Жолай осы жұмысымның өзімнің сүйікті ісім екеніне іштей тәубе қылам

Менің таңдауым — педагог

Наурыз айының суық күндерінің бірі еді. Далада көктемнің ызғары сезіледі. Үйден шығып, күнделікті жолыммен сүйікті жұмысым — балалар үйіне беттедім. Жолай осы қызметтің мен үшін жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауым екенін іштей тағы бір мәрте сезіндім.

Балалар үйі — менің екінші отбасым, өмірімнің жартысы. Табалдырығын аттаған сәтте алдымнан бір-біріне ұқсамайтын, бірақ маған бәрі бірдей жақын балалар жүгіріп шығады. Олардың әрқайсысының жүрегі жаралы: тағдырдың талай соқпағынан өткен, қиындық пен қасіретті ерте таныған.

Мен әр баланы құшағыма алып, жүрегімнің жылуынан болса да шөкімдей үлес бергім келеді. Сол жан жылуын күн сайын олармен бөлісіп келемін.

Күнделікті еңбектегі кішкентай жеңістер

Балалармен бірге өткізген әрбір сәт мен үшін қымбат. Мен оларды «тәрбиеленушілер» деген құрғақ атаумен атағым келмейді — олар менің балаларым. Көпшілігі ас пісіруді, кір жууды, тоқуды, бөлме жинауды және басқа да тұрмыстық дағдыларды өз бетімен меңгеріп үлгерген. Олардың әр жетістігіне шын қуанып, ертеңгі өмірлеріне қажет талай нәрсені әлі де үйреткім келеді.

Мен де олардан үйрендім

Шындығында, менің олардан үйренгенім де аз емес. Олар маған төзімділікті, жанашырлықты, кеңпейілдікті үйретті. Ана ретінде де, педагог ретінде де тәрбиелеудің мәнін дәл осы ортада жұмыс істей жүріп терең түсіндім. Әр баланың ішкі әлемін танып-білуге, олардың мінезіндегі ұсақ өзгерістерді байқап, уақытында қолдау көрсетуге үйрендім.

Тәрбиешіге қажет қасиет

Тәрбиешінің жүрегі тек мейірімді ғана емес, көреген де болуы керек. Сонда ғана ол баланың жан дүниесін сезініп, мейірімділік сезімін оята алады.

Таным мен қарым-қатынас бақыты

Менің балаларымның менен аларлары көп екенін білемін. Сол себепті мен оларға таным мен қарым-қатынас бақытын сыйлауға тырысамын. Ар-ұят пен мейірімділік секілді рухани байлықтарын сақтай отырып, өз-өздерін тануға, өз мүмкіндіктеріне сенуге, табысқа жетуге көмектескім келеді. Өйткені мен — тәрбиешімін.

Қиын бала болмайды — тек оларға уақытында көмек бере алмаған жағдайлар болады. Сондықтан мен көмектесудемін. Өйткені менің таңдауым — педагог.

Мүмкін, мен мұны кеш түсініп, кеш жазып отырған шығармын. Дегенмен, бұл — менің ішкі сырым.