Студенттердің сабаққа дайындығын тексеру

Сабақ тақырыбы: Эволюцияның даму тарихы

Сабақ түрі

Дебат (презентация форматында)

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, плакаттар, кестелер, кітап, дәптер.

Сабақ мақсаты

Эволюцияның даму тарихын талқылау арқылы студенттер арасында пікірталас туғызу, өз көзқарасын дәлелдеуге үйрету және өздігінен білім алуды қолдау.

Сабақ міндеттері

  • Эволюцияның даму тарихын толық ашу.
  • Студенттердің өздері дайындаған мәліметтерін анық, дәл және сенімді жеткізуіне жағдай жасау.
  • Дебат барысында қызығушылық тудыратын сұрақтар арқылы ой салу.

Сабақ ұстанымы

Адамнан ғылым — айла асырмаған,

Құпиясын құлыптап жасырмаған.

Кел, бәріміз ғылымның тілін зерттеп,

Бір жұмбағын ашайық ашылмаған!

Сабақтың құрылымы және кезеңдері

1) Ұйымдастыру кезеңі

Уақыты: 3 минут

  • Амандасу.
  • Студенттерді түгелдеу.
  • Сабаққа дайындығын тексеру.
  • Назарын сабаққа аудару.

2) Өткен тақырыппен байланыс

Уақыты: 10 минут

Оқытушының кіріспе сөзі. Презентация бойынша бұрын өткен тақырыптарға ауызша шолу жасалады.

3) Үй тапсырмасын тексеру: сұрақ–жауап

Уақыты: 10 минут

  1. 1. «Эволюция» ұғымы нені білдіреді?

    Эволюция (лат. evolutio) — тарихи даму, өзгеру, өрлеу. Эволюциялық ілім тіршіліктің жалпы заңдылықтарын, қозғаушы күштерін және тарихи дамуын зерттейді.

  2. 2. Қайта өрлеу қай ғасырда дамыды және оған қандай жағдайлар әсер етті?

    XV ғасырдың екінші жартысында жаңа елдер ашылып, тауар өндірісі мен сауда қарқынды дамыды. Бұл жетістіктер жануарлар мен өсімдіктер туралы деректердің көбеюіне ықпал етіп, Қайта өрлеу дәуірін жеделдетті.

  3. 3. Неліктен Аристотельді жануартану ғылымының негізін қалаушы дейміз?

    Аристотель — философ әрі жаратылыстанушы. Ол «Жануарлардың тарихы», «Жануарлардың бөліктері» сияқты еңбектерінде жануарларды жүйелі зерттеп, сипаттағандықтан жануартанудың негізін қалаушылардың бірі ретінде танылады.

  4. 4. Теофраст өсімдіктерді зерттегенде нені ерекше қарастырды?

    Теофраст өсімдіктердің адам өміріндегі маңызын, ағаш көмірін және шайыр затын алу жолдарын назарға алды.

  5. 5. К. Линней ең жоғарғы және ең кіші жүйелік топтар деп нені атады?

    К. Линней ең ірі жүйелік топты класс, ал ең кіші (төменгі) топты түр деп атады.

  6. 6. К. Линней жануарларды қандай белгілеріне қарай топтастырды және неше класқа бөлді?

    Қанайналым және тыныс алу мүшелерінің құрылысына қарап 6 класқа жіктеді: сүтқоректілер, құстар, амфибиялар, балықтар, бунақденелілер, құрттар.

  7. 7. Ж. Б. Ламарк теориясының артықшылығы неде?

    Артықшылығы — нақты деректерге сүйеніп, өсімдіктер мен жануарлардың құрылысын тереңірек зерттеуге талпынуы.

  8. 8. Ж. Б. Ламарк теориясының негізгі кемшіліктерін атаңдар.

    Кемшілігі — «көп қолданылған мүшелер жақсы дамып, бұл белгі тұқым қуалайды» деген түсінікті қате түрде негізгі заң ретінде қабылдауы.

  9. 9. Ч. Дарвин ілімінің қалыптасуына қандай алғышарттар әсер етті?

    Өндірістің дамуы, сұрыптаудың маңызын түсіну, қолтұқымдар (ірі қара, жылқы, шошқа, қой, ит, көгершін) мен мәдени өсімдіктердің жаңа іріктемелерін шығару тәжірибесінің кеңеюі.

  10. 10. Ч. Дарвиннің негізгі еңбектері

    • 1859 — «Түрлердің шығу тегі»
    • 1868 — «Үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердің өзгеруі»
    • 1871 — «Адамның шығу тегі»
    • 1875 — «Жәндікқоректі өсімдіктер»
    • 1876 — «Айқас және өздігінен тозаңданудың әсері»
    • 1877 — «Орхидеялардың тозаңдануы» және т.б.

