Қандай сыйлық
Сабақ туралы мәлімет
- Білім беру саласы
- Таным
- Оқу іс-әрекет түрі
- Математика
- Тақырыбы
- Ойыншықтар дүкені
- Мақсаты
- Балаларды геометриялық пішіндерге сәйкес қоршаған ортадан заттарды табуға үйрету, оларды күнделікті өмірдегі заттармен салыстыру: дөңгелек — доп, алма, жүзім, шар; үшбұрыш — сәбіз, алмұрт; сопақша — балық, банан. Қарапайым математикалық мазмұндағы ойындарға қызығушылығын арттыру, зейінін дамыту.
- Әдіс-тәсілдер
- Ертегі терапиясы, ой қозғау, сұрақ-жауап, ойын
- Түрі
- Өткен білімді тиянақтау
- Типі
- Ойын іс-әрекеті
- Пәнаралық байланыс
- Айналамен таныстыру
- Қажетті көрнекіліктер
- «Ойыншықтар дүкені» бұрышы; қоян, аю, түлкі бетперделері (қолғап театрына арналған); аю, қоян, түлкінің суреттері; сәбіз, жүзім, балық бейнелері.
Мотивациялық-қозғаушы кезең
Ертегіден үзінді: «Таңғажайып сыйлық»
Көктем келіп, күн жылынған соң, қыс бойы апанда жатқан қонжық далаға шығады. Оның тезірек дос тауып, бірге ойнағысы келеді. Бір кезде бұтаның түбінен қоян шығады.
Қонжық: «Қоян, қоян, екеуміз дос болып, бірге ойнайықшы!»
Қоян: «Кешір, қонжық, ойнауға уақытым жоқ. Анам мен әжеме сыйлық іздеп жүрмін».
Қонжық: «Ол қандай сыйлық?»
Қоян: «Сыйлығым ұзынша әрі қызғылт болуы керек», — дейді де, секіріп кетеді.
Қонжық ойланып келеді. Алдынан жүгіріп бара жатқан түлкіні көреді.
Қонжық: «Түлкі, түлкі, екеуміз дос болып ойнайықшы!»
Түлкі: «Кешірші, қонжық. Мен де анам мен әжеме сыйлық іздеп жүрмін».
Қонжық: «Қандай сыйлық? Ұзынша ма?»
Түлкі: «Жоқ, ұзынша емес. Домалақ сияқты. Түстері де әртүрлі болуы керек», — дейді.
Қонжық мүлде түсінбейді: бәрі аналары мен әжелеріне сыйлық іздеп жүр. «Мен де анама, әжеме сыйлық жасасам ғой... Не істесем екен?» — деп ойға қалады.
Осы жерден ертегіні уақытша тоқтатып, балалармен бірге ойланайық.
Ізденімпаздық-ұйымдастырушылық кезең
Ой қозғау
- Анамыздың мерекесіне біз қандай сыйлық береміз?
- Гүлдердің ішінен соған ұқсас гүлді тауып көрсете аламыз ба?
- Бұл гүлдің түсі қандай? Күлтешесі қандай пішінге ұқсайды?
«Ойыншықтар дүкені» бұрышында бақылау
Қоянның кәрзеңкесі
Сәбіздің түсі қандай? Пішіні ше? Балалар қояндардың сәбізді жақсы көретінін байқайды.
Түлкінің жанындағы заттар
Мұнда не өсіп тұр? Түстері қандай? Пішіндері ше? Түлкінің жүзімді ұнататынын айтамыз.
Аюдың қасындағы шелек
Аю қонжықтарымен отыр. Қасында шелек бар. Шелектің ішінде не бар екенін қарайық: балық. Балық қандай пішінге ұқсайды?
Қорытынды сұрақтар және тапсырма
Қоянның анасы мен әжесіне сыйлық ретінде не керек деп ойлайсыңдар?
Ал түлкіге ше?
Қонжық анасына қандай сыйлық сыйлай алады?
Іс-әрекет
Балалар қоянға сәбізді, түлкіге жүзімді, қонжыққа балықты әкеліп, арнайы ыдысқа салады.
«Рақмет, балалар! Сыйлықтарды тез табуға көмектестіңдер. Ендеше аюға барып, бәріміз бірге ойнайық!»
Пішіндерді қоршаған ортадан табу
Балалар бөлме ішінен үшбұрышқа, дөңгелекке, сопақшаға ұқсайтын заттарды іздеп табады.
Ойын: «Не жетпейді?»
Шарты: тақтада ілулі тұрған аңдардың жетіспейтін құлақтарын тауып, дұрыс орынға жапсыру.
Рефлексиялық-коррекциялық кезең
Кеңістікті бағдарлау ойыны: «Ұшақтар»
Әр балаға шар беріледі. Шардың пішіні қандай? Біз оған ауа толтырғанда, ол дөңгелек пішінге айналады. Қолымызды көтеріп, «ұшақты» ұшырамыз.
Сұрақтар
- Ұшақты қайда ұшырдық?
- Жоғарыда тағы нелер болады?
- Ұшақ қайда қонады?
- Жерде нелер бар немесе нелер өседі?
Қорытынды
Біз бүгін қоянға, түлкіге, қонжыққа көмектесе отырып, үшбұрыш, дөңгелек, сопақша туралы білімімізді толықтырдық. Балалар белсенді қатысып, сұрақтарға нақты жауап берді.
Күтілетін нәтиже
Білуі тиіс
- Заттарды пішіндері бойынша ажырата алады.
- Кеңістікте бағдарлаудың алғашқы дағдыларын атайды.
Жасай алуы тиіс
- Өзінің іс-әрекетіне баға береді.
- Қоршаған ортадан геометриялық пішінге ұқсас заттар тобын құрастырады.