Сот сабағы

Қазақ әдебиеті (6-сынып)

Тақырып
Д. Исабековтің «Ата үміті» повесі
Сабақтың мақсаты
Повестің мазмұнын топтастыра білу және түсіну; зерттеу жұмыстары арқылы талдау; алған білімді жинақтау.
Бағалау
Өзін-өзі стикер арқылы бағалау (формативті бағалау).

Модульдердің кіріктірілуі

  • Сыни тұрғыда ойлау

    Оқиғаға баға беру, дәлел келтіру, ұстанымды қорғау.

  • АКТ қолдану

    Ақпаратты табу, іріктеу және ұсыну дағдыларын дамыту.

  • Жаңа әдіс-тәсілдер

    Топтық жұмыс, диалогтік оқыту, зерттеушілік тапсырмалар.

  • Басқару және көшбасшылық

    Рөлдерді бөлу, пікірталасты жүргізу, жауапкершілікті бөлісу.

  • Оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау

    Кері байланыс беру, өзін-өзі бағалау арқылы оқу үдерісін жақсарту.

Оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер

Миға шабуыл «Кім тапқыр?» ойыны Топтастыру Венн диаграммасы Бес минуттық эссе INSERT стратегиясы

Оқып-үйренудің күтілетін нәтижелері

Білу және түсіну

Повестің мазмұнын топтастыра біледі және түсінеді.

Талдау

Зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы шығарманы талдайды.

Жинақтау

Алған білімін жинақтап, қорытынды жасайды.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқу құралдары түгенделеді. Психологиялық жағымды орта қалыптастырылады.

«Шаттық шеңбері»

Оқушылар көздерін жұмып, бір-біріне жақсы тілектер айтады.

2) «Миға шабуыл»

Оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып, тақырыпқа кіріспе жасайды.

3) Түсіну және жаңа сабақ

Жаңа сабақта оқушыларға Дулат Исабековтің өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ «Ата үміті» хикаяты ( «Дермене» хикаятынан үзінді) туралы түсінік беріледі.

Негізгі идея

Істеген әрекет үшін адам алдымен ар алдында, кейін заң алдында жауап береді.

Талқылау сұрақтары: шығармада Омаш жазаланды ма? Егер жазаланбаса, неге?

Оқушылардың жауабы: Тоқсанбай оны жауапқа тарттырмаған, шағымданбаған.

Сабақ форматы

Бүгінгі сабақ — «сот сабағы» (рөлдік ойын).

Көрініс: «Омаштың іс-әрекеттері» (сот сабағы)

Хатшы: Тұрыңыздар, сот келеді.

Сот: Отырыңдар.

Сот: Бүгін біз Қазақстан Республикасының азаматы Омашқа қатысты істі қараймыз. Ол Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес қылмыс жасады деген айыппен жауап береді.

Хатшы: Айыптаушыға сөз береміз.

Айыптаушы: Сіз неге дерменені ұрладыңыз?

Омаш: Жұмыс болмады. Тұрмысым нашар еді.

Айыптаушы: Сонда өз еңбегімен дермене жинаған адамдар туралы ойламадыңыз ба?

Омаш: Жоқ. Ол кезде күнделікті тамағыма ақша керек болды.

Айыптаушы: Демек, сіз өзімшілдік таныттыңыз.

Ақтаушы: Қарсымын. Жеке басының намысына тиіп отырсыз.

Сот: Қарсылық қабылданды.

Айыптаушы: Онда сұрақты нақтылаймын: сіз жеке басыңыздың қамын ойладыңыз ба?

Омаш: Иә.

Хатшы: Ақтаушы, сұрағыңыз бар ма?

Ақтаушы: Жоқ.

Айыптаушы: Куәгерді шақыруға рұқсат етіңіз.

Сот: Рұқсат.

Ақтаушы: Сіз есекті Омаштың ұрлағанын көрдіңіз бе?

Малшы: Жоқ.

Ақтаушы: Онда сіз оны қайдан білесіз?

Малшы: Түнде есегімді жайылымға жіберетінмін. Сол түні шықсам, есегім жоқ екен. Ұзап кетті деп бақылап жүрдім. Бір уақытта баланың есекке арбаны жегіп, кетіп бара жатқанын көрдім.

Ақтаушы: Демек, есекті Омаш ұрлады деп сеніммен айта алмайсыз, өйткені өз көзіңізбен көрмедіңіз ғой?

Малшы: Толық сеніммен айта алмаймын.

Айыптаушы: Тағы бір куәгерді шақыруға рұқсат етіңіз.

Сот: Рұқсат.

Айыптаушы: Сіз Омашты көрдіңіз бе?

Қырманшы: Иә.

Айыптаушы: Сағат нешеде?

Қырманшы: Білмеймін, есімде жоқ.

Ақтаушы: Қарсымын. Куәгердің дәлелі жеткіліксіз. Қылмысты нақты кім дәлелдейді?

Сот: Қарсылық қабылданды.

Қырманшы: Тоқсанбай қарт дәлелдейді.

Айыптаушы: Тоқсанбай қартты шақыруға рұқсат етіңіз.

Сот: Рұқсат.

Айыптаушы: Сіз Омашты қайдан білесіз?

Тоқсанбай қарт: Біз дермене шабуға келгенде, Омаш бізді қорқытып, келісімімізсіз-ақ бірге болды.

Айыптаушы: Неге немереңізді ондайға жібердіңіз?

Қарт: Біз Омаштан қорықтық. «Ағашқа байлап қоямын, суға батырамын» деп қорқытты.

Ақтаушы: Омаш, қарттың айтқанына келісесіз бе?

Омаш: Иә.

Ақтаушы: Қорыққаныңыздан заң орындарына хабарламадыңыз ба?

Қарт: Иә.

Айыптаушының қорытынды сөзі

Бұл адам — қылмыскер. Қорғансыз қарт пен немересіне қоқан-лоқы жасап, жәбір көрсетті; бұл да — қылмыс. Біреудің есегін ұрлады. Омаш істегенін мойнымен көтерсін. Егер ақтап жіберсек, ертең бұл әрекеттерін қайталамайтынына кім кепіл? Менің ойымша, оңай ақшаға ұмтылған, жалқаулыққа бой ұрған адам түзелмейді. Омаш — ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп үйренген адам. Жазасын өтеуі керек.

Ақтаушының қорытынды сөзі

Иә, әрекет қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Бірақ біз Омашты адам ретінде де түсінуге тиіспіз: ол тағдыр тәлкегіне түскен, соғыстан кейінгі жоқшылықты бастан кешкен. Тұрмысы төмен адам бір рет болса да көп ақша ұстауды армандап, қиындықтан құтылғысы келді. Алайда ол оңай ақша табам деген ойының қате екенін түсінді. Ең маңыздысы — ол өз қателігін мойындап отыр. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұраймын.

Хатшы: Сот ақтық шешім шығару үшін үзіліс жарияланады.

Сот шешімі

Қазақстан Республикасының заң нормаларына сәйкес Омаш 3 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтейді.

Келесі тақырыпқа бағыт

Келесі сабақта Әбіш Кекілбаевтің өмірі мен шығармашылығы қарастырылады. «Үркер» романының мазмұны бойынша жазба жұмысы орындалады.

Тапсырма

«Үркер» романының мазмұнын қысқаша жоспар түрінде жазу.