Лепті сөйлемдерді тауып оқы

Кіріктірілген ашық сабақ жоспары

Сыныптар

2-сынып, 4-сынып

Тақырып

Лепті сөйлем. Қос сөздер

Сабақ түрі

Жаңа сабақ

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Сөйлем түрлерін қайталау және лепті сөйлеммен таныстыру.
  • Қос сөз туралы түсіндіріп, емлесін меңгерту.
  • Қос сөздерді біріккен сөздерден ажырата білуге дағдыландыру.

Дамытушылық

  • Зейінді, ойлау жылдамдығын және есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Ізденімпаздыққа баулу, шығармашылық дағдыларды жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Үлгі көрсету арқылы жауапкершілікке тәрбиелеу.
  • Ұжыммен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.

Әдістер мен ресурстар

Сабақтың әдісі

Сұрақ–жауап, түсіндіру, әңгімелеу, көрнекілік, салыстыру.

Көрнекілігі

Үлестірмелі қағаздар, суреттер, интерактивті тақта.

Негізгі ұғымдар

Хабарлы сөйлем Сұраулы сөйлем Лепті сөйлем Біріккен сөз Қос сөз Дефис

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру

Оқушылардың әзірлігін тексеру, назарын сабаққа аудару.

Психологиялық дайындық

Қайырлы күн, досым!

Қайырлы күн, құрбым!

Сәрсенбі күнің бүгін,

Сәттілікке толсын!

Бүгінгі алған бағаң

Кілең «бестік» болсын!

2) Үй тапсырмасын тексеру

Әр сынып оқушылары 2 топқа бөлінеді.

Тақтадағы сөздер

Көктөбе Жақыпбек Көкшетау

2-сынып

  • 1-топ: хабарлы сөйлем құрастыру.
  • 2-топ: сұраулы сөйлем құрастыру.

4-сынып

Берілген сөздерді сөз құрамына талдау.

Қайталау сұрақтары

  • Бұл қандай сөздер?
  • Біріккен сөз дегеніміз не?
  • Біріккен сөз қалай жасалады?

«Сен маған, мен саған»

2-сынып

Екі топ бір-бірінен хабарлы және сұраулы сөйлем ережелерін сұрайды.

4-сынып (топтық тапсырмалар)

1-топ

Сөздерді толықтырып жаз. Бұл қандай сөздер?

_____қорған, сайқы_____, ғалам_____, еңбек_____, тас_____.

2-топ

Сөздерді толықтырып жаз. Бұл қандай сөздер?

Жеті_____, _____бақан, шаң_____, _____бақа, _____мұздақ.

Өткен сабақты бекіту

Жауаптарды талқылау, қателерді түзету.

3) Жаңа сабақ

2-сынып: Лепті сөйлем

Оқулықпен жұмыс

84-бет, 1-жаттығу: сурет бойынша тірек сөздерді қолданып әңгіме құрастыру (спорттың пайдасы).

Талқылау сұрақтары

  • Жеңіске жетсең қандай көңіл күйде боласың?
  • Жеңіліс тапсаң ше?

Кейбір сөйлемдердің қуану немесе ренжу сияқты көңіл күйді білдіретініне назар аударту.

4-сынып: Қос сөздер

Слайдпен жұмыс

Суреттерді талдау арқылы жаңа тақырыпты түсіндіру: алуан-алуан, түрлі-түрлі сияқты сөздер қосарланып айтылған.

Мысалдар

жалт-жұлт алуан-алуан тасыр-тұсыр гүрс-гүрс

4) Оқулықпен жұмыс (бекіту және меңгерту)

4-сынып: 240–241-жаттығулар

240-жаттығу

Өлеңді оқып, күрделі сөздерді тап:

Қора-қора қой жатыр

Қарын-қарын май жатыр

Түйе-түйе жүк жатыр

Ауыл-ауыл ел жатыр.

241-жаттығу

Екі бағандағы сөйлемдердегі қарамен жазылған сөздерді салыстырып, мағынасына назар аудару.

2-сынып: 2–3-жаттығулар

2-жаттығу

Өлеңді мәнерлеп, дауыстап оқу.

  • Соңғы сөйлем қандай дауыспен оқылды?
  • Қандай көңіл күймен оқылды?
  • Қандай тыныс белгісі қойылған?

Ереже

Адамның көңіл күйін, сезімін білдіретін сөйлем лепті сөйлем деп аталады. Ол көтеріңкі дауыспен айтылады, соңына леп белгісі (!) қойылады.

