасады.

Қуыршақ театры

Көркем әдебиет сабақтарында қуыршақ театрын жиі қолданамын. «Алдар көсе мен Шық бермес Шығайбай» ертегісін кейіпкерлерге бөліп, балаларға рөлмен ойнаттым. Сонымен бірге қазақы бұрыш арқылы ұлттық киім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және тұрмыстық бұйымдармен таныстырып, оларды іс-әрекет барысында пайдаланамыз.

«Жарқырасын жұлдызың» интеллектуалды ойыны

Баланың ой-өрісі мен білімін кеңейту үшін «Жарқырасын жұлдызың» атты интеллектуалды ойын өткіздім. Жарысқа алты бала қатысады, ойын төрт турдан тұрады. Әр турдың нәтижесін жұлдызша арқылы белгілеймін.

I тур

Тіл дамыту, айналамен танысу, математика бойынша сұрақтар: «Бұл қандай аң?», «Мынау не, түсі қандай?», «Суретте адамның қай мүшесі бейнеленген?»

II тур

Бір әріпті таңдап, сол әріпке қатысты суреттерді ажырату. Мысалы, «С» әрпі: сақина, сабын, сүлгі, сәбіз, сандық, саңырауқұлақ.

III тур

«Кім жылдам?» — геометриялық пішіндерден бейне құрастыру (аққала, үйшік).

IV тур

Жеңімпазға логикалық тапсырмалар. Соңында бір бала жеңіске жетеді.

Нәтиже: сөздік қоры молаяды, шапшаңдық пен тез ойлау қабілеті дамиды; бала жетістікке ұмтылады.

Күн тәртібі арқылы қолдау: ертегі, музыка және «түймелі жол»

Балаларды ұйықтатар алдында үнемі ертегі айтып беремін. Түскі тынығудан оятқанда жеңіл музыка қосып, әуен ырғағымен оятамын. Оянғаннан кейін балалар төсекте жеңіл жаттығу жасайды, одан соң арнайы дайындалған «түймелі жолдан» өтеді. Бұл жолды бос жеміс шырыны қақпақтарынан құрастырдым.

«Түймелі жол» табанның дұрыс қалыптасуына ықпал етіп, жеңіл массаж әсері арқылы сергектік береді. Одан кейін балаларға 3 литр суға 1 тамшы йод қосылған ерітіндімен ауыз шайғызамын — бұл тұмау сияқты аурулардың алдын алуға көмектеседі.

Ертеңгіліктер мен мерекелік шаралар

Шағын орталығымызда ұйымдастырылған іс-әрекеттен тыс ертеңгіліктер де өткізіліп тұрады. «Алтын күз» мерекесіне орай «Күз патшалығы» атты ертеңгілік ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік — ел тірегі» мерекесінде балалар өздерін жан-жақты таныта білді.

Қорытынды

Өркениет жолында ілгері ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа білім мен тәрбие беруді дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Бала мен педагог арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде мектепке дейінгі бала адамгершілік тәрбие алады, тіл байлығы мен сөздік қоры дамиды, ой-өрісі кеңейеді, жеке тұлға ретінде қалыптасады.

Әр тәрбиеші өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби деңгейін үнемі жетілдірсе, еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Әр бала — табиғаттың тамаша жемісі, әуесқой әрі тынымсыз зерттеуші. «Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады» дегендей, бүлдіршіндерімізді инабатты да өнегелі етіп тәрбиелейік.

Негізгі ұстаным

Баланың қызығушылығын оятып, әлеуетін ашу.

Негізгі құрал

Ойын, шығармашылық және жүйелі қолдау.

Негізгі нәтиже

Тәрбиелі, тілдік және танымдық тұрғыдан дамыған тұлға.