Этикеттік сөз орамдарының мағынасын түсіне білуі
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың пікірталас туралы дүниетанымын кеңейту, пікірталасқа қатысты тірек сөздерді меңгерту.
Тәрбиелік
Оқушыларды пікірталас мәдениетіне баулу, жаңа білім алуға мотивация қалыптастыру.
Дамытушылық
Топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, өз көзқарасын дәлелдеп, тұжырымдап айту біліктілігін жетілдіру.
Сабақтың құрылымы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Топқа бөлу: Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін тармақтарға бөліп, сол бойынша топтастыру.
- Сарапшыларды тағайындау: 2 минут.
- Кіріспе: мұғалім сабақтың мақсаты, жоспары және тақырыптың маңызы туралы қысқаша түсіндіреді (1 минут).
2) Негізгі бөлім: топтық жұмыс тапсырмалары
Әр тапсырма қысқа уақыт ішінде орындалып, топ ішінде талқыланады. Сарапшылар бағалау критерийлеріне сүйеніп қорытынды жасайды.
1-тапсырма: «Пікірталас мәдениеті» ұғымын анықтау
«Пікірталас мәдениеті» дегенді қалай түсінесіздер? Осы ұғымды ашатындай ереже-анықтама құрастырып жазыңыздар.
Мақсаты
Тақырыпты меңгеруге мотивация қалыптастыру.
Бағалау критерийлері
- Термин сөз бен оның мағынасын байланыстырып айта алуы.
- Ойын дәлелдеп, нақты жеткізе алуы.
2-тапсырма: топ атауын таңдау және таныстыру
Сабақ тақырыбымен байланыстыра отырып, тобыңызға ат қойыңыздар. Осы атауды таңдаудың себептерін дәйектеңіздер. Топ мүшелерін таныстырыңыздар.
Мақсаты
Оқушылардың ассоциациялық ойлауын дамыту.
Бағалау критерийлері
- Ойды жинақтап, пікірін дәйектей алуы.
- Таныстыруға қажетті сөз этикетін дұрыс әрі жүйелі қолдануы.
3-тапсырма: өмірден кездесетін пікірталас түрлері
Күнделікті өмірден, БАҚ-тан немесе мерзімді баспасөзден кездесетін пікірталас түрлерін жазыңыздар.
Мақсаты
Тақырыптың өмірмен байланысын көрсету.
Бағалау критерийлері
- Мәселені талқылау нәтижесінде ортақ түйін жасай алуы.
- Өзіне таныс құбылыстарды саралап, жүйелі айта алуы.
4-тапсырма: пікірталас атауларын жұптау (қазақша–орысша)
Экранда берілген атауларды аудармасымен жұптап жазыңыздар.
Берілетін сөздер
Сөзталас, ойталқы, атыс, ойкөкпар, пікірсайыс, дөңгелек үстел, диспут, айтыс
Берілетін сөздер
круглый стол, полемика, дебат, спор, дискуссия
Мақсаты
Пікірталас түрлерінің атауларын меңгерту.
Бағалау критерийі
- Термин сөздің мағынасын түсіне алуы.
Оқушылар жауап бергеннен кейін дұрыс нұсқа экраннан көрсетіледі.
5-тапсырма: пікірталасқа қатысушыға қойылатын талап
Пікірталасқа қатысушыға қойылатын талаптарды оқып, соның ішінен өздеріңіз ең маңызды деп санайтын бір талапты таңдап, түсіндіріңіздер.
Мақсаты
Пікірталас мәдениетінің талаптарымен таныстыру.
Бағалау критерийлері
- Талаптардың мәнін түсінуі.
- Ойын дәлелдей алуы.
Пікірталасқа қатысушыға қойылатын талаптар
- Тақырыптан ауытқымау.
- Өзіндік айқын көзқарас пен позицияның болуы.
- Өзін-өзі дұрыс ұстай білу.
- Сөйлеу шеберлігі.
- Жоғары мәдениеттілік: сөзге тоқтау, дауыс көтермеу, ашуланбау.
- Қарсыласын да, аудиторияны да сыйлау.
- Жеке намыспен қатар ортақ пікірге мүдделілік таныту.
- Қарсыласына кезек беру.
- Регламент сақтау.
6-тапсырма: пікірталаста қолдануға болмайтын сөз орамдары
Берілген сөз орамдарының қайсыларын пікірталас барысында мүлде қолдануға болмайды деп санайсыздар? Себебін шешендік пен сөз мәдениеті тұрғысынан дәлелдеңіздер.
Мақсаты
Алған білімге сүйеніп, пікірталастағы сөз орамдарын талғап қолдануға үйрету.
Бағалау критерийлері
- Этикеттік сөз орамдарының мағынасын түсінуі.
- Өз пікірін өткен материалдарға сүйене отырып дәлелдеуі.
1-топқа ұсынылатын сөз орамдары
- Менің ойымша...
- Сіз бір нәрсеге мән бермей тұрған сияқтысыз.
- Сөзіңізді нақтылай түспес пе екенсіз...
- Бұлай деуге мүлде болмайды.
- Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні неде?
2-топқа ұсынылатын сөз орамдары
- Сіздіңше, барлық шиеленіс біздің әрекетімізден басталады екен ғой...
- Басқа пәле тілден деген, байқап сөйлеңіз, әйтпесе...
- Сөзіміз сұлу сарайдай, бірақ жылуы қандай?
- Ойланайықшы...
7-тапсырма: демократиялық қоғамдағы пікірталастың маңызы
Серік Негимов пен Бернард Шоудың ойларын тірек етіп, бұған дейін айтылған пікірлеріңізге сүйене отырып, демократиялық қоғамдағы пікірталастың маңызы туралы қорытынды тұжырым жазыңыздар.
Мақсаты
Сабақта алған білімді қорытындылау.
Бағалау критерийлері
- Дәйексөзді орынды қолданып, өз сөзімен сабақтастықта жеткізе алуы.
- Айтылған ойлардан түйін жасай алуы.
«Шешендіктің анасы — демократия».
«Екі адамның қолында бір-бір алма болса, алма алмасқанда екеуінде де бір-бірден алма қалады. Ал екі адамның қолында бір-бір ой болса, ой алмасқанда әрқайсысында екі-екіден ой қалыптасады».
Сабақты қорытындылау
Оқушылар білімін бағалау
Сарапшылар тапсырмалар бойынша бағалау критерийлеріне сүйеніп, топтардың жұмысын қорытындылайды.
Келесі қадам
Үй тапсырмасындағы сұрақ арқылы келесі сабаққа қызығушылық пен зерттеу бағыты айқындалады.