Сүттің құнары мен құрамы

Жоба туралы мәлімет

Жоба авторы: ШҚО, Семей қаласы, №27 ЖОББМ КММ, 4 «В» сынып оқушысы Ерғалиева Аружан Қуатовна.
Жетекшісі: №27 ЖОББМ КММ бастауыш сынып мұғалімі Ахметқалиева Бақытгүл Ниғыметоллақызы.

Негізгі тақырып

Сүт тағамдары және оның денсаулыққа пайдасы

Сүттің құрамы мен құнарын салыстыру

Маусымға байланысты майлылық пен түсімнің өзгеруі

Сүт өнімдерін дайындау тәсілдері және денсаулыққа әсері

Аннотация

Бұл жұмыста жеке отбасылық шаруашылықтағы сиыр тұқымдары туралы мәліметтер жинақталды. Дүкенде сатылатын сүттің құнары мен құрамы салыстырылды.

Жыл мезгілдеріне байланысты сиырдың азығына қарай алынатын сүттің майлылығы өзгеретіні анықталды. Сонымен бірге сүттен және сүт өнімдерінен дайындалатын тағамдардың жасалу жолдары қарастырылды.

Сүт пен сүттен жасалған тағамдардың адам ағзасына тигізетін әсері туралы деректер жүйеленді.

Назар аударатын тұстар

Маусымдық айырмашылық

Сүт түсімі мен майлылығы жыл мезгіліне және азық құрамына тәуелді.

Тәжірибелік бағыт

Отбасылық шаруашылықтағы бақылаулар нәтижелері қорытындыланды.

Мазмұны

1. Негізгі бөлім

  1. 1.1 Жеке отбасылық шаруашылықтағы сиыр тұқымын ажырата білу
  2. 1.2 Сиырды бағып-қағудың ерекшеліктері
  3. 1.3 Сүт мөлшерінің (түсімінің) жыл мезгілдеріне байланысты өзгеруі
  4. 1.4 Сүттің құнары мен құрамы

2. Сүт тағамдары және жасалу жолдары

2.1 Уыз
2.2 Ірімшік
2.3 Сүзбе
2.4 Іркіт
2.5 Қаймақ
2.6 Май
2.7 Құрт
2.8 Сыр
2.9 Сарысу
2.10 Айран

3–5. Қорытынды бөлім

  • 3. Ақтың (сүттің) адам ағзасына тигізер пайдасы
  • 4. Қорытынды
  • 5. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Қазақ халқы үшін төрт түлік аса маңызды. Аман-саулық сұрасқанда «мал-жан аман ба?» деп қатар сұрауы да осының дәлелі. «Малды бақсаң, сиыр бақ — сүт кетпейді шарадан» деген нақыл сиыр малының халқымыз өміріндегі ерекше орнын айқындайды.

Сиырдың еті мен терісі ғана емес, сүті, тіпті сүйегі мен мүйізіне дейін кәдеге жараған. Халқымызда сүт — ақтық пен тазалықтың нышаны. Сондықтан «Сүттен ақ, судан таза» деп, ақтың қадірін жоғары қойған. «Ақты баспа, обал болады» деп тыйымдап, құрметтеген. Тіпті үйге кірген жыланға сүт құйып шығару сияқты наным-сенімдер де осы қадірлеумен байланысты.

Бүгінгі күні де сүтті күнделікті тағам ретінде тұтынамыз және сүттен дайындалатын тағам түрлерін жылдан-жылға жетілдіріп келеміз. Осы тақырыпты зерттеу барысында сиыр сүтінің құрамын, одан жасалатын құнарлы тағамдардың көптүрлілігін және олардың адам денсаулығына пайдасын тереңірек түсіндім.

Зерттеу мақсаты

Сүттің құрамын және сүттен жасалатын тағамдардың құнарлылығын зерттеп, адам ағзасына пайдасын қарастыру.

Міндеттері

  • Жеке отбасылық шаруашылықтағы сиыр тұқымдарын ажырата білу.
  • Сиырды бағып-қағудың ерекшеліктерін бақылау.
  • Жыл мезгілдеріне байланысты сүт түсімінің өзгерісін анықтау.
  • Сүт тағамдарының жасалу жолдарын үйрену.
  • Сүттің құнары мен құрамын анықтау.
  • Сүттің адам ағзасына тигізер пайдасын қарастыру.

