Намысты бол
Сабақтың мазмұны
Бұл жоспар «Айтысқа дайындал!» тақырыбы аясында шешендік өнерді, суырыпсалмалықты және музыкалық-танымдық дағдыларды дамытуға бағытталған. Сабақ барысында С. Мұхамеджановтың «Бүгін қай күн?» әні үйретіліп, ойын элементтері арқылы білім бекітіледі.
Сабақтың тақырыбы
Айтысқа дайындал!
Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың типі
Аралас сабақ
Әдістер
Түсіндірмелі, сұрақ-жауап, СТО: «араласқан сөздер», «сиқырлы таяқша»
Көрнекіліктер
- Баян аспабы
- Ұрмалы аспаптар
- Интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс
- Қазақ тілі
- Ана тілі
- Өнер
Мақсаттары
Білімділік
Қазақ халқының шешендік сөз өнерін және суырыпсалмалық қасиетін қалыптастыру; С. Мұхамеджановтың «Бүгін қай күн?» әнін үйрету.
Дамытушылық
Балалардың шығармашылық қабілетін ашу, ой-өрісін кеңейту, музыкалық есту және есте сақтау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
Әдет-ғұрыпты құрметтеуге, адамгершілікке, тапқырлыққа, ұқыптылыққа және білімділікке тәрбиелеу.
Сабақтың құрылымы
- Ұйымдастыру кезеңі
- Үй тапсырмасын сұрау
- Білімді жан-жақты тексеру
- Жаңа сабақ
- Ән үйрету
- Білімді бекіту
- Қорытындылау
- Үйге тапсырма
- Бағалау
Бағалау жүйесі
Сұрақтарға толық жауап берген оқушыға бүтін нота, жартылай жауапқа жарты нота беріледі. Сабақ соңында жиналған ноталар арқылы бағаланады.
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, назарын сабаққа аудару. Сабақты жақсы көңіл-күймен бастау үшін бір-бірімізге жақсы лебіз айтамыз.
Жақсы лебіздер
- Намысты бол
- Табысты бол
- Жігерлі бол
- Әділ бол
- Сезімтал бол
- Жаңашыл бол
- Салмақты бол
- Турашыл бол
- Шешен бол
- Өнерлі бол
Дауыс жаттығулары
Жаттығу 1
М: Күй сандықты ашайық — О: до–до–до
М: Тілдерді біз бастайық — О: до–до–до
М: Бас дыбысты бастайық — О: до–до–до
М: Жайлап әнге салайық — О: до–до–до
Бірге: До, ре, ми, фа, соль, ля, си, до; До, си, ля, соль, фа, ми, ре, до
Жаттығу 2
М: Шалқып шығар сонда күй — О: до–до–до
М: Бәрі до-дан басталар — О: до–до–до
М: До-ны қоштар басқалар — О: до–до–до
М: До-ны қоштар басқалар — О: до–до–до
Бірге: До, ре, ми, фа, соль, ля, си, до; До, си, ля, соль, фа, ми, ре, до
II. Үй тапсырмасын сұрау
Дауыс жаттығуларынан кейін «Не деу керек?» әні тыңдалып, орындатылып сұралады.
III. Білімді жан-жақты тексеру
Сұрақтар
- Айтыс өнері деген не?
- Айтыстың түрлерін ата.
- Жарты нота неше үлеске саналады?
- 3/4 өлшемі нешеге саналады?
- Бірінші сызықтағы дыбыс қандай?
- Ұлттық музыкалық аспаптарды ата.
Тыңдалым
Айтыстан үзінді тыңдатылады. Оқушылардың түсіну деңгейін анықтау үшін қосымша сұрақтар қойылады.
IV. Жаңа сабақ
Айтыс — қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Бұл өнерге сөзге шешен, тапқыр, епті, білімді, суырыпсалмалық қабілеті бар адамдар қатыса алады. Айтыс алғырлықты, жылдамдықты және ұтымды жауап беруді талап етеді.
Айтысқа шығу үшін қандай болу керек?
Шешен, тапқыр, білімді, тыңдай білетін және жылдам ойлайтын.
Бүгінгі үйренетін ән
Композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Бүгін қай күн?» әні. Бұл ән де тапқырлық пен шапшаңдықты қажет етеді.
«Араласқан сөздер» тапсырмасы
Сөздерді дұрыс ретке келтірсеңдер, үйренетін әннің бір шумағы шығады:
- — Бүгін қай күн? — Дүйсенбі.
- — Ертең қай күн? — Сейсенбі.
- Оят онда Дүйсенді, оят онда Сейсенді, сабағынан қалмасын.
Апта және қасиетті 7 саны
Бір аптада 7 күн бар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Қазақ халқында 7 саны қасиетті сан болып есептеледі: Жеті қазына, Жеті күн, Жеті жоқ, Жеті ата, Жеті керемет және т.б.
Біз аптаның алты күнінде мектепте білім аламыз, жексенбі күні демаламыз.
V. Ән үйрету
«Бүгін қай күн?» әнінің 1-шумағы орындалып, әннің орындалу мәнері түсіндіріледі. Сынып екі топқа бөлінеді.
Топтық жұмыс ережесі
Қай топ бүтін нотаны көбірек жинаса, сол топ жеңімпаз болады. Толық жауап болмаған жағдайда жарты нота беріледі.
- 1-топ: 2-шумақты құрастырып, орындайды.
- 2-топ: 3-шумақты құрастырып, орындайды.
