Оқушыларды көшеде, жолда жүру мәдениетіне тәрбиелеу

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларды көлік түрлерімен, жолда жүру ережелерімен, жол белгілерімен, бағдаршаммен және жаяу жүргінші мен көліктің өзара байланысымен таныстыру.

Дамытушылық

Балалардың ой-өрісін кеңейту, білім-білік дағдыларын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту; қоршаған ортадағы қауіп-қатерді терең түсініп, сақтану жолдарын саналы түрде ұйымдастыра алуға баулу.

Тәрбиелік

Көшеде және жолда жүру мәдениетін қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен құралдар

Көлік тарихы

Алғашқы көліктер туралы материалдар, көлік суреттері.

Жол белгілері

Жол белгілерінің үлгілері мен суреттері.

Бағдаршам

Бағдаршам макеттері, түстердің мағынасы.

Мультимедиа

Бейнетаспа, мультимедиялық компьютерлік құрылғы.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру және тақырыпқа кіріспе

Мұғалім оқушылармен бірге апталықтың тақырыбын нақтылайды: жолда жүру тәртібі. Одан кейін сабақтың тақырыбы таныстырылады және қысқаша психологиялық дайындық жүргізіледі.

Сұрақтар

  • Қазір бізде қандай апталық өтуде?
  • Біздің ата-бабамыз қандай халық болған?
  • Көлік ретінде нені пайдаланған?

Ой қозғау: көліктің дамуы

Ауыр жүк артуға және алыс жолға төзімді жылқыны халқымыз қазанат деп атап, ерекше бағалаған.

Велосипед

Велосипед (фр. vélocipède, лат. velox — «жылдам», pes — «аяқ») — адам күшімен қозғалатын көлік. Көбінесе екі дөңгелекті, кейде үш дөңгелекті түрлері кездеседі. Алғашқы велосипедтер Еуропада XIX ғасырда пайда болып, кейін әлемге кең тарады.

Автомобиль

1769 жылы өздігінен қозғалатын алғашқы көлікті француз инженері және артиллерия капитаны Никола-Жозеф Кюньо (1725–1804) жасады. Автомобиль — жолаушылар мен жүкті тасымалдауға арналған, өз қозғалтқышы бар дөңгелекті көлік.

Үй тапсырмасы

Суретке қарап, автомобиль маркаларын ажырату.

Білімді бекіту: жүргізуші және жол мәдениеті

Негізгі түсініктер

Сұрақтар

  • Көлікті кім жүргізеді?
  • Жүргізуші болу үшін не істеу керек?

Жүргізуші болу үшін тиісті құжаттар қажет (куәлік және басқа да талап етілетін құжаттар).

Кез келген маманның өз жұмыс орны болады. Автокөлік жүргізушісінің жұмыс орны — жол үсті. Сондықтан жүргізуші әрдайым мұқият болуы тиіс.

Жаяу жүргіншінің жауапкершілігі

Кейде жаяу жүргіншілер жолға кенет шығып кетеді. Бұл — жолдағы қауіптің басты себептерінің бірі. Сондықтан көшеде жаяу жүргінші зейінді болып, жолда жүру ережелерін қатаң сақтауы керек.

Маңызды ой

Жаяу жүргіншінің ережені сақтамауы жүргізушінің жұмысын қиындатады және апат қаупін күшейтеді.

Жол белгілері, жол құрылысы және бағдаршам

Жол қауіпсіздігі жүйесінің негізгі тіректері — жол құрылысы, жол белгілері және бағдаршам. Олардың барлығы қозғалысты реттеп, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің әрекетін үйлестіреді.

Бағдаршам тарихы

Алғашқы көшелік бағдаршам 1868 жылы Лондонда пайда болды. Оны ағылшын инженері Найт ойлап тапқан. Алғашқы үлгіде екі семафорлық қанат болған: көлденең қойылғаны — «тоқта», 45° бұрышпен еңкейтілгені — «абайлап өтіңіз» дегенді білдірген.

Үш түсті жүйе және электр бағдаршамы

1918 жылдан бастап бағдаршамда үш түс жүйелі түрде қолданыла бастады. Алғашқы электр бағдаршамын жасаған өнертапқыштардың бірі ретінде Лестер Вайр аты аталады.

Викторина: білімді тереңдету

  1. 1) Жолаушылар дегеніміз кімдер?

    Кез келген көлік түрін пайдаланатын адамдар.

  2. 2) Бағдаршам дегеніміз не?

    Бағдаршам — автоматты жүйеге қосылған үш көзді құрылғы. Ол жол қозғалысын реттейді.

  3. 3) Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады?

    Жол бойымен 14 жасқа толған балаларға ғана рұқсат етіледі.

  4. 4) Көшеде бағдаршам болмаса не істеу керек?

    Алдымен сол жаққа қараңыз, жол ортасына жеткен соң оң жаққа қараңыз. Асықпай, сақтықпен өтіңіз.

  5. 5) Қандай көліктерге қызыл жарықта жүруге рұқсат етіледі?

    Жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметі көліктеріне.

  6. 6) Қоғамдық көлікті қай жерден күтеміз?

    Аялдамадан.

  7. 7) Жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп өту неліктен қауіпті?

    Жүргізуші көлікті бірден тоқтата алмайды, бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.

  8. 8) Полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері өтіп кеткенше күту міндетті ме?

    Иә, міндетті.

  9. 9) «МАИ» дегеніміз не?

    Мемлекеттік автоинспекция.

Практикалық бөлім

Бейнематериал

Көшедегі тәртіп пен қауіпсіздікке байланысты бейнетаспа көрсетіледі. Мақсат — нақты жағдайлар арқылы дұрыс әрекет ету дағдысын қалыптастыру.

Ән арқылы бекіту

«Көшеде аман-есен жүрейік» тақырыбын қорытындылау үшін «Әрқашан күн сөнбесін» әні орындалады.

Қорытынды

Жол заңы әр адамнан дұрыс жүруді және абай болуды талап етеді. Жол тәртібін бұзуға болмайды, себебі ол қатер тудырады.

Неден сақ болу керек?

  • Жол бойында қалай болса солай жүріп кету;
  • Жол жиегінде доп қуалау;
  • Жол үстінде шаңғы тебу немесе ойнау;
  • Жүріп бара жатқан көлікке жармасу;
  • Қалтарыстан жолға кенеттен шығып кету.

Мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін: жарақат, өмірлік мүгедектік, тіпті адам өлімі.

Сондықтан әр оқушы жолда жүру ережелері туралы сабақтарды мұқият тыңдап, әр тақырыптан қорытынды шығарып отыруға міндетті. Үлгілі, тәртіпті оқушы көшеде және жолда заңды бұзбайды.