Жуан және жіңішке жұп дауыстыларды ата

Сабақтың тақырыбы

Мұзафар Әлімбай: «Ақсақалдың ақ батасы». Жуан және жіңішке жұп дауыстылар. 46–48-жаттығулар.

Мақсаты (білімділік)

  • Өлең арқылы үлкеннің ұлағатты батасының маңызын ұғындыру.
  • Жуан және жіңішке жұп дауыстылардың өзара ұқсас дыбысталуын түсіндіру.
  • Сөздің жуан не жіңішке айтылуына дауыстылардың әсерін аңғарту.

Мақсаты (дамытушылық)

  • Мәнерлеп оқуға дағдыландыру.
  • Дұрыс сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
  • Ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Мақсаты (тәрбиелік)

  • Үлкенді құрметтеуге, тыңдай білуге тәрбиелеу.
  • Саналылыққа, зерделілікке және шығармашылыққа баулу.

Құрал-жабдықтар мен әдістер

Көрнекілігі

Интербелсенді тақта, вагондар суреті, кубик, алма ағашы суреті, қима қағаздар, домино карточкалары.

Әдіс-тәсілдер

Топтастыру, ой қозғау, сәйкестендіру, Венн диаграммасы.

Пәнаралық байланыс

Дүниетану.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

«Шаттық шеңбері»

Оқушылар шеңберге тұрып, көңіл күйді көтеретін өлең жолдарын айтады:

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге.

Сыныппен қысқа сұрақ-жауап

  • «Балалар, көңіл күйлерің қалай?» — жақсы болса, қол шапалақтаймыз.
  • «Сабаққа дайындығымыз қалай?» — дайын болсақ, қол көтереміз.

Мақсат — бүгінгі сабақта әдептілік пен ұйымшылдықты іс жүзінде көрсету.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Берілген тапсырмалар

  1. 45-жаттығу: өлеңді көшіріп жазу, жуан және жіңішке дауыстыларды табу.
  2. Ә. Асылбековтің «Әдептілік әліппесі» өлеңін мәнерлеп оқу (5 оқушы).

Әңгімелеу және ой қозғау

«Үлкендерге көмектескенде олар ризашылығын қалай білдіреді?» деген сұрақ талқыланады. Оқушылар: «Рахмет айтып, бата береді» деген қорытындыға келеді.

III. Үй тапсырмасын бекіту

«Әдептілік әліппесі» арқылы атаның ақыл сөзін ойға түйіп, үнемі есте сақтау қажеттігі айтылады. Күнделікті өмірде үлкендер тек ақыл беріп қана қоймай, жақсы ісімізді көрсе, мадақтап, бата береді.

IV. Жаңа сабақ: бата және тілдік тақырып

Мұзафар Әлімбай туралы қысқаша

Мұзафар Әлімбай — балалар әдебиетіне ерекше еңбек сіңірген қаламгер. «Бал дәурен», «Шіркін балалық», «Ақсерек пен Көксерек» секілді кітаптары кеңінен танымал. «Менің Қазақстаным», «Құрыш қазақ» атты лирикалық поэмаларында Отанға деген сүйіспеншілікті жырлайды.

Өлеңмен жұмыс

  • «Ақсақалдың ақ батасы» өлеңін тыңдау.
  • Мәнерлеп оқып, мазмұнын түсіндіру.
  • Тізбектей оқыту.
  • Түсініксіз сөздердің мағынасын ашу.

Түсіндірме сөздер

«Ойлауға даңғыл бол»
Ойың кең болсын, ұшқыр ойлай біл деген мағына.
«Ақылға кемел бол»
Ақылды, зерек бол дегенді білдіреді.

Негізгі ой

Атаның ақылын тыңдап, баталы сөзді бойына сіңіріп өскен бала жаман іс-әрекеттен аулақ жүруге ұмтылады.

Мақал-мәтелдермен жұмыс

Берілген мақалдарды оқып, мағынасын түсіндіру және толықтыру жұмысы орындалады.

