Күзде алуан - алуан жапырақтар

Мақсаты

Күз тақырыбы бойынша қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру.

Міндеттері

  • Күздің келбетін сипаттап, күз айларын атай білуге үйрету.

  • Сөз қорын байытып, ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

  • Табиғатты аялауға, сүюге және қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері

Көрсету Тақпақ айту Ойын Сұрақ-жауап

Көрнекіліктер

  • Тақырыптық және үлестірмелі суреттер
  • Жемістер мен көкөністердің муляждары
  • Себеттер
  • Күз көрінісі (безендіру)

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу.

«Сәлемдесу» өлеңі

Білер қазақ баласы:

Сәлем — сөздің анасы.

Алдымыздан кезіккен

Көп танысты көреміз,

Бәріне де ізетпен

Біздер сәлем береміз.

II. Ән әуенімен күздің келуі

Ән әуенімен Күз кіріп келеді, балалар қарсы алып амандасады.

Сұрақ

Мен кіммін?

Жауап

Күз.

Сұрақ

Қазір қай жыл мезгілі?

Жауап

Қазір күз мезгілі.

Сұрақ

Қандай күз айлары бар?

Жауап

Қыркүйек, қазан, қараша.

III. Күз туралы тақпақтар

Балалар күз туралы жаттаған тақпақтарын айтады.

Наташа

Сары алтындай сары күз —

Қамбадағы дәніміз.

Шелек-шелек балымыз,

Ағыл-тегіл ағымыз.

Катя

Жайдары күз, жарқын күз,

Аяулы күз, алтын күз.

Дәнге толы кең далам

Дариядай шалқып жүр.

София

Мейірлі күз, мырза күз,

Сыйлығыңа ырзамыз.

Аппақ арай таңыңда,

Шомыламыз нұрға біз.

Евгений

Көк аспаның мөлдіреп,

Алтын күзің елжіреп,

Асыр салып жүре бер,

Сары көйлегің желбіреп.

IV. Сергіту сәті

Қыс — қуат береді,

Көктем — дән себеді,

Жаз — баптап өсірсе,

Күз — жинап береді.

V. Тіл дамыту

Сұрақ

Күз мезгілін қалай танимыз?

Маша

Өрік, алма, шие, алша, жидек, жүзім піседі. Қауын, қарбыз, қияр, сәбіз дүкендерге түседі.

Балалардың жауаптары

  • Күзде күн салқындайды.
  • Жапырақтар сарғаяды, алуан түске енеді және жерге түседі.
  • Құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
  • Жеміс-жидек пен көкөністер жиналады.
  • Күзде жұмыс көп болады.

VI. Жұмбақтар

Бойын жерге жасырған,
Бұрымы бар жасылдан.

Жауабы: Сәбіз

Қалың киімді ұнатады,
Шешіндірсең жылатады.

Жауабы: Пияз

VII. Ойын: «Кім жылдам?»

Балалар жемістер мен көкөністерді ажыратып, тиісті себеттерге жылдам жинайды.

Тапсырма

Жемістерді бір себетке, көкөністерді екінші себетке топтастыр.

Дағды

Жіктеу, жылдамдық, сөздік қорды белсенді қолдану.

VIII. Үлестірмелі суреттермен жұмыс

Балалар суреттердегі заттардың атын атап, түстерін, пішіндерін сипаттайды және сөз тіркестерін құрайды.

Алма

  • Алма — жеміс.
  • Пішіні домалақ.
  • Түсі қызыл.
  • Дәмі тәтті.

Қияр

  • Қияр — көкөніс.
  • Пішіні сопақша.
  • Түсі жасыл.

Шие

  • Шие — жеміс.
  • Қызыл шие.
  • Бес шие.
  • Қышқыл шие.

Сәбіз

  • Бұл — сәбіз.
  • Сопақша сәбіз.
  • Сары сәбіз.
  • Үлкен сәбіз.

IX. Қорытынды

Күздің сөзі

Астық пісіп, орақ түсіп,
Қырман дәнге толады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Балалардың жауабы: Бұл күзде болады.

Күз балаларға алғыс айтып, қоштасады.