Бақыт баянсыз

Мейірімділік — адамдардың жанын жылытатын күннің көзі

Мақсаты

Мейірімділікпен өмір сүру — бақыт екенін түсіндіру; балалардың санасына мейірімділік пен қайырымдылық ұғымдарын орнықтыру; ізгі сөз айту дағдысын арттыру; кішіпейілділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Тапсырмалар
  • Суреттер мен сызбалар
  • Жүрекшелер
  • Түсті қағаздар

Әдіс-тәсілдер

  • Сыни тұрғыдан ойлау
  • Топтастыру жұмысы
  • Ой бөлісу
  • Жапсырмалау

Шаттық шеңбері

Шаттық шеңбері аясында бір-бірімізбен амандасып, жылы лебізімізді бөлісеміз.

Қуанамын мен де, (Өзін көрсетеді.)
Қуанасың сен де, (Жанындағы досын көрсетеді.)
Қуанайық, достарым, (Бір-бірінің қолдарынан ұстайды.)
Арайлап атқан күнге! (Қолдарын жоғары көтереді.)

Мен сенен жылу аламын (солға қарайды)
Жүрегіме саламын (тура қарайды)
Досыма сыйлаймын (оңға қарайды)
Сәттілік тілеймін (тура қарайды)

Топтық танысу

Балалар топпен жұмыс жасайды. Әр топ өз атауын айтып, ортақ ниетін білдіреді.

I топ — «Күн шуақ»

Біз күнбіз, шуағымызды сіздерге сыйлаймыз.

II топ — «Нұрлы жүрек»

Біздің жүрегіміз сіздерге жақсылық тілейді.

III топ — «Жылы алақан»

Біздің алақандарымыз сіздерге көмектеседі.

IV топ — «Керемет көңіл»

Біз сіздерге жақсы көңіл күй сыйлаймыз.

V топ — «Жан жылуы»

Біз сіздерге жанымыздың жылуын береміз.

«Мен қандай баламын?»

Қосымша тапсырмалар арқылы әр бала өз өнері мен хоббиі туралы әңгімелейді. Сіздер еңбекқор әрі жауапты екенсіздер — бүгінгі тапсырмаларды еш қиындықсыз орындайтындарыңызға сенімдімін.

Ертегіні сахналау: «Байлық, Бақыт, Ақыл»

Автор

Ерте заманда Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі бас қосыпты. Олар адам баласына тигізер пайдасы жайында сөз таластырып қалады.

Байлық

«Менің арқамда ғана адамның төрт түлігі сай, үйі бар, дүние-мүлкі мол, ішіп-жеуі жеткілікті болады. Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ».

Бақыт

«Мен — Бақытпын. Кімнің басына қонсам, соның атақ-даңқын көтеремін, абыройын асырамын. Қарсы келген дұшпанды жер қыламын».

Ақыл

«Достарым, таласқа қосылмаймын. Үшеуміз де адам баласына қажетпіз. Бірақ менсіз өмір сүре алмайды. Екеуің де маған бағыныштысыңдар. Келіспесеңдер, Данышпанға жүгінейік».

Данышпанның төрелігі

«Өмірдің өзі — сабақ: Байлық — бір жұттық, Бақыт — баянсыз. Ақыл бар жерде ғана байлық та, бақыт та, бірлік те, ынтымақ та түгел. Ақылдың тірегі — еңбек. Еңбекпен ұштасқан ақыл адамды мәнді де сәнді өмірге бастайды».

Түйінді ой

«Адам бойындағы ең тамаша нәрсе — білім мен ақыл» (Ж. Баласағұни)

«Алтын ақыл» — күнделікті ізгі әдеттер

  • Үйде, мектепте «Сәлем», «Сәлеметсіз бе», «Қайырлы түн» сияқты ізгі сөздерді айтуды ұмытпа.
  • Жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, ал үлкендер кішілерге қамқор болуы тиіс. Мұны есте сақта.
  • Әр күніңді жақсы оймен бастап, бос өткізбе.
  • Күні бойы өзіңді қоршаған адамдар туралы сүйіспеншілікпен және ізгілікпен ойла.
  • Тыныштық сақтауға, нәзік үнмен биязы әрі мәдениетті сөйлеуге үйрен.
  • Ұйықтар алдында: «Бүгін қанша адамды қуанттым? Кімді жұбаттым? Қандай қайырым жасадым?» деп ой елегінен өткіз.
  • Ата-анаңның мейірім шуағын сезініп, қадірлей біл.
  • «Жақсылыққа жақсылық — әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық — ер кісінің ісі» деген мақалды түсініп, жадыңда ұста.

