Математика сұрақтары
Сабақтың мақсаты мен бағыты
Бұл сайыс сабақтың өзегі — «Ұлт болашағы білімдінің қолында» қағидасын терең түсіндіру және оқушылардың түрлі пәндер бойынша алған білімін жүйелеу. Сабақ барысында оқушылар топпен бірлесе жұмыс істеуге, ой ұшқырлығын көрсетуге және өз білімін дәлелді түрде жеткізуге дағдыланады.
Білімділік
Оқушылардың пәндер бойынша меңгерген білімін саралау, сұрақтарға толық жауап беру мәдениетін қалыптастыру, топтық жұмыста белсенділік танытуға үйрету.
Дамытушылық
Сөздік қорын молайту, дүниетанымды кеңейту, тіл байлығын арттыру, шығармашылық қиял мен логикалық ойлауды дамыту, ойын еркін жеткізуге баулу.
Тәрбиелік
Ізденімпаз, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу; туған тілді сүюге, елін-жерін құрметтеуге және жан-жақты білімді болуға бағыттау.
Құрал-жабдықтар
- Топ атаулары жазылған қағаздар
- Қима қағаздар
- Интерактивті тақта
Әдіс-тәсілдер және құрылым
Әдісі
Сұрақ–жауап, ой қозғау, болжау
Типі
Білімді бекіту
Түрі
Сайыс сабақ
Пәнаралық байланыс
Ана тілі, қазақ тілі, дүниетану, математика
Сабақтың барысы
Сабақ оқушылардың зейінін шоғырландырудан және психологиялық дайындықтан басталады. Жылы сөз бен мәнді ой — сайыстың да, білімнің де берік іргетасы.
Психологиялық дайындық
Әрбір сабақ – үйрену, ұғу, ұлағат.
Әрбір ісің – тірлік, тірек, адамдық.
Әрбір сөзің – шындық, бірлік, адамдық.
Топқа бөліну және атау беру
Оқушылар үш топқа бөлінеді. Мұғалім сөздері орындары ауыстырылған қағаздар таратады. Сөздердің дұрыс ретін тапқан топтар сөйлемді құрастырып оқиды: «Ұлт болашағы білімдінің қолында».
- I топ — Тапқырлар
- II топ — Алғырлар
- III топ — Зеректер
Сайыс құрылымы
Сайыс төрт кезеңнен тұрады. Әр кезеңде топтар жинаған ұпайларын әділқазылар бағалап отырады, қорытынды соңында жарияланады.
I кезең — «Қызықты төрттік»
Төрт пән бойынша сұрақтарға жауап. Толық жауап — 5 ұпай.
II кезең — «Ұшқыр ой»
1–2 минут ішінде берілген сөзден бірнеше сөз құрастыру. 5 ұпай.
III кезең — «Тіл өнері»
Жұмбақтың шешуін табу және оны орыс тіліне аудару.
IV кезең — «Сын сағаты»
Топ басшылары жағдаяттық сұрақтарға дәлелмен жауап береді.
I кезең — «Қызықты төрттік»
Бұл кезеңде оқушылар өздеріне таныс пәндерді таңдап, сұрақтарға жауап береді. Мақсат — білімді тек айту ғана емес, толық әрі нақты жеткізу.
Математика сұрақтары
- Ұзындық өлшем бірліктерін атаңдар. (мм, см, дм, м, км)
- Тік төртбұрыштың периметрін қалай табамыз? (ұзындығы мен енін қосамыз)
- 9 бен 4-тің көбейтіндісі нешеге тең? (36)
- Екі әке, екі бала театрға билет алады. Театрға неше адам билет алды? (3)
- Шаршы дегеніміз не? (барлық қабырғасы тең төртбұрыш)
- Өздерің білетін геометриялық фигураларды атаңдар. (шаршы, төртбұрыш т.б.)
- Ең кіші төрт таңбалы сан? (1000)
- Бір мүшел 12 жас десек, 3 мүшелде неше жас бар? (37)
- Бөлу амалының атауларын атаңдар. (бөлінгіш, бөлгіш, бөліндінің мәні)
Қазақ тілі сұрақтары
- Мәтіннің түрлерін атаңдар. (әңгімелеу, сипаттау, пайымдау)
- «Хат» сөйлеудің қай түріне жатады? (жазбаша)
- Негізгі сөйлем мүшесін атаңдар. (бастауыш)
- Қазақ әліпбиінде неше әріп бар? (42)
- «Не істеді? Қайтті? Не қылды?» — қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (баяндауыш)
- Айтылу мақсатына қарай сөйлем нешеге бөлінеді? (үшке: хабарлы, сұраулы, лепті)
- Қос бүйірін таянып тұратын қай әріп? (Ф)
- «Батыр» сөзіне мәндес сөздерді атаңдар. (ержүрек, батыл, қайсар т.б.)
