Керемет суреттерің үшін сендерге көп - көп рахмет

Жұмыс туралы мәлімет

Өтетін орны
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы
Білім беру ұйымы
№9 «Балауса» балабақшасы
Тәрбиеші
Алпысбаева Күміскүл Әбдіғаниқызы
Тобы
Мектепалды даярлық тобы
Тақырыбы
«Әлем менің көзіммен» (шығармашылық жұмыс): «Бөбек қалашығына саяхат»

Мақсат пен міндеттер

Мақсаты

Балалардың санасындағы қайырымдылық, мейірімділік және достық ұғымдарын кеңейту.

Міндеттері

  • Мейірімділіктің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамыту.
  • Мейірбандыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Бөбек қалашығының суреттері (слайд арқылы)

Түрлі-түсті бояу қаламдар

Ұжымдық жұмысқа арналған ақ қағаз (үлкен формат)

Сабақ барысы

1) Шаттық шеңбері

Балалар, бәріміз ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайық. Шеңбер болып тұрып, жылы жүзбен бір-бірімізге ізгі тілегімізді арнайық.

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,

Бізге келсін қуаныш нұр іздеген.

Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз,

Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

Бүгін тек мен ғана емес, шуақты күн де бізбен бірге қуанып тұрғандай. Ендеше, бір-бірімізге күлімсіреп, алақанымыздың жылуын сезіне отырып амандасайық. Күніміз көңілді әрі жарасымды аяқталуы үшін өзімізге және келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй тілейік.

Біз тағы да біргеміз,

Сөгілмейді іргеміз.

Құшып күннің шуағын,

Көрісерміз қуанып.

Амансың ба, алтын күн?
Амансың ба, көк аспан?
Амансың ба, қонақтар?
Сіздерді көрсем қуанам.

Тамаша! Енді ыңғайланып отырайық.

2) Тыныштық сәті (әуенмен)

Көзімізді жұмып, тыныштала қояйық. Әуен қосылған кезде бәріміз жүрегіміздегі сиқырлы әлемге аттанамыз.

Сезіну

Қолдарыңды жүректеріңнің тұсына қойып, оның соғысын сезіңдер.

Тыныс алу

Терең тыныс алып, ішкі тыныштықты байқап көріңдер.

Ізгі ой

Жүрегіңе әсем күлкіңді сыйла. Жүрек тек жақсы сөз айтады.

Жүрегімізге алғыс айтайық. Енді көзімізді ашып, қолымызды жоғары көтеріп, екі жаққа созып, терең дем алайық.

3) Әңгімелесу: «Бөбек қалашығына саяхат»

Бүгін біз «Бөбек» деп аталатын үлкен балалар қалашығына саяхат жасаймыз. Бұл қалашықта өте әдепті, мейірімді, бір-бірімен достықта өмір сүретін балалар тұрады екен.

Қалашықтағы балалар өздерінің апайы — Сара Алпысқызын ерекше мақтан тұтады. Олар оның қайырымды, жанашыр адам екенін, қолынан келген жақсылығын балалардан аяп қалмайтынын айтады. Сара апай тек «Бөбек» қалашығындағы балаларға ғана емес, еліміздегі барлық балалардың бақытты болып, әрдайым күлімдеп жүруіне жағдай жасауға талпынады.

Хат мазмұны

«Құрметті “Балауса” балабақшасының бүлдіршіндері! Біздің Сара апайымыздың туған күні мерекесі жақындап келеді. Біз апайымызға не сыйласақ деп ойлап отырмыз. Бізге көмектесе аласыздар ма? Әдемі салған суреттеріңізді хатпен жіберсеңіздер…»

Ендеше, балалар, Сара апайға сыйлық ретінде өзіміздің әдемі суреттерімізді салып жіберейік. Әрқайсымыз жүрегіміз қалаған бейнені таңдап, шын көңілмен сурет салайық.

4) Шығармашылық жұмыс (ұжымдық сурет)

Ортаға үлкен қағаз және түрлі-түсті бояу қаламдар ұсынылады. Тәрбиеші әр баладан қандай сурет салғысы келетінін сұрайды, қажет болған жағдайда бағыт-бағдар беріп көмектеседі. Суреттің ортасына күлімдеген күн бейнесі салынады.

5) «Жүректен — жүрекке»

Балалар өз салған суреттерін таныстырып, қысқаша әңгімелейді:

Ақнұр

Мен әдемі гүл салдым.

Бейбарыс

Мен құстың суретін салдым.

Айерке

Мен орамалдың суретін салдым.

Ортадағы күн сендердің суреттеріңе өз шуағын төгіп тұрғандай. Керемет жұмыстарың үшін көп-көп рахмет! Енді осы суретті «Бөбек» қалашығына жібереміз.