Тәрбие сағатының әдістері
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы
Н. С. Манаев атындағы жалпы орта мектебі
Сынып жетекшісі: Хилауова Армангүл Амангелдіқызы
Сынып: 9
Имандылық – ізгілік негізі
Егеменді еліміздің ертеңі – болашақ ұрпақтың қолында. Сондықтан өскелең ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып, санасына сіңіру – бүгінгі білім мен тәрбиенің басты міндеттерінің бірі.
Эпиграф
“Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз.”
Абай
Қанатты сөздер
- Жиғаныңа сенбе – иманыңа сен.
- Иманды адам – арлы адам, имансыз адам – сорлы адам.
- Үстіңнің кірін – сабын кетіреді, жаныңның кірін – иман кетіреді.
- Имандылық – қастерлі қасиет.
- Имандылық – инабаттылық айнасы.
Мақсаты
Негізгі бағыт
“Имандылық” ұғымының нақты мағынасын түсіндіру, оқушылардың білім көкжиегін кеңейту және тұлғалық қасиеттерін дамыту: ой-өрісін, қиялын, қызығушылығын, белсенділігін, құштарлығын арттыру.
Тәрбиелік міндеттер
- Ана тілін сүюге, ата-салт пен әдет-ғұрыпты қадірлеуге баулу.
- Бабалардан қалған ұлағатты сөздерді түсіндіріп, үлгі-өнеге алуға үйрету.
- Оқушы бойына имандылық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру.
- Рухани білімін байытып, логикалық ойлауын дамыту.
Құндылықтар жүйесі
Ұлттық педагогика негізінде оқушыларды парасаттылыққа, білімділікке, адалдыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке, ізгілікке, еңбекқорлыққа, достыққа, ерлікке, ізденімпаздыққа, іскерлік пен шеберлікке, ұқыптылық пен дәлдікке тәрбиелеу.
Өткізу форматы
Түрі
Ауызша журнал.
Әдістері
- Топтастыру
- Сыр-сұхбат
Көрнекіліктер
Абайдың нақыл сөздері, имандылық туралы қанатты сөздер, презентация, суреттер, буклеттер, шарлар.
Жоспар
- 1 Ұйымдастыру
- 2 Кіріспе
- 3 Негізгі бөлім
- 4 Қорытынды
Кіріспе бөлім: Мұғалімнің сөзі
Армысыздар, қадірлі қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі сынып сағатымыздың тақырыбы – «Имандылық – ізгілік негізі». Бүгінгі кездесуімізге аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан мырза арнайы келіп отыр. Қонағымызды қошеметпен ортаға шақырамыз.
Қазіргі уақытта ата-анасын қарттар үйіне тапсырған балалардың, балаларын “тірі жетім” етіп жүрген жауапсыздықтың, сондай-ақ алаяқтық, маскүнемдік, ұрлық сияқты келеңсіз әрекеттердің көбеюі ұлттық тәрбиемізге үлкен сын. Сол себепті мектептегі имандылық тәрбиесі оқушы бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге, өзінің кім екенін тануға, ұлтымыздың озық дәстүрі мен өнегесін ұғынуға және ұлтжанды азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенеміз.
Интерактив: тренингтер мен топтық жұмыс
«Жүректен шыққан жылы сөз»
Оқушылар бір-біріне жүректен шыққан жылы лебіздерін айтып, жақсылық тілек білдіреді. Мақсаты – сыйластық пен мейірімділікті күшейту.
Түс таңдау арқылы топқа бөліну
Үстел үстінде қызыл және жасыл түсті қағаздар жатады. Оқушылар сол түстерді таңдап, екі топқа бөлінеді.
І топ (қызыл)
Имандылық
ІІ топ (жасыл)
Достық
Топтастыру тапсырмасы
Ақ қағаз бетіне адамның бойында кездесетін жақсы және жағымсыз қасиеттерді жазып, оларды талқылау.
Ән
«Дүние керуен» әнін Сапашов Диас орындайды.
Ауызша журнал: «Имандылық – жүрекке ұяласа»
Бүгінгі тақырыпқа сай оқушылар діни бағыттағы қандай ұғымдарды біледі? Ортақ талқылау үшін негізгі ұғымдар топтастырылды:
Оқушы пікірі (Бекзат Қ.)
Имандылық – адамның қоғамдағы және күнделікті өмірдегі іс-әрекетін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қасиет. Ол – адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына, яғни мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне айрықша мән берілген. Адамның дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, өмір сүруі, қартаюы; ата мен бала арасындағы қатынас; үлкен мен кіші сыйластығы; әдептілік пен арлылық, инабаттылық секілді мәселелер имандылықтың құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған.
Жастардың үлкенге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішіге ізет білдіруі – өмір салтына айналған. Осындай көргенділік дағдылары жинақтала келе адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған ережелерінің қалыптасуына негіз болған. Адамгершілік асыл қасиеттерді бойына жинаған жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын, әр істе әділдік танытатын жанды “иманды” деп атаған.
Мұсылмандық дүниетанымда имандылық иманнан тарайды. Иман – жүректегі нұр, ал оның сыртқы көрінісі – көркем мінез. Пайғамбарлардың міндеті – иман мен имандылыққа үндеу деп түсіндіріледі. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) “Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім” деп, тәлім-тәрбие мен имандылықтың маңызын айқындаған. Имандылықтың негізі мұсылмандар үшін Құранда деп қабылданады.
Қазіргі зайырлы қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет. Ал оған қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.
Оқушы пікірі (Сұлтанбек)
Имандылықтың шынайы төріне төрт нәрсе арқылы жетуге болады:
- 1 Алланың жазуына шүкіршілік ету.
- 2 Алла тағалаға шын пейілмен сену.
- 3 Барлық істе Аллаға жүгіну.
- 4 Сана-сезіміңе кереғар нәрсеге сабыр ету.