Ашығын айтсам, мен анамның орнында болсам
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақ мақсаты: оқушыларға ананың қоғамдағы, өмірдегі және ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы түсінік беру.
Сабақ міндеттері
- Әлемдегі бар жақсылық пен игі істің түп төркіні — ең асыл сезім, ана махаббаты екенін түсіндіру.
- Балалардың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілік пен қадір-құрмет сезімдерін дамыту.
- Адамзат алдындағы үлкен парыз — ананы сүюге, ана еңбегін ақтай білуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі — «Тыныштық сәті»
Төмендегі ой-толғау оқушыға ананың мейірімі мен еңбегін өмір кезеңдері арқылы сезіндіруге арналған.
-
1 жасыңда анаң сені емізді, жуындырып, тазалады. Ал сен алғыс орнына түні бойы жыладың.
-
2 жасыңда анаң жүруді үйретті. Ал сен анаң шақырғанда қашатын едің.
-
3 жасыңда анаң ең дәмді тағамдарды әзірледі. Ал сен табақтарды жерге лақтырдың.
-
4 жасыңда қолыңа қалам беріп, жазуды үйретті. Ал сен қабырғаларды шимақтадың.
-
5 жасыңда анаң әдемі киім кигізді. Ал сен үйге кір-қожалақ болып оралатын едің.
-
6 жасыңда анаң сені мектепке апарды. Ал сен «оқымаймын» деп жылап, сабақтан қаштың.
-
10 жасыңда анаң құшағына басқысы келіп, мектептен қашан келер екен деп сарғайып күтті. Ал сен бөлмеңе асықтың.
-
18 жасыңда анаң «балам есейді» деп көзіне жас алды. Ал сен «мен машина мінгім келеді» дедің.
-
20 жасыңда анаң «біршама уақыт үйде отыршы» деп өтінді. Ал сен уақытыңды достарыңа арнадың.
-
25 жасыңда анаң той жасап, сені үйлендірді. Ал сен мүмкіндік болса, үйден алыстауға тырысып, еншіңді алып, жарыңмен бөлек кеттің.
-
30 жасыңда бала-шағалы болғанда, анаң тәрбиеге көмектескісі келді. Ал сен «жеке өміріме араласпа» дедің.
-
35 жасыңда анаң тамаққа шақырды. Ал сен «шаруам көп, уақытым жоқ» дедің.
-
40 жасыңда анаң телефон соғып «ауырып тұрмын, көмегің керек» дегенде, сен «ата-ананың мәселесі балаларын мазалай береді» дедің.
Бір күні анаң бұл дүниеден өтеді. Ана махаббаты — өзімен бірге кететін шексіз жылу. Анаңның өмірден озуымен сен үшін жұмақ қақпаларының бірінің жабылатынын ұмытпа.
- Анаңды ешқашан жалғыз қалдырма.
- Қолыңнан келгенше жақсылық жаса.
- Қандай сөз айтса да, анаңды бақытты етуге тырыс.
- Ашуға берілме, жүрегін жаралайтын ауыр сөз айтпа.
Сенің жалғыз ғана анаң бар.
Үй тапсырмасын тексеру
Алдыңғы тапсырмалар бойынша дәптер жазбаларын қарап, негізгі ойларды қысқаша қорытындылаңдар.
Әңгімелеу (сұхбат)
Сұрақтарға жауап беріңдер:
- 1. «Ана — өмір тірегі» дегенді қалай түсінесіңдер?
- 2. Ананың қоғамдағы және отбасындағы орны туралы не айтар едіңдер?
Оқылым: Ж. Дәулетбектің «Ана — өмір тірегі» атты әңгімесін оқыңдар.
Шығармашылық жұмыс және топтық жұмыс
1) Эссе
«Әлемді тербеткен мейірім» тақырыбында шығарма жазыңдар.
2) Энерджайзер — «Менің күнім»
Алдарыңдағы параққа күннің суретін салып, жан-жағына шуақтарын бейнелеңдер. Дәл ортасына «Менің анам» деп жазып, анаңды сипаттап беріңдер.
«Жалғасын тап» — ой қозғау
Бірде көпбалалы ана ұлдарына жұмбақ айтыпты:
«Сендерді тоғыз ай абақтыға жапса, одан шыққан соң аузыңа өкпе тықса, арқанмен ағашқа байлап қойса — сол адамға не істер едіңдер?»
Осы сұрақ төңірегінде өз ойларыңды ортаға салыңдар.
Балалардың жауаптары
- Тұңғышы: «Оның басын балтамен шабар едім».
- Екіншісі: «Оны мылтықпен атып тастар едім».
- Үшіншісі: «Оның кеңсірігін бұзар едім».
Кенженің жауабы
«Жоқ, ана. Ана үшеуінің айтқаны — ақымақтық. Мен ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Ол — мені жаратқан, жарық дүниеге әкелген жан. Сіз бізді тоғыз ай көтердіңіз, өмір сыйладыңыз. Қырқынан шыққаннан кейін таза жатсын деп ағаш бесікке бөледіңіз».
Талқылау: бұл оқиға балалардың анаға деген көзқарасын қалай көрсетеді?
«Ашығын айтсам…» жаттығуы
Аяқталмаған сөйлемдерді толықтырыңдар:
1–6
- 1) Ашығын айтсам, кейде анам маған ұрыса береді, себебі…
- 2) Ашығын айтсам, мен кейде ата-анамды тыңдамаймын, себебі…
- 3) Ашығын айтсам, мен анамның орнында болсам…
- 4) Ашығын айтсам, мен анама кейде өтірік айтамын, себебі…
- 5) Ашығын айтсам, мен анамды тек қуантсам деймін, себебі…
- 6) Ашығын айтсам, кейде анамды ренжітіп алсам…
7–12
- 7) Ашығын айтсам, анамның мұңайғанын көрсем…
- 8) Ашығын айтсам, анам ауырып қалса…
- 9) Ашығын айтсам, анам ұзақ уақыт үйде болмаса…
- 10) Ашығын айтсам, анам бір нәрсені бүлдірсем, мені қатты жазалайды, сондықтан…
- 11) Ашығын айтсам, мен анама ренжімеймін, себебі…
- 12) Ашығын айтсам, кейде мен анамды түсінбеймін, себебі…
Үй тапсырмасы
Дәптерлеріңді толтырыңдар: сабақтан түйген ойларыңды, негізгі ұғымдарды және бүгінгі талқылаудан алған әсерлеріңді қысқаша жазыңдар.
Соңғы тыныштық сәті
Ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алуларыңды бақылаңдар: бақытқа, шаттыққа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа тарағанын сезініңдер.
Енді көздеріңді ашыңдар.