- Ән құрастырылған кезде әуен орындалып тұрады.
- 4-шумақты мұғалім мен оқушылар бірге орындайды.
Ән туралы мәлімет
- Өлеңін жазған
- Ш. Мұхамеджанов
- Әнін жазған
- С. Мұхамеджанов
«Бүгін қай күн?» (мәтіні)
1-шумақ
— Бүгін қай күн? — Дүйсенбі.
— Ертең қай күн? — Сейсенбі.
Оят онда Дүйсенді, оят онда Сейсенді,
Сабағынан қалмасын.
2-шумақ
— Бүгін қай күн? — Сәрсенбі.
— Ертең қай күн? — Бейсенбі.
Оят онда Сәрсенді, оят онда Бейсенді,
Сабағынан қалмасын.
3-шумақ
— Бүгін қай күн? — Жұма ғой.
— Ертең қай күн? — Сенбі ғой.
Тұрсын онда Жұмажан, тұрсын онда Сенбіжан,
Сабағынан қалмасын.
4-шумақ
— Бүгін қай күн? — Жексенбі.
— Демалыс та тез келді!
Оят онда Жексенді, Дүйсен, Сейсен, Сәрсенді,
Асыр салып ойнасын.
Әнді бекіту үшін мұғалім сұрақ қояды, оқушылар жауап береді. Осы тәсіл арқылы әннің барлық шумағы толық орындалады.
Тәрбиелік ой
Кез келген мамандық иесі болу үшін сабақты жақсы оқып, білімді, сауатты, үлгілі, ұқыпты болу керек.
7 мақал-мәтел (топтық жарыс)
Әр топ оқу-білім туралы 7 мақал-мәтел айтады. Мысалдар:
- Оқу — инемен құдық қазғандай.
- Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
- Оқу — білім азығы, білім — ырыс қазығы.
- Ойна да күл, оқы да біл.
- Білім — ер азығы, ер — ел азығы.
- Оқу түбі — тоқу.
Мұғалім бастайды, оқушы жалғастырады: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.»
Ең бірінші дұрыс айтқан оқушыға бүтін нота беріледі.
«Ұйқасын тап» ойыны
Өзінше ноян, қорқақ кім? (қоян)
Бата алмас түлкі, үсті тікен... (кірпі)
Алмастан тыным, шабады... (құлын)
Жағасында бұлақ, жайылып жүр... (лақ)
Сылдыр қағып, таудан құлап, жатыр ағып, мөлдір... (бұлақ)
Дертке дауа, шипалы, витаминді күш-қуат. Дәрімен құртпай жүйкені, ауылға бар, іш... (шұбат)
Үні ғажап, дүлдүл, бақта сайрар... (бұлбұл)
7-жолды қай топ бірінші тапса, соған бүтін нота беріледі.
Такт сызығын сыз
Өлшемдерге байланысты әр топ ноталарды тактілерге дұрыс бөліп жазады.
«Жеті жұмбақ» (музыкалық білім)
Музыкаға қатысты 7 жұмбақ жасырылады. Шешім арқылы жеті дыбысты орналастырып, жасырылған сөз не санды табады: сөз шықса — соған өлең шығарады, сан шықса — сол мөлшерде ұпай қосылады.
- Көңіл құсын ұшырдым, досқа шаттық ұсындым. Бар ұлтқа ортақ бір тілді аудармасыз түсіндім. (Музыка)
- Түзу бес жол бойында, ұқсас бейне оюға. Ноталарды қырағы дәу күзетіп тұрады. (Скрипка кілті)
- Үтірге ұқсас кілт. (Бас кілт)
- Бір нотаны деп қаласыз жетімге, төңкересіз өте ұқсас екіге. (Сегіздік нота)
- Қос жалауша көтеріп, бір нота тұр өте нық. (Он алтылық нота)
- Әрі әріп, әрі сан, қай нота, айтшы, танысаң. (Бүтін нота — 0)
- Бұл нотаның қарашы сен тұрпына, аумай ұқсап тұруын — ай шырпыға. (Ширектік нота)
7-жұмбақты бірінші тапқан топқа бүтін нота беріледі.
Қайталау
«Бүгін қай күн?» әні қайта орындалады.
VI. Білімді бекіту
Бекіту сұрақтары
- Қандай ән үйрендік?
- Аптада неше күн бар?
- Ән қандай екпінде орындалады?
Шағын айтыс (үлгі)
Тоғжан:
Жақсы оқысаң сабақты,
Білімді боп өсесің.
Ата-анаңды қуантып,
Арманыңа жетесің.
Қыдырәлі:
Мақтаны боп ұстаздың,
Айтқан тілін алайық.
Кешікпейік сабаққа,
Жақсы азамат болайық.
Тоғжан:
Күнделікті сабаққа
Дайындықпен келейік!
Бірімізге-біріміз
Әрқашан көмек берейік!
Қыдырәлі:
Мектептегі әртүрлі
Қатысайық жарысқа.
Сурет салып, би билеп,
Ән айтайық қалыспай.
VII. Қорытындылау
«Сиқырлы таяқша» әдісі
Таяқша арқылы оқушылар бүгінгі сабақтан алған әсерін және өз пікірін қысқаша айтып шығады.
VIII. Үйге тапсырма
- «Бүгін қай күн?» әнін жаттау.
- Жеті атаңды біліп келу.
IX. Бағалау
Оқушылардың жауаптарының толықтығына қарай жинаған бүтін және жарты ноталары есептеліп, қорытынды баға қойылады.