Тілдік байланыс: жуан-жіңішке

Отбасы мүшелерін атаймыз: ата, әже, әке, ана, бала. «Ата», «ана» — жуан; «әже», «әке» — жіңішке айтылады. Себебі сөздің жуан не жіңішке естілуіне дауысты дыбыстар әсер етеді.

Ереже

А–ә, о–ө, ы–і, ұ–ү — жуан және жіңішке жұп дауыстылар. Олар өзара ұқсас дыбысталады.

V. Сергіту және практика: 46–48-жаттығулар

46-жаттығу: сөздерді салыстырып оқу («Паровоз» ойыны)

Пойыздың жүруі үшін «вагондарды» дұрыс ретпен тіркейміз: бір қатар — жуан, екінші қатар — жіңішке.

Жуан дауыстылар

сан – нан – боз – от – ыс – тыс – ұн – тұс

Жіңішке дауыстылар

сән – нән – бөз – өт – іс – тіс – үн – түс

Оқушылар «Сөз мағынасы өзгерді ме?» деген сұраққа жауап береді және әр сөздің мағынасы қысқаша түсіндіріледі.

Венн диаграммасы

Жуан және жіңішке жұп дауыстылардың ұқсастығы мен айырмашылығы салыстырылады.

Ой қозғау

Берілген сөздермен сөйлем құрау (2–3 оқушы).

47-жаттығу: жаңылтпашты дұрыс әрі жылдам оқу

Сәйкестендіру стратегиясы арқылы жаңылтпашты дұрыс құрастырып, кейін тездетіп оқимыз.

Талдау сұрағы: «Сөздердегі ә дыбысы қалай естіліп тұр?» Жауап: жіңішке, себебі ә — жіңішке дауысты.

Оқушылар өздері білетін жаңылтпаштарды да айтады (1–2 оқушы).

Шығармашылық тапсырмалар (жеке жұмыс)

1) Домино арқылы сөйлем құрау

  • Отан — елдің анасы.
  • Мақал — сөздің көркі.
  • Кітап — білім бұлағы.

2) Дыбыстық талдау

  • Дәулет
  • Сән
  • Еңбек

3) Ұйқасын тап

Ақылды ата
Береді бата.

48-жаттығу: сөйлемді көшіріп жазу

Тақтадағы сөйлемді мұғалімнің айтуымен көшіріп жазу. «Ауа» және «әуе» сөздерінің айтылуын салыстыру: қайсысы жуан, қайсысы жіңішке?

Дүниетанумен байланыс сұрақтары

  • Адам табиғаттың қай тобына жатады?
  • Тірі табиғатқа тағы нелер жатады?

Қорытындылау және рефлексия

Адам өмірге келген соң көп нәрсені тануы керек. Ол үшін көп оқып, көп үйрену қажет. Бүгінгі сабақта: жуан және жіңішке жұп дауыстылардың ұқсас дыбысталатынын және атаның баталы сөздерінің тәрбиелік мәнін меңгердік.

«Кубизм» ойыны: сұрақтар

  1. Атаның баласы қандай болуы керек? Айтыңыз, түсіндіріңіз.
  2. «Ата» сөзі неше буынды? Неліктен? Түсіндіріңіз.
  3. Жуан және жіңішке жұп дауыстыларды атаңыз.
  4. «Әже», «әке» сөздері қалай дыбысталып тұр? Түсіндіріңіз, дәлелдеңіз.

Сабақты аяқтау

Сабақ ақсақалдың ақ батасын тыңдаумен аяқталады (слайд/аудио арқылы).

Үй тапсырмасы және бағалау

1) Жаттау

М. Әлімбайдың «Ақсақалдың ақ батасы» өлеңін жаттау.

2) Жазба жұмыс

Мақалдарды көшіріп жазу және жатқа айтуға дайындалу.

3) Бағалау

Оқушылардың оқу мәнері, тапсырма орындауы және белсенділігі бойынша бағалау.