1. Негізгі бөлім

1.1. Жеке отбасылық шаруашылықтағы сиыр тұқымы

Қазақ халқы сиырдың атасы, пірі — Зеңгі баба деп біледі. Сиыр дыбыстағанда мөңірейді, оны көбіне табынмен жаяды. Ел ішінде «әукім-әукім» деп шақырып, «шүу-шүу» немесе «өк» деп қайырып айдау қалыптасқан.

Жем-шөп жеп болған соң сиыр күйіс қайтарады (күйсейді). Жасына қарай бұзау, баспақ, тана, тайынша, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа деп аталады. Аналығы — сиыр. Қашар жасынан бастап бұзаулайды және төлін шамамен 9 ай көтереді.

Сиырда 4 емшек болады. Дәстүрлі сауғанда көбіне оң жағынан отырып сауады, ал сүт сауатын аппарат қолданылса, екі жағынан да саууға болады. Сауылатын сиырды екіге бөледі: бұзауын емізіп, идіріп сауатын сиыр — сауын сиыр, ал бұзаусыз сауылатын сиыр — саулы сиыр.

Әдетте тұқымдар шыққан жерінің атымен аталады және табиғи жағдайларға бейімделгіш келеді. Әр тұқымның артықшылығы мен кемшілігі бар: бір тұқым көп сүт береді, бірақ майлылығы төмен болуы мүмкін; екіншісінің сүті аздау болса да, майлылығы жоғары болады.

Сауын сиырлар көбіне 12–13 жылға дейін сауылады. Кейбір сиырлар тәулігіне 20 литрден артық сүт береді. Кей деректерде Ярослав тұқымының тәулігіне өте жоғары мөлшерде сүт беретіндігі айтылады. Сиырлар көктем мен жазда, әсіресе жаңа бұзаулаған кезде, сүтті көбірек береді де, күзге қарай суала бастайды.

Қорытынды

Жергілікті жердің сиыр тұқымдары, әдетте, көлемі жағынан кішілеу болуы мүмкін.

1.2. Сиырды бағып-қағудың ерекшелігі

Жеке отбасылық шаруашылықта сиырды жылына екі рет қанын алдырып, бруцеллез ауруына тексертеміз және түрлі аурулардың алдын алу үшін екпе салдырамыз. Қотырға қарсы укол да салынады.

Жазда сиырларды жан-жағы ашық қорада байлаймыз. Егер жабық қорада ұзақ жатса, сиырдың күйісі бұзылып, қотырға шалдығу қаупі артады. Жайылған кезде сиырлар табынмен бірге өрісте жайылады. Кешке үйге келгенде сарысу ішкіземіз.

Күзде күн суыта бастағанда сиырларды жылы қораға байлаймыз. Қораны күніне екі рет тазалап, суарамыз. Тәулігіне үш рет шөп беріп, бір рет жем береміз.

1.3. Сүт мөлшерінің жыл мезгілдеріне байланысты өзгеруі

Сиыр, әдетте, жылына бір рет бұзаулайды. Кейде бұзауламай қалса, оны «қысыр қалды» дейді. Биыл біздің отбасылық шаруашылықтағы сиырлар бұзаулады. Олар — саулы сиырлар.

Туған кезде және жаз айларында сүт түсімі мол болады. Ал күн суыта бастағанда (күз айларында) сүт азайып, сиыр бойына жинақтай бастайды. «Сиырдың сүті тілінде» дегендей, осы кезеңде жем-шөпті молайтса, сүт түсімі де арта түседі.

Қорытынды

Жыл мезгіліне байланысты сиыр сүтінің тәуліктік мөлшері өзгеріп отырады. Жазда шөп мол болғандықтан, сүт түсімі де артатыны байқалды.

1.4. Сүттің құнары мен құрамы

Сүт — табиғаттың берген ерекше сыйы. Ол сүтқоректі жануарлардың сүт бездерінен бөлінетін секрециялық сұйықтық және аса бағалы тағамдық өнім.

Сүтті жаңа туған нәрестеден бастап егде жастағы адамдарға дейін тұтынады. Сүттің өзі және одан өндірілетін өнімдер жеңіл сіңімді болып, адам ағзасы үшін өте пайдалы тағам саналады.