Сабақ кезеңдерімен таныстыру. Ұйымдастыру кезеңі
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ селосы
Туребеков Ерланғали Төреғалиевич • Бейнелеу өнері • 5-сынып
Сабақ тақырыбы
Адам кейпін (портретін) бейнелеудің әдіс-тәсілдері
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларды бейнелеу өнері жанрларымен жүйелі түрде таныстыру.
Дамытушылық
Адам тұлғасын бейнелеудегі негізгі әдіс-тәсілдерді меңгерту, пропорция мен құрылымды байқап салуға дағдыландыру.
Тәрбиелілік
Сұлулық тәрбиесін қалыптастыру, табиғат пен өнердегі әсемдікті түсініп, бағалай білуге баулу.
Көрнекіліктер мен ресурстар
- Иллюстрациялар, дидактикалық материалдар, альбом-кітаптар
- Интерактивті тақта, ActivInspire, флипчарт материалдары
- Қағаз, қарындаш, өшіргіш және қосымша құралдар
- Бейнетаспа: youtube.com/watch?v=Qp1xIQ_Xo6Y
Сабақ форматы және пәнаралық байланыс
Сабақ түрі
Аралас сабақ.
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, ана тілі, жаратылыстану.
Сабақ жоспары
I. Кіріспе бөлім
- Ұйымдастыру кезеңі
- Білімдерін тексеру
II. Негізгі бөлім
- Жаңа тақырыпты түсіндіру
- Машықтық жұмыс
- Сергіту сәті
- Ойын
- Тапсырма
III. Қорытынды бөлім
- Сабақты қорытындылау
- Оқушылардың білімдерін бағалау
- Үй тапсырмасы
I. Кіріспе бөлім
1) Ұйымдастыру
Мұғалім оқушылармен амандасады. Оқушылар шеңберге тұрып, бір-біріне тілек айтады. Тренинг арқылы топқа бөлініп отырады.
Оқушылар оқу құралдарын (кітап, альбом, дәптер, қалам) дайындап, сабаққа назар аударады. Сабақтың мақсаты мен кезеңдері таныстырылады.
2) Білімдерін тексеру
Тапсырма (флипчарт):
«Сәйкестігін тап»
- 1) Қуаныш
- 2) Қорқыныш
- 3) Арманшыл
- 4) Ашулы
- 5) Таңғалу
Сұрақ-жауап:
Адамның бет-әлпетін бейнелейтін көркем шығарма қалай аталады?
Жауабы: Портрет
II. Негізгі бөлім
1) Жаңа тақырыпты түсіндіру
Егер суретте адам бейнеленсе, ол жанр портрет деп аталады.
Натюрморт салу салыстырмалы түрде жеңілірек: заттар қозғалмайды. Ал адам басын салғанда қиындықтар жиі кездеседі, себебі адам бір орында ұзақ отыра алмайды. Сондықтан портретте ең бастысы — жылдам бақылау және дәл нобай.
Жаттығу үшін алдымен бірнеше долбар (нобай) сурет салып, гипстен жасалған басты бейнелеу арқылы пропорцияларды анықтап үйренеміз. Осыдан кейін тірі адамның портретін салуға көшуге болады.
Бейнематериал:
youtube.com/watch?v=Qp1xIQ_Xo6Y
Портрет салудың 4 кезеңі
1-кезең: Жалпы пішін және пропорция
Суреттің сәтті шығуы осы кезеңнің дұрыс орындалуына байланысты. Бұл — суреттің іргетасы, жобасы. Алдымен бастың жалпы пішінін қағаз бетіне жұмыртқа тәрізді етіп орналастырып, ортаңғы тік ось сызығын жүргіземіз.
Бетті шартты түрде үш бөлікке бөлеміз: иек–мұрын ұшы, мұрын ұшы–қас, қас–шаш өсіндісі аралығы шамалас болады. Осы тірек нүктелерінен көз осіне параллель көмекші сызықтар жүргізіп, негізгі пропорцияларды белгілейміз: көздің шеткі нүктелері, құлақ сұлбасы, мұрын ұзындығы.
2-кезең: Негізгі мүшелердің құрылымы
Бұл кезеңде бет мүшелерінің жалпы пішінін құрылымдап саламыз. Мұрынның сызықтық қаңқасын анықтаймыз: мұрынның көлденең ені шамамен көздің ұзындығына тең.
Мұрынды салумен қатар құлақ құрылысын да ескереміз: құлақ пен мұрын ұзындығы шамалас, деңгейлері сәйкес келеді. Көзді міндетті түрде екеуін қатар салып, симметрияны сақтаймыз. Құлаққа да осы қағиданы қолданамыз.
Ауыз деңгейін табу үшін мұрын мен иек аралығын үшке бөлеміз: ауыз әдетте жоғарғы бөлікке орналасады, ал бөлгіш сызық ауыздың осі ретінде алынады.
3-кезең: Көз жанары және ұқсастық
Бұл кезеңде көзді салуға ерекше көңіл бөлінеді. Портреттің адамға ұқсауы көбіне көз жанарын шебер бейнелеуге байланысты.
4-кезең: Жинақтау және біртұтас рең
Соңында бастың жалпы пішінін бір реңге бағындырып, жұмысты жинақтаймыз. Бітер тұста тұтас көру қабілеті (көлемді көру) өте маңызды: артық сызық, шамадан тыс қою көлеңке немесе орынсыз жарық қалмауы тиіс.
2) Сергіту сәті
Флипчарт арқылы сергіту жаттығуына арналған бейнематериал көрсетіледі: youtube.com/watch?v=J846twhH8PA
3) Ойын: «Мозайка»
Екі топқа бөлінген оқушылар төрт бөлікке бөлінген суреттерді құрастырып, бүтін бейнені жинайды. Мақсаты — бейнені тұтас көру, бөлшек пен бүтіннің байланысын түсіну.
4) Машықтық тапсырма
Жоғарыдағы кезеңдік әдістерді пайдаланып, берілген үлгі суреттерге сүйене отырып адам портретін салыңыз немесе қарсы отырған сыныптасыңыздың кейпін бейнелеуге тырысыңыз.
III. Қорытынды бөлім
Талдау және бағалау
Әр топ бір-бірінің жұмыстарын талдайды: суреттің мазмұны, портрет құрылымы, бейненің мінез-құлқын ашуы, пропорция мен дәлдік деңгейі бойынша пікір білдіріп, бағалайды.
Үй тапсырмасы
«Досымның бейнесі» тақырыбына портрет салу.