Енесіне баласын, Телиді мен келгенде
Тақырыбы
«Армысың, әз — Наурыз» (22 наурыз — Ұлыстың ұлы күніне арналған жалпы сценарий-конспект)
Мақсаты
- Наурыз мерекесі туралы білімді тереңдету.
- Балалардың тілін, мәнерлеп өлең оқуын, ән айтуын, би билеуін, сөйлеу мәдениетін және сөздік қорын дамыту.
- Елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Жүргізушілер
- Гүлайым Бағытбайқызы Абуталипова
- Нағима Темірбекқызы Тобашева
Қатысушылар
Барлық 4 ауылдың тәрбиеленушілері мен ұжымы.
Сахналық безендіру және атмосфера
- Зал мерекеге сай безендіріледі.
- Барлық қатысушылар қазақтың ұлттық киімін киеді.
- Экранда фон ретінде «22 Наурыз» туралы бейнежазба үздіксіз көрсетіледі.
- Фанфардан кейін жүргізушілер ортаға шығып, «Көңіл толқыны» күйінің әуенімен сөз бастайды.
Кіріспе сөз
Жүргізуші: Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз — көнеден келе жатқан мейрам, бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтың дәстүрлі мерекесіне айналған.
Құттықтау сөз кезегі мекеме меңгерушісі Мая Асқарқызына беріледі.
Наурыз ұғымы: мағынасы мен мәні
1) «Жаңа күн»
«Наурыз» сөзі ең алдымен «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.
2) Жыл басы, теңесім
Бұл кезде күн мен түн теңеліп, табиғат жаңарып, жаңа жыл ретінде тойланатын думанды халықтық мереке басталады.
3) Ай атауы
Наурыз — ай атауы ретінде де қолданылады.
Жүргізуші: Алдарыңызда қазақтың ұлттық айтыс өнерімен Томирис пен Жаскенді қарсы алыңыздар.
Негізгі ой: Халық барлық игі бастаманы Наурыз күні ырымдап бастаған. Сол себепті бұл күн «Ұлы істің ұлы күні» атанған. Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлайтын, сезімге гүл сыйлайтын қастерлі күн.
Мереке желісі: көріністер мен дәстүрлер
Жарапазан
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» — дегендей, мереке алдында балалар Жарапазан айтып жарысады.
Жылдам күй әуенімен есік жақтан бір ер бала атпен шауып шығады (қолында қамшысы болады) да: «Алақай, Наурыз мерекесі басталды! Алақай, алақай!» — деп сахнадан шығып кетеді.
Қыдыр ата және «Ұйқыашар»
Ертеде Қыдыр ата Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні келеді деген сенім болған. Кім қарсы алса, соған ерекше сыйы бар екені айтылады. Сол себепті жұрт түні бойы ұйықтамай, дайындалған.
Ұйықтап қалмас үшін жастар «Ұйқыашар» ұйымдастырған. Назарларыңызға Гүлдер ауылының «Ұйқыашар» ән-шашуын ұсынамыз.
Гүлдер ауылы өзімен бірге ұлттық «Әтеш» ойынын ала келіпті.
«Селт еткізер» (сый-кәде)
Ұлдар қыздарға жауап ретінде қонаққа келгенде «Селт еткізер» сыйлаған. Осы сәтте ән айтылып, өлең оқылып, ойындар ойналған.
Алдарыңызда Балапан ауылының «Селт еткізер» ән-шашуын қабыл алыңыздар.
«Наурыз — біздің әніміз» және «Ән-шашу» әндері орындалады.
Балапан ауылы өзімен бірге «Арқан тарту» ойынын ала келіпті.
Көрісу және «Төс қағыстыру»
Таңды қарсы алған ел далаға шығып, есік-терезесін ашып қояды: «Қыдыр ата үйге кірсін, береке дарысын» деген ниет. Осы күні жұрт бір-бірімен құттықтасып, көріседі.
Алдарыңызда «төс қағыстырып амандасу» дәстүрін тамашалаңыздар.
Асылбек (өлең):
Самарқанның көк тасы,
Ериді мен келгенде.
Тоң боп қатқан топырақ,
Жібиді мен келгенде.
Енесіне баласын,
Телиді мен келгенде.
Тар көңілдер түнерген,
Кеңиді мен келгенде.
Ақ жүзіңді бері бұр,
Тұсыңа бір келгенде.
Ұл мен қыз төс қағыстырып амандасуды көрсетеді.
Қадірменді қонақтар, балалар — қане, біз де құшақтасып, көрісіп алайық.
Наурыз бата
Осы жерде Наурыз батасы беріледі. Балдәурен орталығы атынан Серік ағайдан Наурыз батасын сұраймыз.
Мерекенің берекесі — ас
Халық мерекені думандатып бастаған. Бұл күнгі негізгі тағам — Наурыз көже.
Ботақан ауылы
Бүгінгі мерекемізге өздерінің ән-шашуымен келген Ботақан ауылын қарсы алайық.
- «Наурыз келді қалаға»
- «Наурыз — біздің жаңа жыл»
Ботақан ауылы «Қыз қуу» ойынын ала келіпті.
Құлпынай ауылы
Бұл күні қуаныш көбейіп, жаңа шаңырақ көтерілсе — қуанышты той жасалып, сәби дүниеге келсе — шілдехана аталып, бала қадам басса — тұсау кесіледі.
Осындай шуақты сәтте Құлпынай ауылы да ән-шашуымен келіп отыр.
- «Құтты болсын, халайық»
- «Кел, көктем»
Құлпынай ауылы «Қол күрес» ойынын тарту етпек.
Қорытынды ой
Қоғамдық өмір өрістеп, сан ғасыр зулап өтсе де, Наурыз тойын теріс деген ешкім болмаған. Өйткені оның бойында еңбек, бірлік, достық бар.
Ұйым
«Балдәурен» мектепке дейінгі дамыту және тәрбиелеу орталығы (КМҚК)
Құрастырушы
Гүлайым Бағытбайқызы Абуталипова