Өлеңнің мазмұнына байланысты сурет салу

Ақтөбе облысы • Әйтеке би ауданы

Северный орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: Жакупова Жұлдызай Сұлтанғалиевна

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі Пәнаралық байланыс: математика

Сабақ тақырыбы

«Мен соғысты жек көрем!»

Сабақтың өзегі — оқушыларға жер шары балаларының ортақ тілегі бейбітшілік екенін ұғындыру. Сонымен бірге шығармашылық қиялын жүйелеу, танымдық қабілетін арттыру, отансүйгіштікке баулу және ел мен ұлт намысын қорғаған батырларды сыйлап-құрметтеуге үйрету.

Көрнекілік және ресурстар

Суреттер

Тарихи деректерді визуалды қабылдауға көмектеседі.

Буклеттер

Негізгі ұғымдарды жинақтап береді.

Альбомдар

Сурет және мәтін арқылы талдау жасауға қолайлы.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сабаққа психологиялық даярлық жасау.
  • Үй тапсырмасын сұрау.
  • Ұлы Отан соғысы туралы деректермен танысу, сурет бойынша жұмыс жүргізу.
  • Қызығушылықты ояту: мұғалімнің «Мен соғысты жек көрем!» өлеңін оқуы.

2) Автор туралы мағлұмат

Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Бесқұдық ауылында дүниеге келген.

ҚазҰУ-ды бітірген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы.

3) Топтық жұмыс

1-топ

Өлең мазмұнына байланысты сурет салу.

2-топ

Өлең мазмұнына байланысты мақал-мәтел ойластыру.

3-топ

Өлең мазмұнына байланысты шағын әңгіме құрастыру.

4) Мағынаны ашу

Өлең оқылады. Оқи отырып, түсініксіз сөздердің астын сызу арқылы сөздік жұмысы жүргізіледі.

Дәптермен жұмыс (сөздік)

Қасірет
— басқа түскен уайым, қайғы.
Жырақ
— шалғай, алыс, қашық.
Ғұмыр бойы
— өмір бойы.

5) «Соңғы сөзді мен айтамын» әдісі

Әр топ өлең мазмұнына сай мақал-мәтелдер айтады.

«Батыр туса — ел ырысы, жаңбыр жауса — жер ырысы.»
«Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді.»
«Отан үшін отқа түс — күймейсің.»
«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады.»
«Ердің көркі — елімен, Отан көркі — жерімен.»
«Еліңді сүйсең — ерлік істейсің.»
«Жолдас қадірін жорықта білесің, дос қадірін соғыста білесің.»

6) Ой толғау

«Бәрінен де қымбат» тәсілі

Оқушылар үшін ең қымбат құндылықтарды атап, олардың бейбітшілікпен байланысын талқылау.

Болжау стратегиясы

«Талай өткен ғасырлар, еш соғыссыз өтпеген…» деген өлең жолдарындағы ойды өрбітіп, талқылау.

Оқушылар өлең мазмұнын өз сөздерімен айтып береді.

7) Өзіндік жұмыс

«Бейбітшілік» тақырыбында шағын әңгіме жазу.

Әр топтан 2–3 оқушы өз жазған әңгімесін оқып береді. Қосымша ретінде тақырыпқа сай өлеңдер оқылады.

8) Қорытынды, бағалау

Сабақ қорытындыланады, оқушылардың жұмысы бағаланады.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»

Үй тапсырмасы

Өлеңді мәнерлеп оқу.