Интерактивтік тақтаймен жұмыс жасау
Білім беру саласы және сабақтың бағыты
Бұл сабақ әлеуметтік ортаға (социум) бағытталған және «Сөйлеуді дамыту» бөлімі аясында өткізіледі. Тақырып: «Бір шаңырақ астында».
Мақсаты
Туған жер туралы түсінік қалыптастыру, әр баланы өз туған өлкесін қадірлеуге және сыйлауға тәрбиелеу.
Міндеттері
- Ойын арқылы есте сақтау қабілетін және қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
- Сөздік қорды байыту, есте сақтау дағдыларын қалыптастыру.
- Берілген сұрақтарға нақты, толық жауап беруге үйрету.
Әдіс-тәсілдер
Полилингвалдық құрауыш
- киіз үй
- юрта / yurt
- ту
- флаг / flag
Көрнекіліктер
- Интерактивтік тақта
- Тақырыпқа байланысты суреттер
- Фетрден қиылған киіз үй, ою-өрнектер
- Иллюстративтік ойыншықтар
Сабақ барысы
Сабақ құрылымы үш негізгі кезеңге бөлінеді: мотивациялық-қозғаушы кезең, ізденіс-ұйымдастыру кезеңі және қорытындылау.
1) Мотивациялық-қозғаушы кезең
Балалар компьютер кабинетінe кіріп, үстелдің жанына тұрып «шаттық шеңберін» жасайды.
Кейін интерактивтік тақтамен жұмыс ұйымдастырылады. Тәрбиеші Мурашковский әдісіне сүйене отырып «дүрбі» арқылы суреттердің (ту, елтаңба, домбыра, киіз үй) тек кейбір бөліктерін көрсетеді. Балалардың міндеті — қай сурет екенін дәл тауып айту.
2) Ізденіс-ұйымдастыру кезеңі
Осы сәтте қонаққа Дымбілмес кіреді. Балалармен амандасып, сұрақ қояды:
- «Бұл қандай жер? Мен қайда келдім?»
- «Балалар, біз қандай елде тұрамыз?»
- «Мен мұндай елді білмеймін. Маған айтып бересіңдер ме?»
Балалар Қазақстан туралы айтады. Тәрбиеші бағыттаушы сұрақтар арқылы ойлануға көмектеседі:
Ту туралы
- «Көк түсті көріп тұрсыңдар — бұл не?»
- «Көк түс ненің белгісі?»
Елтаңба туралы
- «Елтаңбаның екі жағында нені көріп тұрсыңдар?»
- «Ал ең үстінде не бар?»
Киіз үй туралы
- «Киіз үй немен әшекейленген?»
- «Оның ең үстінде не орналасқан?»
- «Шаңырақ неге ашық болады?»
Балалардың жауаптарын бекіткен соң, тәрбиеші шығармашылық тапсырма ұсынады: алдарында тұрған фетрден жасалған киіз үйді ою-өрнектермен безендіру.
«Сиқырлы дорба» ойыны
Дымбілмес балаларға құр қол келмегенін айтып, сиқырлы дорба алып келгенін көрсетеді. Балалар кезекпен дорбаға қолдарын салып, бір заттан алып шығып, оның атауын айтады. Кейін алынған заттармен жасыл фетрдің үстіне жайлау көрінісін құрастырып, безендіреді.
Тапсырма аяқталғаннан кейін балалар орындарына отырып, әрқайсысы компьютерде жайлауға гүл отырғызу жұмыстарын орындайды.
3) Сергіту сәті және қорытындылау
Балалар тақтаның алдына жиналады. Тәрбиеші суретті көрсетіп, сұрайды: «Бұл не? Оған не жетіспейді?»
Суретте күн бейнесі беріледі. Күннің шуақтарын салу үшін балалар бүгінгі сабақта не көргенін, не үйренгенін айтып шығады. Әр жауаптан кейін күннің шуақтары «пайда болып», қорытынды ой жинақталады.
Авторлық мәлімет
Павлодар қаласы, №29 сәбилер бақшасы (МҚКК).
Тәрбиеші: Гросс Г. С.
Материал: «Бір шаңырақ астында».