Балаларға тәуелсіздік туралы түсіндіру

Тәуелсіздік – адамзаттың бақыты!

Бұл шараның мақсаты – балаларға тәуелсіздіктің мәнін түсіндіру, Қазақстан Республикасының басты жетістіктерімен таныстыру, патриоттық және отаншылдық сезімді ояту, елін-жерін құрметтеуге тәрбиелеу.

Тәрбие сағаты Тәуелсіздік күні Патриоттық тәрбие

Қазақстан – азат ел

Қазақстан – сан ғасырлық тарихы бар, көпұлтты, егемен мемлекет. Көк байрағы, елтаңбасы, Әнұраны – халқымыздың бірлігі мен болашағына деген сенімнің белгісі.

Құттықтау сөзі

Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар! Еліміздің Тәуелсіздік күні құтты болсын! Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізу арқылы еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылды. Қысқа уақыт ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын кезеңдерінен өтіп, халықаралық аренада беделімізді нығайттық.

Бұл мереке – барша азамат үшін орны ерекше күн. Өйткені ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың қуанышы дәл осы тәуелсіздікпен баянды болды.

Мемлекеттік Әнұран

Жүргізуші (Әлихан)

Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған.
Несіне оны жасырам?
Әнұранымыз – бүгінгі
Баға жетпес асыл ән.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

Тәуелсіздік туралы толғаныс

Жүргізуші (Айнұр)

Тәуелсіздік – бұл менің парасатым,
Күншілмен де тіл тауып жарасатын.
Қорғайтын елдігіңді ерлігімен,
Қазақтың шығаратын Алаш атын.

Тәуелсіздіктің маңызы

Барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздіктің мәні айрықша. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тіліміз бен дінімізді қайта жаңғырттық. Ұлттық рәміздеріміз қабылданып, салт-дәстүріміз жанданды.

Ерлан

16 желтоқсан – тәуелсіздік алған күн,
Ерекше боп ел жадында қалған күн.
Жасай берсін ұлы күн – үміті боп елімнің,
Желбіресін көк туы – нағыз көркі жерімнің!
Мәңгі болсын, баянды болсын ғұмырың,
Құтты болсын, мықты болсын Тәуелсіздік тұғырың!

Гүлназым

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала.
Әр адамда өз анасынан басқа да
Жебеп тұрар, демеп тұрар арқа да
Болу керек құдіретті төрт Ана:

Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.

1986–1991: Азаттыққа бастар жол

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Ал Алматы – тәуелсіздіктің бастауы ретінде тарихта қалды: 1986 жылы жастар өздерінің демократиялық құқықтарын қорғау үшін алаңға шықты. Бұл оқиға қазақ халқының азаттыққа ұмтылған рухын айқындап, ұлт санасын оятқан кезең болды.

Естен кетпес есімдер

Тәуелсіз мемлекет атануымызға Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды азаматтардың ерлігі зор үлес қосты. Олардың қайсарлығы мен ұлт намысын қорғаған ісі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге.

Көркем бөлім

Хор: «Желтоқсан желі»

Дүр сілкінді желтоқсанда қоңыр аймақ,
Өйтпесе тілім қайтіп қанат жаймақ?
Ұран жазып, қып-қызыл ту көтеріп,
Жастар шықты алаңға «Елім-айлап».

Көрініс: «Абақтыдағы Қайрат»

Аида

Алаңға шығып, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып, тоңы еріді кеңестің,
Содан кейін еркіндікті бастадым.

Айнұр

Тас еденде жатты қазақ баласы,
Ауырса да, қыңқ етпеді жарасы.
Жараланған жолбарыстай ышқынып,
Айтып жатты соңғы сөзін ол ащы...

Дәурен

Қайрат атты атым бар,
Он сегізде жасым бар...
Еркек тоқты – құрбандық,
«Атам десең, атыңдар!»

Айнұр

Сұранбады, жалынбады, тік тұрды,
Барлық жендет қорықты одан, тіксінді.
Тас қорғанда жалғыз өзі жатса да,
Қанышерлер айналада көп еді...

Бір қазаққа әлі келмей, жер болып,
Мойындатпақ бір өлікті тергеулік.
«Сенің ісің, сен өлтірдің» дегенді
Артпақты олар өрен жасқа көлдей ғып...

Бұл көрініс Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың қайсар рухын, азаттыққа деген сенімін бейнелейді.

Қорытынды

Тәуелсіздік – тарихтың сыйы ғана емес, ұлттың жауапкершілігі. Азаттық жолында құрбан болған ерлердің ерлігі мен елдік мұрат жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталуға тиіс. Көк Туымыз мәңгі желбіреп, бірлігіміз бекем болсын.