Жаттығу: «Мейірімділік моншағын тізу»

Әр айтылған мейірімді сөзді, әр жасалған игі істі «моншақ» деп есептеп, біртіндеп тізіп отырыңдар. Сабақ соңында ол — сендердің күндік мейірімдеріңнің көрінісі болады.

Әңгімелесу

Мейірімді адам қандай болады?

  • Қиын сәтте қол ұшын беруге, көмектесуге дайын.
  • Жақсылық жасауға ұмтылады.
  • Табиғатты сүйеді.
  • Аң-құстарға қамқорлық көрсетеді.
  • Сыпайы, әдепті, жинақы болады.
  • Үлкенді де, достарын да сыйлайды.

Сөздермен жұмыс

Қалай ойлайсыңдар: қатыгездік көп пе, әлде қайырымдылық пен мейірімділік көп пе? Төмендегі сөздердің қарама-қарсы мағынасын табыңдар.

Жаман — жақсы
Қатігездік — қайырымдылық
Соғыс — бейбітшілік
Аямаушылық — қолы ашықтық
Дөрекілік — әдептілік
Қаталдық — мейірім
Өтірік — шындық

Ойын: «Ертегі кейіпкері — қайырымды ма, әлде қатыгез бе?»

Ертегілердің басты тақырыптарының бірі — қайырымдылық пен қатыгездік. Мен кейіпкерлерді атаймын: қайырымды болса — алақан соғамыз, қатыгез болса — аяқпен тоқылдатамыз.

Мақтақыз Бауырсақ Тоқылдақ Қаңбақ шал Қарлығаш Таусоғар Дәу Алдаркөсе Жеті лақ Қасқыр Мыстан кемпір Түлкі

Құрастыру ойыны: «Данышпандар сөйлейді»

Нақыл сөздерді құрастырып, мағынасын түсіндіріңдер.

  1. «Адал жанды өнеге тұт өзіңе» — Жүсіп Баласағұни
  2. «Жақсы тәртіп әдетке айналса — ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса — қырсық» — Ғабиден Мұстафин
  3. «Бала болсаң, болғандай бол; ағайынға қорғандай бол» — Нұржан шешен
  4. «Үлкенді ізетте, кішіні құрметте» — Бауыржан Момышұлы
  5. «Мейірімділіктің жолы — жарық күн» — Майлықожа Сұлтанқожаұлы
  6. «Талаптан да білім мен өнер үйрен; білімсіз, өнерсіз болса, ақыл тұл» — Ш. Құдайбердіұлы

Аппликация жаттығуы

Әр топ таңдап алған түстерімен плакатқа жапсырмалау арқылы белгілі бір бейнені құрастырады. Түстерді топ басшылары таңдайды.

1-топ

Қызыл, жасыл — гүл.

2-топ

Көк, сары — аспандағы күн.

3-топ

Көк, ақ — теңіздегі желкенді қайық.

4-топ

Сұр, жасыл — ағаш пен жапырақ.

5-топ

Көк, ақ — аспан мен көгершін.

6-топ

Сары, қызғылт — ара мен гүл.

Түйіндеу

Әр топ мақал-мәтел немесе нақыл сөз айтып, өз жұмысының идеясын қорғайды.

Қорытынды

Ақыл мен білім, мейірімді жүрек адамды дұрыс бағытқа бастайды. Мейірімділік — адамның бір-біріне жылы сезімін білдіруі, тек жақсылық ойлауы және игілік жасауы.

Мейірімді, қайырымды, сезімтал жан әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жасалған жақсылық адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын, парасаттылығын көрсетеді.

Есте сақтайық

  • Мейірімділік әр адамның жүрегінде өмір сүреді.
  • Оны көзқарастан да, іс-қимылдан да тануға болады.
  • Мейірімді адамды көпшілік жақсы көреді.

Ән: «Бала тілегі»

Сабақ соңын ортақ әнмен аяқтап, бір-бірімізге жылы тілек айтамыз.

Мейірімділік — адамдардың жанын жылытатын күннің көзі.