- Зат есім дегеніміз қандай сөз табы? Мысал келтіріңдер. (заттың атын білдіретін сөздер)
Дүниетану сұрақтары
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін қашан алды? (1991 ж. 16 желтоқсан)
- Әр адамның шағын отаны. (отбасы)
- Мемлекеттік рәміздерді атаңдар. (Ту, Әнұран, Елтаңба)
- Әнұранның авторлары кімдер? (Ш. Қалдаяқов, Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев)
- Адам денесінің тірегі не? (қаңқа)
- Сезім мүшелерін атаңдар. (көз, мұрын, құлақ, тіл, тері)
- Жер бетінің қағазға кішірейтілген бейнесі қалай аталады? (карта)
- Көкжиектің неше тұсы бар? (4)
- Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторларын атаңдар. (Ш. Уәлиханов, Ж. Мәлібеков)
Ана тілі сұрақтары
- Абылайдың азан шақырып қойған аты. (Әбілмансұр)
- «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы. (М. Әуезов)
- Абылай ханға Төле бидің қойған аты. (Сабалақ)
- «Дала жұлдызы» деп кімді атайды? (Ы. Алтынсарин)
- «Әке арманы» мәтінінің негізгі кейіпкерлері. (Абай мен Әбіш)
- «Білімдіден шыққан сөз» — кімнің өлеңі? (А. Құнанбаев)
- Өмірде болған адамға қатысты құрылған халық шығармасы. (аңыз)
- Үш биді атаңдар. (Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би)
- Қабанбайдың шын аты. (Ерасыл)
II кезең — «Ұшқыр ой»
Әр топқа 1–2 минут уақыт беріледі. Берілген бір сөзден мүмкіндігінше көп сөз құрастыру керек. Жауаптар тыныштық сақтай отырып, қосымша қағазға тез жазылады. Бұл кезең 5 ұпаймен бағаланады.
Сөз
Атамекен
Сөз
Болашақ
Сөз
Жаңақорған
III кезең — «Тіл өнері»
Мемлекеттік тілмен бірге оқушылар орыс тілін де меңгере бастайды. Бұл кезеңде әр топқа үш жұмбақ оқылады: шешуін тауып, оны орыс тіліне аударады.
I топ — Тапқырлар
-
Өзі сондай ақ, жесең тәтті-ақ.
Қант — сахар
-
Қыс бойына жатады, тәтті ұйқыға батады.
Аю — медведь
-
Жазу жазып жалықпаған, жаза-жаза арықтаған.
Бор — мел
II топ — Алғырлар
-
Өзі таудың бөктерінде өседі, жаңа жылда үй төріне көшеді.
Шырша — ёлка
-
Білімнен мол сиясы, балғындардың ұясы.
Мектеп — школа
-
Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама.
Кітап — книга
III топ — Зеректер
-
Мамықтай ұлпа, қанттай ақ. Қыста жер бетін басады, жазда сайға қашады.
Қар — снег
-
Ұшып-қонып тынбайды. Жерге соқсаң сынбайды. Суға салсаң батпайды. Түскен жерде жатпайды.
Доп — мяч
-
Бұдан кір қорқады, судан бұл қорқады.
Сабын — мыло
IV кезең — «Сын сағаты»
Бұл кезеңге әр топтан топ басшысы шығады. Мұғалім жағдаяттық сұрақтар қояды, ал оқушылар өз шешімін нақты дәлелмен түсіндіреді. Ойлануға 1 минут уақыт беріледі.
1-сұрақ
Бүгін сабақта «2» алып қалдың. Ұстазың да, анаң да ренжіді. Сол ренішті қалай жеңер едің?
2-сұрақ
Мектепке жаңа доп әкелдің. Ойнап жүріп досың добыңды жарып қойды. Не істейсің? Үйдегілерге не айтар едің?
3-сұрақ
Құрбың математикадан жиі төмен баға алады. Мұғалім саған ескерту жасады. Құрбыңа қандай көмек көрсетер едің?
Талап: жауап бір сөзбен шектелмей, ой елегінен өткізіліп, нақты уәж бен дәлелге сүйеніп айтылуы тиіс.
Қорытынды
Төрт кезеңнен тұратын сайыс аяқталғаннан кейін әділқазылар қорытынды ұпайды жариялайды. Жеңімпаз топ марапатталады. Сабақтың түйіні — білімге ұмтылу, бірлікпен жұмыс істеу және алған білімді өмірлік жағдаятта қолдана білу.