Дебат кезеңі

Тақырып бойынша пікірталас жүргізіледі. Топ екі фракцияға бөлінеді: Жақтаушы және Даттаушы. Әр фракциядан бір спикер тағайындалады: олар уақытты қадағалап, сабақ соңында қысқаша қорытынды жасайды.

Өту тәртібі

  1. 1Топ құрамымен таныстыру (3 минут).
  2. 2Мәселе бойынша дәлелдерді айту (5 минут).
  3. 3Дәлелдерді презентация түрінде көрсету (5 минут).
  4. 4Уақытты қатаң сақтау.

Қатысу форматы

  • Студенттер жаңа мәліметтер бойынша қысқаша баяндама жасайды.
  • Әр жақтан бір студент өз дайындаған материалын дәлелмен қорғайды.
  • Қарсы тарап сұрақ қойып, жауаптың дәйектілігін тексереді.

Дебат сұрақтары

1) К. Линней жүйесінің жасандылығын дәлелдеңдер

Линней 8000-нан астам өсімдік және 4200-ден астам жануар түрін сипаттады. Ұқсас түрлерді туысқа, туыстарды отрядқа, отрядтарды класқа біріктірді. Өсімдіктерді аталық пен аналық санына қарай 24 класқа бөлді; гүл бөліктеріне бірқатар ғылыми атауларды енгізді және латын тіліндегі қосарлы атауды (бинарлы номенклатура: туыс + түр) ұсынды.

Алайда жүйенің жасандылығы — өсімдіктердің табиғи туыстық байланыстары толық ескерілмеуінде. Мысалы, кейбір белгілеріне қарап туыстығы алшақ топтарды бір топқа біріктіру жағдайлары кездескен. Линнейдің «Жасанды жүйе табиғи жүйе табылғанша жойылмайды» деген пікірі де оның жіктеуінің шарттылығын мойындағанын аңғартады.

2) «Ж. Б. Ламарк — алғашқы эволюция теориясының негізін қалаушы» деген пікірге қосыласыңдар ма?

Ламарк 1809 жылы «Зоология философиясы» еңбегінде органикалық дүниенің өзгеретінін айтты. Ол ағзалардың ортаға бейімделуін мүшелерді «жаттықтыру/жаттықтырмау» қағидасымен түсіндірді: жиі қолданылған мүшелер дамиды, қолданылмаған мүшелер кішірейіп, жойылады деп есептеді.

Мысал ретінде жираф мойнының ұзындығын — биік жапыраққа жету үшін мойнын үнемі созумен; жыландардағы аяқтың жойылуын — жорғалап қозғалу барысында аяқтың «пайдасыз» болуымен түсіндірген.

3) Эволюция құбылысы және тіршілік деңгейлері неге ерекшеленеді?

Эволюция молекулалық деңгейден биосфералық деңгейге дейін барлық сатыларда байқалады. Даму барысында бұрын болмаған жаңа құрылымдар мен жаңа қызметтер қалыптасып, жүйелер күрделене түседі.

4) Эволюцияның қозғаушы күші қандай?

Бұл сұрақ дебатқа арқау болады: қатысушылар эволюциялық механизмдердің дамуы, ғылыми дәлелдердің көбеюі және биологиядағы жаңа жаңалықтардың ықпалын талдап, өз тұжырымын қорғайды.

5–8) Қосымша талқылау сұрақтары

  • 5) Эволюцияның қазіргі таңдағы дамуы қандай?
  • 6) 1960 жылы АҚШ-та Ч. Дарвин теориясын неге жоққа шығарып, қолдамағаны айтылады?
  • 7) Ч. Дарвин бойынша тұқымқуалаушылық пен өзгергіштікке берілген түсініктердің дұрыстығын дәлелдеңдер.
  • 8) Ч. Дарвиннің қолдан сұрыптау туралы тұжырымын бағалаңдар.

Сергіту сәті

Уақыты: 5 минут

Студенттер үй тапсырмасына сәйкес тақырыппен байланысты шағын көрініс көрсетеді:

1-топ

Адамның маймылдан жаралғаны туралы көзқарасқа байланысты көрініс.

2-топ

Адам ата мен Хауа анадан жаралу туралы көзқарасқа байланысты көрініс.

Рефлексия

Уақыты: 5 минут

  • Алдымен спикерлер екі фракцияның жұмысын бағалайды.
  • Оқытушы «Не білдім? Неге үйрендім? Нені білгім келеді?» сұрақтары арқылы қорытынды жасайды (плакат/презентация бойынша).

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Уақыты: 3 минут

Оқытушы студенттердің сабақ барысындағы жауаптары мен үй тапсырмасын орындауына қарай бағалайды.

Үй тапсырмасы

Уақыты: 1 минут

II тарау, § 5–8 оқу.