Оқушылардан киелі сандарды сұрау

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сынып

6-сынып

Тақырып

Сан есімнен өткенді қайталау (флипчарт сабақ)

Сабақтың түрі

Саяхат сабақ

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Сан есім бойынша алған білімді нығайту, тиянақтау; теорияны тәжірибемен ұштастыру.

Тәрбиелік

Ұлттық дәстүрді қадірлеуге, патриоттық сезімге баулу; киелі сандардың мәнін таныту.

Дамытушылық

Тапқырлық, ізденімпаздық, ойлау қабілеттерін дамыту; шығармашылыққа баулу, ойын нақты жеткізуге үйрету.

Әдіс-тәсілдер

  • Топтастыру
  • Сәйкестендіру стратегиялары
  • Топтық жұмыс
  • Сұрақ-жауап

Қажетті құралдар

  • Перфокарталар
  • Суреттер, слайдтар, флипчарттар
  • Ашық тест, тестер

Пәнаралық байланыс

Әдебиет Тарих Математика

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбер

Оқушылар жарты шеңбер бойына тұрады. Мұғалім оқушыларды жылы лебізбен қарсы алып, бір-бірімен сәлемдесуге шақырады.

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанайық, достарым,
Жарқыраған күнге!

I. Ұйымдастыру

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа психологиялық дайындық.

II. Үй тапсырмасын тексеру

ҰБТ-ға дайындық ретінде тест жинақ кітапшасынан тапсырмаларды орындап келу берілген. Тексеру барысында «Ойқозғау» және ассоциация әдісі қолданылады.

III. Мақсат қою және «Киелі сандар еліне» саяхат

Сабақ саяхат формасында өтеді: сан есімді қайталау арқылы білімді нығайтып, тиянақтаймыз. Сабаққа қонақтар қатысады, ал жолыққан сандарды үш тілде айтып отырамыз.

Мұғалім оқушылардан киелі сандар туралы сұрайды. Әр тапсырмадан кейін жасырын тұрған киелі сан ашылып, сол санға қатысты ұғымдар слайд арқылы көрсетіледі.

1-аялдама: 3 саны

Киелі сан

«Ертегілер әлеміне келдік» бөлімінде оқушылар сүйікті кейіпкерлерін атайды. Кейін проблемалық сұрақ арқылы қысқа психологиялық мазмұнды ертегі ұсынылады.

Проблемалық тапсырма: «Балапан» ертегісі

Мақсаты: баланың ата-анаға тәуелділік деңгейін байқау. Ұяда әкесі, анасы және балапан бар. Дауыл соғып, ұя құлайды. Әкесі бір бұтаққа, анасы екінші бұтаққа қонады. Ал балапан не істейді?

Қалыпты жауаптар

  • Балапан да ұшып барып, бір бұтаққа қонады.

Алаңдататын жауаптар

  • Балапан ұша алмайды, жерде қалады.
  • Анасына ұшып барады, себебі қатты қорқады.
  • Әкесіне ұшып барады, өйткені оны күшті деп санайды.
  • Ұшқысы келеді, бірақ ұшуды білмейді.
  • Көмекке шақырады: ата-анасы келіп алып кетеді.
  • Құлап бара жатып өледі немесе суықтан, аштықтан қаза табады.
  • Оны бәрі ұмытып кетеді, біреу байқамай басып кетеді.

Жаттығу: 183 (перфокарта арқылы)

Үлестірмелі қағаздар таратылады. Тақтамен жұмыс: берілген сан есімдерді түрлерімен сәйкестендіру.

Мысал Түрі
Он, екі Есептік
Тоғызыншы Реттік
Бесеу Жинақтық
Елу-алпыстай Болжалдық
Он-оннан Топтау
Екінің бір бөлігі Бөлшектік

Сергіту сәті: математикалық жұмбақтар

  1. Мұз айдында жеті бала,
    Асыр салып жүр сырғанап.
    Сырғанамай екі бала,
    Жағалауда тұр қарап.
    Енді осы баланың санын айтсаң — жарадың.
  2. Екі аяқ пен екі қол,
    Екі көз бен бір тілің.
    Нешеу болды? Қане, бол,
    Санап шығар кім бұрын?
  3. Мына алты ақ алма — Нұрбибі мен Жанарға.
    Үш сарысы — Анарға,
    Қызыл алма — Манарға.
    Қанша сонда бар алма?
  4. Су құйып ем астауға,
    Екі қаз ұшты аспанға.
    Бір қасқалдақ, бір қазан,
    Екі үйрек, бір сазан,
    Бір көксерке, бір қарға.
    Айт: неше құс ұшып жүр? Неге екенін түсіндір.

