Әдеби - шығармашылық курсының мақсаты
Кіріспе: әдебиет және тұлға қалыптастыру
Әдебиет — халқымыздың бай мұралы көркем тарихы. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен ата-баба тарихы, танымы мен талғамынан нәр алған жас ұрпақтың зерделі көңілін шығармашылық ізденіске бағыттау — бүгінгі күннің өзекті міндеті.
Саналы шәкірттің биігі мен алар асуы тек ғылыми ұғымдармен ғана өлшенбей, шынайы өмірді тануы, өз таңдауын жасай білуі арқылы бағалануы тиіс. Қай ортада да ойын еркін айтып, пікірін дәлелдей алатын құзыретті тұлғаны қалыптастыру — қоғамға қосылған маңызды үлес.
Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы әрі дәлелді шешім қабылдай білуге ұмтылуы керек. Осы себепті әдебиет пәнін өмірмен байланыстыра оқыту — көркем шығармадан тәлім алудың тиімді жолы.
Курстың тұжырымдамалық бағыты
Арнайы курс шәкірттің өзін-өзі тануына жағдай жасауға, туған әдебиеттің ұлттық сипатын танытуға бағытталады. Оқушы халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, шығарманың идеялық-адамгершілік өзегі мен көркемдік болмысын терең түсінуге үйренеді.
Сонымен қатар курс көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылықты арттырып, жоғары эстетикалық талғамды қалыптастыруды көздейді. Сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім мен дағды жүйелі түрде дамытылады.
Нәтижеге бағыт
Оқу еңбегіндегі ой дербестігін нығайтып, өз пікірін сауатты әрі сенімді түрде жеткізуге үйрету.
Әдеби талдау мәдениеті
Көркем туындыны ғылыми және әдеби тұрғыдан сауатты талдай алатын оқырман қалыптастыру.
Курстың мақсаты
- Оқушылардың рухани дүниесін байыту, көркем сөз мәдениетін қалыптастыру.
- Эстетикалық, интеллектуалдық, көркемдік-сезімдік, адамгершілік және азаматтық тәрбие беру.
- Оқырманның жеке шығармашылығының ұштасуына ықпал ететін орта мен жағдай жасау.
- Логикалық ойлауды, ауызекі және жазбаша тіл мәдениетін дамыту.
Бағыттар мен міндеттер
Танымдық бағыт
- Әдеби-теориялық және тілдік-эстетикалық білімге сүйеніп, көркем мәтінді талдау және бағалау.
- Көркем туындының тұтастық бітімін ұғыну: талдап-таразылау, пайымдау және бағалау дағдыларын қалыптастыру.
- Лирикалық, драмалық, эпостық шығармаларды талдауға және көтерілген ой мәнін таразылауға үйрету.
Практикалық бағыт
- Пікір айту, рецензия жазу, сұхбат (интервью) жүргізуге баулу.
- Жеке шығармашылықтың туу процесін меңгерту, шығармашылық жұмыстардың құрылымын таныту.
- Публицистикалық еңбектерді талдауға үйрету.
- Ой-толғау арқылы мақсатты дәйекті, дәлелді түрде ашып көрсетуге дағдыландыру.
Жұмыс түрлері
- Қазақ әдебиетінен берілетін теориялық білімді практикалық жұмыстармен тығыз ұштастырып, тілдің заңдылықтарын ауызша және жазбаша жұмыстарда сауатты қолдану.
- Өтілген грамматикалық ережелер негізінде мәтінмен жүйелі жұмыс жүргізу.
- Шығармашылық тапсырмаларды орындау және нәтижесін талдау.
Күтілетін нәтиже
Ойлау дағдылары
Салыстыру, дәлелдеу, талдау, қорытынды жасау дағдыларын меңгеру; тілдік және әдеби білімін толықтыру.
Орындаушылық қабілет
Практикалық, танымдық және шығармашылық тапсырмаларды еркін орындай алу.
Тіл мәдениеті
Сауатты жазу, сауатты сөйлеу, ойды жүйелі құрастыру.
Дербестік
Өзіндік ой дербестігін қалыптастыру және жеке пікірін жауапкершілікпен жеткізе білу.
Автор туралы
Ильясова Эльмира Төлепқызы
Атырау қаласы, Д. Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі