Графиктік объектілерді біріктіру
М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі
Информатика пәні оқытушысы: Н. Арқабаев
Сабақтың тақырыбы
Word мәтіндік процессоры: құжатқа суреттер мен графикалық объектілерді енгізу
Сабақтың түрі
Лабораториялық сабақ
Қолданылатын технологиялар
- Компьютерлік оқыту технологиясы (КОТ)
- Деңгейлеп оқыту технологиясы (ДОТ)
Көрнекі құралдар
Компьютер, оқулық, слайд, тақта, бейнепроектор, сызба-суреттер, лабораториялық жұмыс таратпалары
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Word мәтіндік процессоры туралы қалыптасқан білімді жетілдіру.
- Word-та графикалық объектілермен жұмыс істеуді меңгерту.
- Құжатқа сурет орналастыру тәсілдерін үйрету.
- Енгізілген сурет пен графикалық объектілерді форматтау және өңдеу дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік
- Жан-жақты болуға және өз бетінше жұмыс істеуге тәрбиелеу.
- Елжандылыққа, еңбекқорлыққа, үнемшілдікке, ұқыптылыққа және өзін-өзі бағалай білуге баулу.
- Шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, өз әрекетіне талдау жасай білуге үйрету.
- Құбылыстарды салыстыра отырып ойлау қабілетін дамыту.
- Ақпараттық технологиялармен сауатты жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Дамытушылық және кәсіби
Дамытушылық:
- Есте сақтау және зейін қабілеттерін дамыту, пәнге қызығушылықты арттыру.
- Өз әрекетіне талдау жасап, қорытынды шығара білуге үйрету.
- Салыстыру арқылы ой қорытындылау дағдысын нығайту.
Кәсіби бағыт:
- Ақпараттық мәдениет пен кәсіби сауаттылықты қалыптастыру.
- Болашақ мамандыққа бағдар беру.
Күтілетін нәтижелер
Оқушы білуі тиіс
- Мәтіндік редактор ұғымының мәнін.
- Құжатты құру, сақтау және ашу тәсілдерін.
- Графикалық объект түрлерін және файл форматтарын.
Оқушы меңгеруі тиіс
- Мәтін мазмұнына сай сурет/графикалық объект енгізуді.
- Суреттерді және графикалық объектілерді форматтауды, өңдеуді.
- Құжаттағы объектілердің орналасуын (мәтінді орау) дұрыс баптауды.
Сабақтың әдістері
Сабақтың құрылымы
Өту барысы
- Ұйымдастыру кезеңі.
- Өткен сабаққа шолу:
- Ой қозғау (презентациядағы сұрақтарға жауап беру).
- Сергіту сәті («Елжандылық» тақырыбында мақал-мәтел айту).
- Жаңа тақырыпты түсіндіру (жаңа ұғымдарды үйрету).
- Жаңа білімді қолдану: лабораториялық жұмыс (деңгейлік практикалық тапсырмалар).
- Кері байланыс (берілген сурет бойынша мәтін құрастыру).
- Сергіту сәті.
- Сабақты бекіту (бақылау сұрақтары).
- Үй тапсырмасы, бағалау.
- Түйінді ой: «Өз орныңды тап. Уақытты бағындыру».
Ұйымдастыру кезеңі (нақты әрекеттер)
- Оқушыларды түгендеу.
- Қауіпсіздік ережесін сақтай отырып, жұмыс орнына дұрыс орналасуын қадағалау.
- Сабақтың мақсатымен таныстыру.
Ескерту: Сергіту сәті сабақтың қарқынын сақтауға, назарды қайта шоғырландыруға бағытталады.
Жаңа тақырып: негізгі түсініктер
Word құжатында сурет салу
Word-та қарапайым сызбалар, схемалар және суреттерді кіріктірілген графикалық редактор арқылы салуға болады. Ол үшін Вид → Панели инструментов → Рисование командасы арқылы «Рисование» панелін іске қосыңыз.
Графикалық объектілерді топтастыру
Бірнеше бөліктен тұратын сызбаны біртұтас сурет ретінде қарастыру үшін объектілерді Shift пернесін басып тұрып таңдап, контекстік мәзірден Действия → Группировать командасын орындаңыз. Топтастыруды алып тастау үшін Действия → Разгруппировать қолданылады.
Word-та графикамен жұмыс бағыттары
- Басқа қосымшаларда (Paint, Excel және т.б.) жасалған графикалық объектіні құжатқа кірістіру.
