Кітапхана қызметкері
1-сыныпқа арналған кітапханамен таныстыру сабағы
Мақсаты
Оқушылардың кітаптың құрылымы мен кітапхана ережелері туралы бастапқы білімін қалыптастыру.
Жұмбақ
Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңді тұрсаң қарап күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді.
Кітап — білім бұлағы. Оқу арқылы адам ой-өрісін кеңейтеді, жаңа мәлімет алады және өзін дамытады.
Кітапхананың негізгі бөлімдері
Абонемент
Кітапты үйге уақытша алып оқуға берілетін бөлім.
Кітапты қайтару уақыты және тәртіп
- Бір оқушыға бір кітаптан артық берілмейді.
- Қайтару мерзімі — 15 күн.
- Егер кітапты ерте оқып бітірсең, оны мерзімінен бұрын қайтаруға болады.
- Егер кітаптың жыртылған жері болса, желімдеп жөндеп тапсыруды өтінеміз.
Оқырмандар залы
Үйге берілмейтін анықтамалық әдебиеттермен, сөздіктермен жұмыс істейтін және газет-журнал оқитын орын.
Оқырмандар залындағы тәртіп ережелері
- Тыныштық сақта: шу басқа оқырмандарға кедергі келтіруі мүмкін.
- Анықтамалықтар мен сөздіктерді ұқыпты ұста.
- Журналдағы әңгіме не ертегіні оқып үлгермесең, келесі күні келіп жалғастыруға болады.
- Оқырмандар залының кітаптарын үйге алып кетуге болмайды.
- Кітапты әдейі бүлдірген оқушы кітапхана оқырманы болу құқығынан айырылады.
Негізгі ұғымдар
Кітап дегеніміз не?
Баспадан түптеліп шығарылған мәдени-рухани қазына.
Кітапша дегеніміз не?
Көлемі жұқа, шағын кітап.
Кітапқұмар деп кімді айтамыз?
Кітапты көп оқитын, кітапты сүйетін адам.
Кітапхана дегеніміз не?
Көпшілік пайдаланатын кітаптар сақталатын орын.
Кітапханашы дегеніміз кім?
Кітапхана қызметкері, кітаптарды реттеп, оқырмандарға бағыт-бағдар беретін маман.