Ғарышкер сөзінің түбірі мен қосымшасын айт

Ұйымдастыру және алдыңғы білімді еске түсіру

Сабақ басында сыныптың зейіні жинақталып, жұмыс ырғағы қалыптастырылады. Одан кейін үй тапсырмасы тексеріліп, өткен тақырып Эдвард де Бононың «6 ойлау қалпағы» технологиясы арқылы қорытындыланады.

Ақ қалпақ

  • Түбір дегеніміз не?
  • Қосымша деген не?

Сары қалпақ

Мына сөздерге қосымша жалғап айт: етік, егін.

Қызыл қалпақ

Мақалды оқы. Қарамен жазылған сөздерді салыстырып, ерекшеліктерін айт:

Еңбек — ер атандырады.
Еңбектің түбі — рахат.

Жасыл қалпақ

Өлеңді мәнерлеп оқы:

Мен ғарышкер боламын.

Аспан, аспан арайлым,

Саған жиі қараймын.

Сені көзбен шоламын,

Мен ғарышкер боламын.

  • «Ғарышкер» сөзінің түбірі мен қосымшасын айт.
  • Қандай ғарышкерлерді білесің?

Көк қалпақ

Түбірге қосымша не үшін жалғанады? Мысал келтір.

Жаңа сабақ: «Алтын алма ағашы» арқылы түсіндіру

Ерте, ерте, ертеде, біз білмейтін сиқырлы өлкеде бір қария өмір сүріпті. Қарияның бағында алтын алма ағашы өсіпті. Ол сол ағаштың жемісін базарға апарып сатып, күнелтеді екен.

Бір күні көршісі қызғанышпен түнде келіп, ағашты кесіп алып, өз бағына отырғызады. Бірақ ағаш өспей қалады. Неліктен?

Ертеңінде қария есігінің алдындағы ағаштың жоғалғанын байқайды. Көршісі істеген ісіне өкініп, кешірім сұрап, алма ағашын қайтарып береді. Қария ағаштың түбіне су құйып, күтіп-баптай бастайды. Сонда ағашқа жаңа бұтақтар өсіп, кейін қайтадан жеміс береді.

Негізгі ой

Сөз де дәл сол сияқты: түбір болмаса, мағына болмайды. Ал қосымша түбірге жалғанып, сөздің мағынасын толықтырады немесе жаңа сөз жасайды.

Анықтамалар

  • Түбір (түбір сөз) — сөздің әрі қарай бөлінбейтін, негізгі мағыналы бөлігі.
  • Қосымша — түбірге жалғанатын бөлік.

Мақал-мәтелдер

Жаманмен жолдас болсаң, кесірі жұғар; жақсымен жолдас болсаң, нәсібі жұғар.
Жақсы дос пайдасын тигізбесе, зиянын тигізбейді; жаман дос алдыңды орап жүргізбейді.

Ойын арқылы бекіту

«Қолғаптың сыңарын тап» ойыны

Түбір мен қосымшаны сәйкестендір:

мектеп + тер

тау + лар

жұмыс + шы

мүсін + ші

кітап + тар

теңіз + дер

үй + лер

Үндестік заңы (қосымшаның түрленуі)

Түбір сөздің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан болады.

Түбір сөздің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жіңішке болады.

«Гүлдерге көбелектерді қондыру» ойыны

Берілген түбірлерге жұрнақ/қосымша жалғап, дұрыс сөз құрастыр:

тәрбие + ші еңбек + кер құрылыс + шы жұмыс + кер дос + тық дойбы + шы

Түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы жасалған сөз туынды сөз деп аталады. Туынды сөздерді қатыстырып, сөйлем құра.

Сергіту сәті және емле ерекшелігі

«Доп лақтыру» ойыны

  • 1-қатар: «Ай» сөзінен басталатын қыз баланың есімін ата.
  • 2-қатар: «Ер» сөзінен басталатын ер баланың есімін ата.

Қосымша жалғанғанда дыбыс алмасуы

Қосымша жалғанғанда кейбір сөздердің жазылуы өзгеруі мүмкін: п → б, к → г, қ → ғ.

күрек → күрегі
бұлақ → бұлағы
жаңғақ → жаңғағы
бүйрек → бүйрегі
өрік → өрігі
кітап → кітабы

Сабақты қорытындылау

Венн диаграммасы: Жұрнақ пен жалғау

Жұрнақ

  • Сөздің мағынасын өзгертеді.
  • Жаңа сөздер жасайды.

Екеуіне ортақ

  • Екеуі де қосымша.
  • Жеке тұрғанда мағына білдірмейді.

Жалғау

  • Сөз бен сөзді байланыстырады.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  • 3-сынып: 5-жаттығу. Көп нүктенің орнына қ немесе ғ әріптерінің тиістісін қойып, жұмбақты көшіріп жаз.
  • 2-сынып: 6-жаттығу. Сөздерді көшіріп жазып, сөз құрамына талда.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, тапсырмаларды орындау сапасы, топтық/жұптық жұмысқа қатысу белсенділігі бойынша бағаланады.

Өткізген

Хайруллина Гүлжаухар Тұрлыханқызы

Тақырып: Түбір мен қосымша