- Құжаттың өзінде «Рисование» панелі құралдарымен сурет салу.
- Мәтінді көркемдеу үшін ClipArt жинағындағы дайын суреттерді пайдалану.
Графикалық объектінің мәтіндегі орналасуын баптау
- Настройка изображения панелін іске қосыңыз: Вид → Панели инструментов → Настройка изображения.
- Панельден Обтекание текстом батырмасын таңдаңыз және қажетті режимді белгілеңіз. Мысалы, По контуру таңдалса, мәтін объектінің контурын жағалай орналасады.
OLE технологиясы (Object Linking and Embedding)
Құжатта әртүрлі типтегі объектілерді (графика, электрондық кесте, дыбыс және т.б.) біріктіру үшін Windows жүйесінде OLE технологиясы қолданылады. OLE — объектілерді кірістіру және байланыстыру.
Кірістірілген объект
Құжаттың бөлігі ретінде сақталады. Бастапқы (оригинал) объект өзгерсе де, құжаттағы объект автоматты түрде жаңармайды.
Байланысқан объект
Оригинал өзгерген кезде құжаттағы объект те сәйкесінше жаңарып отырады.
Терминдер
- Клиент — объектіні қабылдайтын қосымша/бағдарлама.
- Сервер — объект жасалатын қосымша/бағдарлама.
Кірістірілген немесе байланысқан объектіні сервер-қосымша арқылы өңдеу үшін объектіні екі рет шертіңіз.
OLE қолдану тәсілдері
- Алмастыру буфері арқылы: Правка → Специальная вставка (фрагментке де, тұтас құжатқа да қолданылады).
- Объект енгізу арқылы: Вставка → Объект (тұтас құжат үшін қолданылады).
Жаңа білімді қолдану: лабораториялық жұмыс
Тапсырмалар деңгей бойынша орындалады. Негізгі талап: мәтінді теру, суреттерді орналастыру және форматтау.
1-жаттығу: мәтін теру және суретті мәтінге орналастыру
I деңгей
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны (мәтінін теру және сәйкес суретті орналастыру).
Сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әні: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
II деңгей
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы мәтінді теріп, суретті орналастырыңыз.
- Атауы
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы
- Қабылданған күні
- 24 қаңтар 1996
- Авторлары
- Жандарбек Мәлібеков, Шотаман Уәлиханов
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы — мемлекеттің негізгі рәміздерінің бірі. Ол ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.01.1996) бекітілген.
Рәміздік тұрғыдан Елтаңбаның негізі — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ — мемлекеттің түп-негізі саналатын отбасының, бірліктің бейнесі; Күн шеңберін елестететін символ.
Тұлпар — еркіндікке ұмтылыс, жеңіске деген жігер, қажымас қайраттың нышаны. Қанатты тұлпар — ұшқыр арман, биік мақсат пен жасампаздық қиялдың бейнесі; уақыт пен кеңістікті бірлікте ұғындыратын символ.
Бес бұрышты жұлдыз — елтаңбаның тәжіндей. Әр адамға жол көрсететін жарық жұлдыз идеясы қамтылған.
III деңгей
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы туралы мәтінді теріп, суретті орналастырыңыз.
- Атауы
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы
- Қабылданған күні
- 24 қаңтар 1996
- Пропорциясы
- 1:2
- Автор
- Шәкен Ниязбеков
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы — мемлекеттің негізгі рәміздерінің бірі. Ол ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.01.1996) бекітілген.
Ту — көгілдір түсті тікбұрышты мата. Ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабына жақын тұста ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ бар. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең.
Геральдика тілінде көк түс адалдық, сенімділік, үміт сияқты қасиеттерді білдіреді. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі аспан ұғымымен байланысты. Алтын күн — тыныштық пен байлықтың, қозғалыс пен дамудың нышаны. Қанатын жайған қыран — еркіндік сүйгіш рух пен кеңдіктің белгісі.
2-жаттығу: «Елімнің жүрегі — Астана» (үш тілде)
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген мәтінді теріп, суреттерді мәтінге орналастырыңыз. Қаріп, абзац, туралау, жоларалық интервал сияқты параметрлерді қолданып, мәтінді форматтаңыз.
