Абай Құнанбаев суреті, интербелсенді тақта
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Мектеп: Балқаш қаласы, жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектеп
- Пән мұғалімі: Скакова Айзат Боранбаевна
- Пән: Қазақ тілі мен әдебиеті
- Сынып: 5-сынып
- Сабақ тақырыбы: Абай Құнанбаев. «Қыс» өлеңі
- Сабақ түрі: Жаңа білім беру сабағы
Сабақтың мақсаты
Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы білімді нақтылау және кеңейту, қазақ поэзиясының асқар биігі Абай мұрасын құрметтеуге баулу.
Күтілетін нәтиже
- Білімділік: өлең мазмұнын меңгерту, адам мен табиғат байланысын таныту, тақырып пен идеяны ашу.
- Дамытушылық: байланыстырып сөйлеу, елестету, есте сақтау, өздігінен жұмыс істеу, сөздік қор, мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
- Тәрбиелік: табиғатты сүюге, аялауға, сұлулықты бағалай білуге тәрбиелеу.
Құралдар мен әдістер
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, қатысымды түгендеу.
- Сабақтың мақсат-міндеттерімен таныстыру.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Негізгі тапсырма: «Шілде» өлеңін жалпы сынып болып жатқа оқу.
1-топ
«Туған жер» тақырыбында шағын әңгіме құрастыру.
2-топ
«Туған жер» тақырыбына өлең шығару.
3-топ
С. Торайғыровқа хат жазу.
Қойылатын жетелеуші сұрақтар: «Шілде» өлеңі жылдың қай мезгіліне арналған? Қандай жыл мезгілдерін білесіңдер? Жыл мезгілдеріне арнап қандай ақындар өлең жазған? Осыдан кейін бүгінгі сабақ тақырыбы жарияланады: Абайдың «Қыс» өлеңі.
3) Жаңа сабақ: Абай тұлғасы және табиғат лирикасы
«Абай» ұғымын топтастыру
Оқушылардың жауаптары негізінде Абайдың қырлары жинақталады: ақын, аудармашы, ойшыл, сазгер, ұстаз, кемеңгер, қарасөз шебері, сыншы, қоғам қайраткері, табиғат жыршысы.
Өмірбаяннан дерек
- Абай Құнанбаев 1845 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген.
- Жас кезінен ауыз әдебиетіне, аңыз-әңгіме, жыр-дастандарға ерекше ықылас танытқан.
- Әжесі Зере мен анасы Ұлжан оның әдебиетке құмарлығын оятқан.
- Ауыл молдасынан сауат ашып, 10 жасында Семейге оқуға барған.
- Ғабдул-Жаппар, кейін Ахмет-Риза медресесінде оқып, араб және парсы тілдерін меңгерген.
- Низами, Сағди, Фердоуси, Хафиз, Физули сияқты Шығыс классиктерімен танысқан.
Лирика деген не?
Лирика — адамның көңіл күйін, қуаныш пен реніш сияқты сезімін білдіретін поэзия. Лириканың негізгі түрлері: философиялық, саяси, махаббат, табиғат лирикасы.
Өлеңнің шығу тарихы
1884 жылы Семей өңірінде қыс қатты болып, жұт болып, мал қырылған кезең айтылады. Қыста жауған қар сәуірде ғана еріген. Ақын осы көріністі негізге алып, қысты «ақ киімді, денелі, ақ сақалды» зор тұлғалы адам бейнесінде сипаттайды.
1884–1890 жылдары Абай табиғаттың төрт мезгіліне арналған «Қыс», «Жаз», «Күз», «Жазғытұрым» өлеңдерін жазған. Сонымен қатар, Абайдың 45 қара сөзі бар, ал әндері бүгінге дейін нотаға түсіп, классикалық мұра ретінде орындалып келеді.
4) «Поэзия минуты»
- «Қыс» өлеңін интербелсенді тақта арқылы тыңдату.
- Бір оқушының өлеңді мәнерлеп оқуы.
5) «Зерделі сұрақ — дәлелді жауап»
Өлеңді тыңдағаннан кейін оқушыларға төмендегі сұрақтар қойылады:
- Өлеңде ақын қысты кімге теңеген?
- Шалдың киімдері қандай?
- Ақын суреттеп отырған шалды кімге ұқсатуға болады?
- «Түсі суық» тіркесін қалай түсінесіңдер?
- Өлеңдегі шалдың мінезі қандай?
- Өлеңдегі «кәрі құда» бейнесі қалай сипатталады?
- Ақын қысты қалай суреттеген? Өлеңнен тауып оқыңдар.
- Өлең жолдарынан кейіптеуді тауып оқыңдар.
Талдау нәтижесінде оқушылар қыстың бейнесі кейіптеу арқылы жасалғанын анықтайды: «үсті-басы ақ қырау», «дем алысы — үскірік» сияқты тіркестер аяз бен қардың қытымырлығын әсерлі жеткізеді. Абай өлі табиғатты жандандырып, қимыл-әрекет үстінде көрсетіп, қыстың жаңа образын — «кәрі құда» бейнесін қалыптастырады.
6) Топтық жұмыс тапсырмалары
Оқушылар үш топқа бөлініп, тапсырмаларын орындайды. Әр топ жұмысын қорғайды және өз тобына атау қояды.
1-топ
Қыс туралы өлең шығару.
2-топ
«Қыс келбеті» тақырыбында сурет салу.
3-топ
Қыс туралы шағын әңгіме жазу.
7) Сергіту сәті
Қимыл-қозғалысқа арналған «Қара жорға» сергіту жаттығуы орындалады.
8) Талдау — табыс кілті
I топ: Сатылай кешенді талдау
- Авторы: А. Құнанбаев — қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-философы, композитор әрі аудармашы.
- Тақырыбы: табиғат құбылысы.
- Жанры: өлең. Табиғат лирикасына жатады, өйткені ақын қыстың қаталдығын өз сезімі арқылы бейнелейді.
- Идеясы: қыс мезгілінің ерекшелігін таныту.
- Сөздікпен жұмыс: ұшпа — шоқ бұлт; бурадай — түйенің долданып, ашулануы.
II топ: Өлең құрылысына талдау (1-шумақ)
Ұйқас үлгісі (қара өлең ұйқасы):
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, а
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. а
Үсті-басы — ақ қырау, түсі суық, б
Басқан жері сықырлап, келіп қалды. а
- Талдау нысаны: 1 шумақ.
- Тармақ саны: 4.
- Бунақ саны: 3.
- Буын өлшемі: 11 буын.
- Ұйқасы: қара өлең.