Қуан балам
«Менің тілім — қазақ тілі»
Бұл сыныптан тыс іс-шараның өзегі — мемлекеттік тілдің мәртебесін ұлықтау, ана тілімізді сүюге тәрбиелеу және әр ұлттың салт-дәстүрі, діні мен тілдік ерекшелігі болатынын ұғындыру.
Тәрбиелік бағыт
Оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін, саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу.
Дамытушылық бағыт
Ой-өрісті кеңейту, дүниетанымды тереңдету, сөздік қорды молайту және көпшілік алдында еркін сөйлеуге баулу.
Тілдік білім
Тіл туралы білімді жетілдіру, туған жерге және мемлекеттік тілге құрмет сезімін қалыптастыру.
Көрнекіліктер
- Плакаттар: «Жасай бер, ана тілім — қазақ тілі!», «Қазақ тілі — ұлт тілі»
- Магнитофон
- Шарлар
- Ұлттық киімдер
Бағдарлама құрылымы
- 1 Жүргізушілердің кіріспе сөзі және мерекелік бағдарламаны таныстыру
- 2 Тәуелсіздік пен мемлекеттік тіл мәртебесіне арналған өлеңдер, тақпақтар
- 3 Ұлттық би: «Қаражорға»
- 4 Сахналық көрініс: бата беру рәсімі
- 5 Мақал-мәтелдер сайысы және викторина
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, қонақтар және оқушылар! Бүгінгі мерекелік шара ана тілімізді ұлықтауға арналады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, көптен күткен арманымыз орындалды.
2-жүргізуші
Тілдер мерекесіне арналған 2-сынып оқушылары даярлаған бағдарламаны назарларыңызға ұсынамыз.
Иә, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі және тілдік болмысы бар. Ұлттық тәрбие ананың сүтімен, әлдиімен, ананың тілімен басталады.
Тілім менің! Тілім үшін мың өліп, тірілді елім, Арымменен қатар қойып ардақтыны, Тілді қорғау — парызым бүгін менің.
Өлеңдер мен тақпақтар
Анар — «Мен қазақтың баласы!»
Тақпақ айтам — жаттап ал,
Көкейіңе сақтап ал!
Туған тілім — айбарым,
Одан ыстық жоқ маған.
Туған жердің төсінде,
Гүлдей жайнап өсемін.
Ата-анамды қуантып,
Биіктерге жетемін.
Батырлық бар тегімде,
Көк байрағым көгімде.
Әнұранды жатқа айтам,
Елтаңбам тұр төрімде.
Елордасы — Астанам,
Саған айтам асқақ ән.
Әрқашан да қазақ боп,
Туғаныма мақтанам!
Өзіңдікі туың да,
От пен ауа, суың да.
Жаса, Қазақстаным,
Белді бекем буын да!
Елтаңбасы елімнің неткен көркем, әдемі,
Тұнығындай көңілдің ортада аспан әлемі.
Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Мәңгі-бақи шырқалады Республика Әнұраны.
Данияр
Әрбір тілде сөйле, әлемді таң қылып,
Қазақ тілін білмеу қандай заңдылық?
Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Жансая
Қазақ тілің — атаң, анаң,
Қуат алар отан да одан.
Дүниеде ешбір асыл
Тең келмейді қатар оған.
Аружан
Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін!
Серпіп таста, мұңды жүрек тұңғиығын!
Тіл туралы заңым енді күшінде,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін!
Қуан, бабам! Қуанатын күн бүгін!
Сол үшін де «халық жауы» атандың-ау,
Ғұмырыңды құрбан етіп жолыңда.
Аян
Қуан, анам! Ұстазыңнан сүйініп,
Сәтің де көп кеткен кейде түңіліп.
Ақ сүтіңмен бойға біткен тіліңді
Пір тұтамын, мен алдыңа иіліп.
Қуан, балам! Туған тілдің киесі,
Жебеп сені болғаныңа иесі.
Тек мұнымен бітпейтінін ұғып өс,
Дүниеде тіршіліктің күресі.
Көркем
Қуан, халқым! Күшіне енді тіл заңы,
Сүйінші деп ақын ұлың жырлады.
Ел елдігі бағаланар тілімен,
Сол арқылы құлпырады гүл бағы.
Тіл тұлғаларын тану
Сұрақ-жауап 1
Туып-өскен Торғайдың даласында, қайран елі — қазағы санасында, тілі үшін жазықсыз жапа шеккен арысың кім?
Жауап: Ахмет Байтұрсынұлы
Сұрақ-жауап 2
Елім деп соққан жүрегімен қазақ тілін терең зерттеп, танытқан ғұламаның есімі кім?
Жауап: Құдайберген Жұбанов
Өнер бөлімі
Ұлттық би
Көрермен назарына қазақтың ұлттық биі ұсынылады: «Қаражорға».
Сахналық көрініс
Қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін шағын көрініс: бата беру рәсімі. Батаны әдетте жасы үлкен, көпті көрген ақсақал береді.