Талқылау: жұмбақтарда қай сандар жиі кездеседі?

2-аялдама: 7 саны

Киелі сан

Презентация арқылы 7 санының киелілігі түсіндіріледі. Оқушылар «жеті ата», «жеті қазына» секілді ұғымдарды атап, мысал келтіреді.

Оқулықпен жұмыс: 157-жаттығу (мәтінмен жұмыс)

Мәтіндегі сан есімдерді теріп жазып, құрамдық және мағыналық түрлеріне қарай ажыратыңыз.

Электрондық оқулықпен жұмыс: жұмбақтар шешу

  1. Таңертең төрт аяқты,
    Түсте екі аяқты,
    Кешке үш аяқты.
    (Адамның сәби, жас, кәрілік шағы)
  2. Басы да екеу,
    Аяғы да екеу.
    (Қайшы)
  3. Кездеспейді екеуі,
    Көк аспанда мекені.
    (Ай мен Күн)
  4. Қатар тұрып екеуі,
    Бірін-бірі көрмейді,
    «Көр!» десең де көрмейді.
    (Екі көз)
  5. Үй ішінде отыз екі батыр,
    Кіргендерді отап, турап жатыр.
    (Тіс)
  6. Үш-төрт қана тісі бар,
    Шөп көтерер күші бар.
    (Айыр)

Практика: санды сөзбен жазу

Жазылуы Санмен
Отыз бала 30 бала
Жүз бірінші бет 101-бет
Жетінші сынып 7-сынып
Сегізінші наурыз 8 наурыз
Екі мың он бірінші жыл 2011 жыл
Жиырма бесінші полк 25-полк
Он бесінші қатар 15-қатар
Оныншы ғасыр X ғасыр

3-аялдама: 40 саны

Дәстүр мен ұғым

Тапсырма орындалған соң 40 саны ашылады. Оқушылар халықтық дәстүрлермен байланысын айтып, өз білгендерін ортаға салады.

«Қырықтың бірі — Қыдыр»

Баланың қырқынан шығару

«Қызға қырық үйден тыйым»

VI. Мақал-мәтелдерді толықтыру

  1. жасар бала келсе, шал алдынан шығар.
  2. білмеген — жетесіз.
  3. рет өлшеп, рет кес.
  4. Ер жігіттің сөйлегені — өлгені.
  5. тістен шыққан сөз рулы елге тарайды.
  6. Ел құлағы — .
  7. бірі — Қыдыр.

Шығармашылық жұмыс

«Қырық өтірік» үлгісімен қысқа ертегі құрастыру.

Бекіту: тест тапсырмасы

Оқушылар тест арқылы сан есім тақырыбын қорытындылап, өз нәтижесін тексереді.

VIII. Қорытындылау және рефлексия

Қорытынды сұрақтар

  • Сан есім дегеніміз не?
  • Сан есім құрамына қарай қандай топтарға бөлінеді?
  • Сан есім мағынасына қарай қандай топтарға бөлінеді?
  • Сан есім сөйлемде қандай қызмет атқарады?

INSERT әдісі (түртіп алу)

Білемін

Сабақ басындағы білімім мен түсінігім.

Білдім

Сабақ барысында толықтырған жаңа ақпарат.

Білгім келеді

Әлі де тереңдеткім келетін сұрақтар.

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, тапсырма орындауы және тест нәтижесі бойынша.

Үй тапсырмасы

  • Құрамында сан есім бар мақал немесе нақыл сөз бойынша ребус құрастыру.
  • Тарихи жәдігерлер туралы материал іздеу.