Сабақты қортындылау
Музыка пәні · 6-сынып · Жаңа сабақ (интерактивті)
Қазақстан композиторларының вокалдық музыкасы: ән-романс жанры
Бұл сабақта Қазақстандағы кәсіби вокалдық музыканың қалыптасуындағы ән-романс жанрының орны қарастырылады. Оқушылар романс табиғатын сезініп, әуен иірімдерін дұрыс естуге, орындаушылық дағдысын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар орындайды.
Сабақтың мақсаты
- Қазақстандағы ән-романс жанрына жол салған композиторлардың шығармашылығын жүйелі талдау; еркін, нақты сөйлеу дағдысын қалыптастыру; оқушы белсенділігін арттыру.
- Жанрмен таныстыру арқылы танымдық әрекетті дамыту; мелодиялық ерекшеліктерді сезіну, ән иірімдерін дәл есту қабілетін жетілдіру; дұрыс орындауға машықтандыру.
- Ән-романстарды тыңдау арқылы Отанды сүюге, рухани-адамгершілік құндылықтарға, еңбекқорлыққа, мейірім мен өнерге жақын тұлға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен құралдар
Көрнекіліктер
Презентациялық слайдтар, суреттер.
Құралдар
Ноталар, тақта, интерактивті тақта, оқулық.
Сабақ форматы
Жаңа сабақ · Интерактивті сабақ
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Тестілеу
- Сөзжұмбақ шешу
- Оқулықпен жұмыс
Сабақтың барысы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру.
-
II. Үй жұмысын тексеру
Музыкалық сауат бойынша қысқаша сұрақ-жауап.
-
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Ән-романс жанры және қазақ композиторларының үлесі.
-
IV. Тақырыпты бекіту
Тапсырмалар, тыңдалым және талдау.
-
V. Үй тапсырмасы
Оқулықпен жұмыс және қосымша сұрақтар.
-
VI. Қорытындылау және бағалау
Сабақ нәтижесін жинақтау, кері байланыс.
Үй жұмысын тексеру: негізгі ұғымдар
1) Аккорд дегеніміз не?
Аккорд — бір уақытта естілетін, белгілі тәртіппен орналасқан үш немесе одан да көп дыбыстардың үндестік үйлесімі. «Аккорд» сөзі итальян тілінде «үйлестіру», «үндестіру» деген мағынаны білдіреді.
2) Үш дыбыстан тұратын аккорд қалай аталады және ол нешеге бөлінеді?
Үш дыбыстан тұратын аккорд үшдыбыстық (трезвучие) деп аталады. Мұнда дыбыстар терция интервалдары арқылы орналасады. Құрылымдық ерекшелігіне (терциялардың тондық өлшемі мен орналасу тәртібіне) қарай төрт түрге бөлінеді:
- Үлкен (мажорлық)
- Кіші (минорлық)
- Үлкейтілген
- Кішірейтілген
Үлкен және кіші үшдыбыстықтар көбіне жағымды естіліп, консонанстық үндестік құрайды. Үлкейтілген және кішірейтілген үшдыбыстықтар көбіне диссонанстық бояу береді.
3) Фраза дегеніміз не?
Фраза — музыкалық ойдың мағыналық жағынан аяқталған бөлшегі.
4) Фермата дегеніміз не?
Фермата — дыбысты (немесе паузаны) еркін созып орындау белгісі.
5) Вибрация дегеніміз не?
Вибрация — дыбысқа толықтық пен жылылық беретін тербеліс тәсілі.
Жаңа тақырып: ән-романс жанры
Қазақстандағы кәсіби вокалдық музыка тарихында ән-романс жанры ерекше орын алады. Романс — бастапқыда испан ақсүйек қауымында тараған поэтикалық-лирикалық ән үлгісі.
Музыкалық сауат
- Каденция
- Музыкалық шығарманы аяқтауға арналған әуендік немесе гармониялық құрылым. Вокалдық және аспаптық музыкада шығарманың соңына қарай еркін орындалатын, виртуоздық сипаттағы көрініс ретінде де кездеседі.
- Фактура
- Музыкалық шығарманы жазу және мазмұндау тәсілі. Мысалы, сүйемелдеу әуен түрінде де, аккордтық құрылым ретінде де берілуі мүмкін.
Ән-романс жанрына үлес қосқан композиторлар
Ахмет Жұбанов
Академик, профессор, өнертану ғылымының докторы, қазақтың алғашқы кәсіби композиторларының бірі. Ол әр жанрда көптеген шығармалар жазып, музыкатану саласында құнды еңбектер қалдырды: «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары».
Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрін құрып, оның алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды.
Мұқан Төлебаев
Қазақтың дарынды композиторы, ұлттық кәсіби музыканың негізін салушылардың бірі. Оның «Біржан – Сара» операсы осы жанрдағы биік деңгейде жазылған таңдаулы шығармалардың қатарында.
Операда өмірде болған екі өнер саңлағының аңызға айналған айтысы, оларды қоршаған орта мен әлеуметтік жағдайлар музыка тілімен көркем бейнеленеді. Мұқан Төлебаев — Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі.
Нұрғиса Тілендиев
Дарынды композитор, дирижер және домбырашы. Ол фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрін құрып, көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды.
Нұрғиса Тілендиев халыққа кеңінен танымал ән-романстардың авторы: «Алатау», «Құстар қайтып барады», «Әже туралы ән», «Өз елім», «Әке туралы жыр», «Саржайлау», сондай-ақ Абай сөзіне жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім».
Шәмші Қалдаяқов
Қазақстанның халық әртісі, ән жанрында кең танылған композитор. Оның әндері республиканың барлық өңіріне кең таралып, әсем саздылығымен тыңдарман жүрегіне жақын болды.
Танымал шығармалары: «Ақмаңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Менің Қазақстаным», «Қайықта», «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр» және т.б.
Латиф Хамиди
Қазақ кәсіби музыкасының негізін салушылардың бірі. Ол Б. Ғизатовпен бірлесіп тұңғыш «Домбыра үйрену мектебі» атты оқу құралын жазды.
Латиф Хамиди «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерімен қатар, «Отан», «Аққу», «Алтын бидай», «Романс», «Алматы», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Лаула, костёр», «Жайлауым – бақша жайнаған» сияқты ән-романстар жазды. Ол Қазақстандағы вальс жанрының негізін салушылардың қатарында.
Қысқаша түйін
Ән-романс жанры Қазақстандағы кәсіби вокалдық музыканың дамуына жол ашты. Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Латиф Хамиди сияқты композиторлар ұлттық әуен мен лирикалық сезімді ұштастырып, вокалдық өнердің көркемдік мүмкіндігін кеңейтті.