Бата беру рәсімі (көрініс мәтіні)
Қатысушылар
- Ақсақал — Мұхамметәлі
- Қария — Батырхан
- Бойжеткен — Көркем
- Балалы келіншек — Аружан
- Күйеуі — Сағындық
Көрініс 1: сусын ұсынған бойжеткенге бата
Талдай бой берсін,
Жақсы ой берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаңа шуақ болсын,
Ағаңа қуат болсын.
Нәзік жанды болсын,
Еліңнің ары болсын.
Басыңа өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
Көрініс 2: нәрестеге бата
Келіншек
Армысыз, ата! Мына нәрестеге бата сұрай келдік.
Ақсақал
Қолыңды жай, балам!
Нәрестенің бауы берік болсын.
Азамат болып ер жетсін.
Ақсақал болып төрлетсін.
Мінері болсын салмақты,
Өнері болсын жан-жақты.
Осы айтқанның бәрі келіп,
Алла берсін зор бақты!
Әумин!
Ана тіл туралы толғаныс
Анар
Ана тілім — бақытым. Қазақ тілін білу — менің парызым.
Тілім — ұмытылмас тірлігім. Кім біледі тіліміздің тағдырын?
Қазақ тілін жаныммен сүйемін. Қазақ болып қалу үшін түбінде.
Қазақ тілім, бас иемін мен саған. Мемлекеттік тілімізді сыйласақ, қазақ тілі біз үшін жаралған.
Диана
Тіліміздің тарихы — терең. Өткеніне көз жүгіртсең, сан тарау сырға толы.
Тіл — қасиетті ұғым. Қазақ тілі — жырлайтын жырым, сақтайтын сырым.
Тілім деп мақтан тұтқан бабалардың өсиетін ұмытпайық.
Айшат
Тіліміздің мәртебесі биік. Қазақ тілі — қазағымның мәңгілік мұрасы.
Қазақ тілім — бар гүлім. Бар күнім саған арналады.
Ана тілін ұмытпасаң, пәктік те, тамыр да жоғалмайды.
Мақал-мәтелдер сайысы
Оқушылар екі топқа бөлініп, тіл туралы мақал-мәтелдерді жалғастыру арқылы білімдерін сынайды.
1-топ
- Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
- Дәлелсіз сөз — желмен тең.
- Ине көзінен сынады, шешен сөзінен сынады.
- Піл көтермегенді — тіл көтереді.
- Сөз тапқанға — қолқа жоқ.
- Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл.
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ.
- Қаһарлы сөз — қамал бұзар.
- Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
- Айтылған сөз — атылған оқпен тең.
2-топ
- Бал тамған тілден — у тамған.
- Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар.
- Жақсы сөз — жарым ырыс.
- Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.
- Тіл қылыштан — өткір.
- Ана сүті бой өсіреді, ана тілі — ой өсіреді.
- Жыланның уы тісінде, адамның уы — тілінде.
- Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей — шешен боларсың.
- Тілден артық — қазына жоқ.
- Сүңгі жарасы бітер, тіл жарасы бітпес.
Викторина: мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтар
Оқушылар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін сұрақтарға жауап беру арқылы көрсетеді.
1-топ сұрақтары (жауаптарымен)
- ҚР қашан тәуелсіздік алды? 1991 жыл, 16 желтоқсан.
- Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? Тоқтар Әубәкіров.
- Шоқан Уәлихановтың әжесі кім? Айғаным.
- «Еркіннің еңбегі» әңгімесінің басты кейіпкері кім? Еркін.
- Қандай ұлттық тағамдарды білесің? Қазы-қарта, жал-жая, бесбармақ, қымыз, шұбат.
- Дыбыстың неше түрі бар? 2.
- «Қазақ хрестоматиясын» жазған кім? Ыбырай Алтынсарин.
- Күй атасы кім? Құрманғазы.
- Диалог деген не? Екі адамның сөйлесуі.
- Қазақ тілі әліпбиінде неше әріп бар? 42.
2-топ сұрақтары (жауаптарымен)
- Қазақ тілі алғаш мемлекеттік мәртебесін қай жылы алды? 1989.
- Абайдың туған жылы? 1845.
- «Шеше мен бала» шығармасының авторы кім? Ыбырай Алтынсарин.
- «Ақылды» сөзінің түбірі? Ақыл.
- Қазақ әліпбиін жасаған ғалым кім? Ахмет Байтұрсынұлы.
- Ұлттық киімдер қалай аталады? Тақия, бешпент, қамзол, сәукеле, тон, ішік, кимешек (т.б.).
- Беташар қашан айтылады? Келін түскенде.
- Тұңғыш кемеңгер (оқулық авторы) кім? Ыбырай.
- «Аяқ» деген не? Ағаш табақ.
- Қазақ халқының салт-дәстүрлерін ата. Шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату (т.б.).
Қорытынды
1-жүргізуші
2-сынып оқушылары даярлаған сыныптан тыс іс-шара осымен аяқталды.
2-жүргізуші
Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!