Қазақша мәтін
Астана — Қазақстан Республикасының елордасы. Астанада 697 257 адам тұрады (1 қаңтар 2011). Қаланың аумағы 200 км². Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде, Ақмола облысында, Есіл өзені алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Астана 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыстар әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. 1862 жылы Ақмола қала мәртебесін алды. 1962 жылы қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы 10 шілдеде Астананың халықаралық тұсаукесері өтті. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға «Бейбітшілік қаласы» атағы беріліп, медальмен марапатталды.
Орысша мәтін
Астана — столица Республики Казахстан с 10 декабря 1997 года. Население города по состоянию на 1 января 2012 года составило 743 014 жителей. Город расположен в северном Казахстане на берегу реки Ишим, в стратегически выгодной точке пересечения караванных путей. Археологи находят в черте города артефакты, датируемые эпохой бронзы, ранним железным веком и средневековьем. Среди исторических объектов выделяется городище Бозок — памятник, функционировавший с VII—VIII вв. до XV—XVI вв.
English text
Astana (Kazakh: Астана), formerly known as Akmola (until 1998), Tselinograd (until 1992) and Akmolinsk (until 1961), is the capital and second largest city (after Almaty) of Kazakhstan. It is located in the north-central portion of Kazakhstan, within Akmola Province, though administrated separately as a federal city area. The mayor of Astana is Imangali Tasmagambetov (appointed on 4 April 2008).
Кері байланыс және бекіту
Кері байланыс
Берілген сурет бойынша қысқа мәтін құрастырыңыз. Мәтінде кемінде 5–7 сөйлем болсын және суреттің мазмұнын нақты сипаттасын.
Бақылау сұрақтары
- Word-та сурет салуға арналған панель қалай аталады?
- Word-та графикамен жұмыс қандай бағыттарға бөлінеді?
- OLE технологиясы не үшін қолданылады?
- Кірістірілген объект пен байланысқан объектінің айырмашылығы қандай?
- Объектілерді топтастыру не үшін қажет?
Үй тапсырмасы және бағалау
Конспект
Келесі сабаққа дайындық: MS Word-та формула редакторымен жұмыс тақырыбын оқып келу.
Зерттеу жұмысы
Мәтіндік редакторлардың шығу тарихын зерттеп, қысқаша баяндама дайындау.
Практикалық жұмыс
«Әнім сенсің — Қызылорда» тақырыбында Қызылорда өңірінен шыққан өнер жұлдыздары туралы, суреттерді кірістіре отырып, мақала жазу.
Бағалау
Оқушылар берілген тапсырмаларды орындау сапасы мен деңгейіне қарай бағаланады (мәтін теру дәлдігі, сурет орналастыруы, форматтау, уақытты тиімді пайдалану).
Түйінді ой: «Өз орныңды тап. Уақытты бағындыру»
Келлогг Бизнес Скулдағы тәжірибе
Келлогг Бизнес Скулда (Нортвестерн университеті) «Уақытты басқару» пәнінің профессоры аудиторияға үлкен шыны ыдыс әкеліп, үстел үстіне қояды. Сосын ыдысқа жұдырықтай үлкен тастарды біртіндеп сала бастайды.
Тастар сыймай қалғандай болғанда ол студенттерден: «Ыдыс толды ма?» — деп сұрайды. Студенттер: «Иә, толды», — дейді. Профессор болса үстел астынан ұсақ шағыл тастарды алып, үлкен тастардың арасына нығыздап құяды.
«Енді толды ма?» — деген сұраққа бір студент: «Әлі толмаған шығар», — деп жауап береді. Профессор құм алып, оны да жайлап құйып, ыдысты шайқап нығыздайды. Кейін бір ожау су құйып, ыдыс ернеуіне дейін толғанда ғана тәжірибені тоқтатады.
Мағынасы
Профессор тәжірибенің түйінін былай түсіндіреді: егер алдымен үлкен тастар салынбаса, кейін ұсақ тастар құйылған соң, үлкендері мүлдем сыймай қалады. Бұл өмірдің де шындығы.
«Үлкен тастар» нені білдіреді?
- Оқу және білім алу
- Отбасы құру, бала тәрбиелеу
- Денсаулық
- Достар мен орта
- Қоғамға пайдалы іс
- Өмірлік мақсаттар мен арман
Ой: егер өмірдің басты құндылықтарын кейінге қалдырсақ, ұсақ-түйек шаруаларға толы күндерден соң оларды «сыйғызу» қиындай береді. Сондықтан өз «үлкен тастарыңызды» ертерек анықтап, соған саналы түрде басымдық беріңіз.