Өзін - өзі тану оқулығы
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Бұл сабақтың мақсаты — шындық ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі маңызын ашу.
Міндеттері
- Шындық пен өтірікті ажырата білуге үйрету.
- Өзара адал қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
- Шыншыл, адал болуға тәрбиелеу.
Неге бұл маңызды?
Өтірік уақытша жеңілдік бергенімен, көбіне ұятқа қалдырады. Ал шындықты айту — жауапкершілік пен ішкі еркіндікке бастайтын қадам.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: тыныштық сәті
Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа тарағанын сезініңдер. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.
2) Үй тапсырмасын тексеру
1-сынып «Өзін-өзі тану» оқулығынан Ә. Табылдиевтің «Ағайынды екі қыз» әңгімесі оқылады және талқыланады.
Талқылау сұрақтары
- Екі қыздың қайсысымен дос болар едіңдер? Неліктен?
- Шыншылдық дегенді қалай түсінесіңдер?
- Сеніңше, шыншыл бала қандай болады?
- Шындық не үшін керек деп ойлайсыңдар?
Түйін: жақсы бала әдепті, сыпайы, қамқор, қайырымды, жауапкершілікті болады. Сол жақсы қасиеттердің бірі — шыншыл болу, өтірік айтпау.
3) Дәйек сөз: шыншылдықтың күші
«Шыншылдық жақсылыққа жетелейді.»
Шындық адамды жауапкершілікке, сенімге және сыйластыққа жеткізеді. Ал өтірік көбіне күмән тудырып, қарым-қатынасты әлсіретеді. Өтірік айтып ұятқа қалғанша, шындықты айтып қатеңді мойындаған дұрыс — бұл адамдықтың белгісі.
Дереккөздер: 1-сынып «Өзін-өзі тану» оқулығы; «Самал» газеті, 15 мамыр 2013 жыл.
Ой қозғау
- Шындық адамды неге жеткізеді?
- Өтірік ше? Мысал келтіріңдер.
4) Әңгімелеу (сұхбат): «Шындық пен өтірік» аңыз әңгімесі
Қоян мен түлкі дос болыпты. Бір күні қоян дүкенге бара жатып, анасы берген ақшаны жоғалтып алады. Ал түлкі ақшаны көріп тұрса да, ештеңе демейді. Қоян көңілсіз күйде үйіне қайтады. Түлкі ақшаны алып, өзіне қажет затты сатып алмақ болады. Бірақ досының жабырқаған күйі есіне түсіп, түлкі ақшаны қоянға әкеліп береді. Қоян қатты қуанып, досын құшақтайды.
Талқылау сұрақтары
- Түлкінің орнында сен болсаң не істер едің?
- Бұл оқиғада шындық неге жетелеп отыр?
- Қоянды қуантқан түлкі өзі де қуана ма? Неліктен?
- Егер түлкі ақшаны қайтармаса, не болар еді?
5) Шығармашылық жұмыс
Оқушылар 2 топқа бөлінеді: бір топқа «Шындық», екінші топқа «Ақиқат» сөзі беріледі. Тапсырма — әр әріпке байланысты сөздер құрастыру.
Мысал
Ш — шана, А — алма, ...
Нәтиже
Оқушылар сөз мағынасын сезініп, шындық туралы түсінігін кеңейтеді және топпен жұмыс істеуді үйренеді.
6) Топпен ән айту: «Балдырғандар әні»
Қуанышқа бөленген әр күніміз,
Бақыттымыз балалар барлығымыз.
Қайырмасы
Өмір тым жайдары,
Қызықтың қайнары,
Мектебіміз жайнады (рет).
Біз Отанның балдырған ұлдарымыз,
Әдептілік, шыншылдық — ұранымыз.
Дереккөз: 1-сынып «Өзін-өзі тану» оқулығы.
7) Үй тапсырмасы
- «Жауапты іс» мәтінін оқу.
- Дәптердегі мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсініп, жаттап келу.
8) Соңғы тыныштық сәті
Көздеріңді жұмып, бүгінгі сабақты ой елегінен өткізіңдер. Бұл сабақ өмірлеріңе өнеге болсын: тек жақсы, шынайы ойларға назар аударыңдар. Сонда айналамыз жақсылық пен шындыққа толады. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.