Лепті сөйлем қуану, өкіну, бұйыру, тілек, ұран, таңдану, сескену, өтіну сияқты сезімдерді білдіреді.

3-жаттығу

Өлеңді мәнерлеп оқып, дәптерге көшіріп жазу. Лепті сөйлемдерді тауып, дауыстап оқу.

4-сынып: Қос сөздер туралы қорытынды ереже

Қос сөз — екі сөздің қосарланып айтылуынан жасалатын күрделі сөз түрі. Қос сөздер дефис арқылы жазылады.

дүркін-дүркін үп-үлкен

5) Сергіту сәті

Халық өлеңін дауыстап оқу. Оқып болған соң:

4-сынып

Өлең ішіндегі есте қалған қос сөздерді дәптерге жазу.

2-сынып

Өлеңнен лепті сөйлемдерді табу.

Өлең мәтіні

Жымың-жымың күлдірген,

Жып-жылмағай малта ғой.

Малта-малта малта қой,

Қайдан шықтың, айта ғой.

Тентек піспек түскені — ай,

Күлдір-күлдір піскені — ай!

Пісіп-пісіп толқыды,

Бетіне май көлкіді.

4-сынып: 242-жаттығу

Қос сөздерді теріп жазу, салыстыру, жасалу жолын анықтау.

буып-түйіп ыдыс-аяқ шығар-шықпас әлсін-әлсін бес-алты ойдым-ойдым саз-батпақ тура-тура

Ескертпе

Кейбір қос сөздердің екінші сыңары жеке қолданылмайды немесе мағынасы көмескі болуы мүмкін (көнерген не басқа тілден енген синонимдес элементтер).

2-сынып: сөйлем құрастыру

«Алақай», «қандай тамаша» тіркестерін қолданып, өз сезіміңе сүйене отырып лепті сөйлемдер құрастыр.

Назар аударайық

Лепті сөйлемнің соңына міндетті түрде ! белгісі қойылады.

6) «Сиқырлы ағаш» ойыны

Мақсаты

Оқушыларды сұраққа нақты әрі толық жауап беруге үйрету.

Шарты

Тақтаға қатты қағаздан жасалған алма ағашы ілінеді. Әр алманың сыртында тапсырма жазылады. Оқушы алманы алып, тапсырманы орындайды. Дұрыс орындаса — алманы өзіне қалдырады. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалайды.

Қызыл алмалар (4-сынып)

Сөз құрамындағы әріптердің орнын өзгерту арқылы басқа сөз жасау.

тарс-тұрс пыс-пыс лып-лып қарш-құрш сарт-сұрт сып-сып сылп-сылп сыр-сыр

Сары алмалар (2-сынып)

Берілген сөздерге сөйлем құрау және сөйлемнің үш түрін (хабарлы, сұраулы, лепті) қатыстырып қолдану.

7) Шығармашылық жұмыс

Берілген бір-біріне ұйқасы не қатысы жоқ сөздерді байланыстырып сөйлем құрастыр (екі сынып та орындайды).

Тапсырма 1

Домбыра, бұзау

Тапсырма 2

Доп, қар

8) Сабақты бекіту

2-сынып: семантикалық карта

Сөйлем түрлерін анықта: хабарлы, сұраулы, лепті.

Сөйлем Түрі
Бүгін мұз айдынына барасың ба? Сұраулы
Ертең шахматтан жарыс болады. Хабарлы
Алақай, бүгін менің туған күнім! Лепті

Сөйлем түрлерінің анықтамалары

  • Адамның көңіл күйін, сезімін білдіретін сөйлемді лепті сөйлем дейміз.
  • Жауап алу мақсатында айтылған сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз.
  • Бірдеңе жайында хабарлау мақсатында айтылған сөйлемді хабарлы сөйлем дейміз.

4-сынып: қос сөздерді табу

Мөлдір аспанда шөкімдей бұлт жоқ.

Жол шетінен анда-санда шоқ-шоқ қайың кездеседі.

Қорытынды

Қос сөздердің ережесін айту және мысал келтіру:

қора-қора бүгін-ертең әке-шеше үлкен-кіші алыс-жақын

9) Үй тапсырмасы

Оқулық бойынша тиісті жаттығуларды орындау (мұғалім нақты нөмірін бекітеді).

10) Бағалау

Сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы және ойын кезіндегі белсенділігі бойынша бағалау.