Бөлшекті дәрежеге шығару ережесін айтыңдар
Алгебра • 7-сынып
Сабақтың тақырыбы
Екі өрнектің қосындысы мен айырмасының квадраты (слайд арқылы).
Сабақтың мақсаты
I. Білімділік
- Екі өрнектің қосындысы мен айырмасының квадраты формулаларын қорытып шығару.
- Білік-дағдыларды қалыптастыру және есеп шығару барысында тиімді қолдануға үйрету.
- Білім, білік және дағдыларды меңгерту.
II. Дамытушылық
- Әр оқушыға деңгейіне сай тапсырма беру арқылы ілгерілеуін қолдау.
- Өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыру.
- Дәреженің анықтамасын, көпмүшені көпмүшеге көбейту ережесін және ұқсас мүшелерді біріктіру тәсілдерін қолдана білу.
- Логикалық және шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру.
III. Тәрбиелік
- Өз бетінше жұмыс істей білуге және формулаларды қорыту барысында ойын сауатты жеткізуге тәрбиелеу.
- Бірлесіп жұмыс істеу, өзара көмек көрсету мәдениетін қалыптастыру.
- Шыдамдылыққа, дәлдікке, шапшаңдыққа, ұқыптылыққа және бірлікке баулу.
Сабақ туралы қысқаша ақпарат
- Сабақтың түрі
- Жаңа тақырыпты меңгерту.
- Сабақта қолданылатын әдістер
- Жеке жұмыс, топтық жұмыс, проблемалық ситуацияны шешу.
- Сабақтың типі
- Дәстүрлі.
- Пәнаралық байланыс
- Информатика, бейнелеу өнері.
Қолданылатын көрнекіліктер
- Компьютер
- Тірек сызбалар
- Белсенді тақта
- Үлестірме карточкалар
Сабақтың жоспары
Кезеңдер
- Ұйымдастыру кезеңі: сәлемдесу, қатысымды тексеру, мақсатты нақтылау, психологиялық дайындық.
- Қызығушылықты ояту: үй тапсырмасын тексеру.
- Жаңа сабақ: ой қозғау сұрақтары, проблемалық ситуация, формуланы пайдалану.
- Сергіту сәті.
- Бекіту: оқулықпен жұмыс, «математикалық лото», үлестірме карточкалар, бос орынды толтыру.
- Үйге тапсырма.
- Қорытындылау: рефлексия.
- Бағалау.
Оқу үдерісінің 3 кезеңі
- 1-кезең: жаңа білімді меңгеру және оны қолдану.
- 2-кезең: алған білімді түрлендіру, әртүрлі жағдайда пайдалану.
- 3-кезең: жаңа білімді өздігінен меңгеру және бекіту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Бүгінгі сабақта екі өрнектің қосындысы мен айырмасының квадраты формулаларын қорытып шығарып, оларды есеп шығару кезінде қолдануды үйренеміз. Ол үшін дәреженің анықтамасын, көпмүшелерді көбейту ережесін, ұқсас мүшелерді біріктіруді, жақшаны ашуды және таңбалары әртүрлі сандарды қосу ережелерін еске түсіреміз.
II. Қызығушылықты ояту
Оқушылардың белсенділігін арттыру мақсатында интерактивті тақта арқылы логикалық тапсырмалар көрсетіліп, жауаптары талқыланады. Одан кейін үй тапсырмасы тексеріледі.
Қайталау сұрақтары
«Әркімнің өзі шығар биігі бар»
- Негіздері бірдей дәрежелерді көбейту қалай орындалады?
- Негіздері бірдей дәрежелерді бөлу қалай орындалады?
- Теріс санның жұп дәрежесінің таңбасы қандай?
- Теріс санның тақ дәрежесінің таңбасы қандай?
- Көбейтіндіні дәрежеге шығару ережесін айтыңдар.
- Бөлшекті дәрежеге шығару ережесін айтыңдар.
- Қандай өрнекті бірмүше деп атаймыз?
- Көпмүше деп нені айтамыз?
- Көпмүшелерді көбейткіштерге жіктеудің неше тәсілі бар?
III. Жаңа сабақты түсіндіру
1) Ой қозғау сұрақтары
«Шапқан озар, жатқан қалар»
- Өрнекті оқыңдар.
2) Проблемалық ситуация
Оқушыларға формуланы дайын күйінде бермей, оны көпмүшені көпмүшеге көбейту ережесіне сүйене отырып қорытып шығару ұсынылады. Осылайша формуланың құрылымы мен мағынасы саналы түрде меңгеріледі.
3) Формуланы пайдалану
Қорытылған формулалар есептерде қолданылып, жақшаны ашу, ұқсас мүшелерді біріктіру және дәрежелермен амалдар орындау дағдылары бекітіледі.