Сөйлемдерден тұрлаулы мүшелерді тауып, оларға сұрақ қой
Сабақ туралы жалпы мәлімет
Сынып: 3
Пәні: Қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы: Тұрлаулы мүшелерді қайталау
Сабақтың типі: Қайталау сабағы
Сабақтың түрі: Саяхат сабағы
Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, ой қозғау, топтау, іздену, талдау, баяндау, практикалық жұмыс, әңгімелеу.
Пәнаралық байланыс: әдебиеттік оқу, дүниетану.
Көрнекіліктер: интерактивті тақта, слайдтар, ребус, бағалау парақшалары.
Сабақтың мақсаттары
Білімділігі
Бастауыш пен баяндауыштың сөйлем құраудағы негізгі рөлін байқатып, олардың тұрлаулы мүшелер деп аталатынын тәжірибе арқылы меңгерту. Жаттығулар арқылы тұрлаулы мүшелер туралы білімді пысықтау.
Дамытушылығы
Оқушылардың есте сақтауын, ой-өрісін, сөздік қорын, дүниетанымын кеңейту; сауатты әрі көркем жазу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелілігі
Ұйымшылдыққа, туған жерін, елін, Отанын сүюге және құрметтеуге; таза жазуға, сауаттылыққа, сыйластық пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы: “Астанаға саяхат”
Бұл сабақта оқушылар Астананың көрікті орындарына “саяхат” жасай отырып, бастауыш пен баяндауышты қайталайды, сұрақ қояды, сөйлем ішінен табады және жазылым дағдыларын жетілдіреді.
I. Қызығушылықты ояту
Психологиялық дайындық
Қатар-қатар тізіліп,
Оқушыға лайық,
Қолымызды жіберіп,
Түп-түзу боп тұрайық.
Жақсы оқып сабақты,
Әдеп сақтау — сәніміз.
Отыруға нақпа-нақ
Дайындалдық бәріміз.
1-қатар жай отыр,
2-қатар тез отыр,
3–4-қатар, сен де отыр —
Сабақ бастар кез боп тұр.
II. Көркем жазу минуты
Қолға қалам алайық,
Салақтықтан қашайық.
Дәптерімізді ашайық,
Көркем етіп жазайық.
III. Ребус шешу
Сөзжұмбақтың жауабы: Астана
Беделі зор бас қала,
Бәйтерегі жас қала.
Ол қай қала?
АСТАНА
Бүгінгі сабақта біз Астана қаласына саяхат жасаймыз.
Астанаға тез бару үшін немен барғыларың келеді? Ұшақпен.
Ұшаққа отырмас бұрын “билет” алып алайық.
IV. Өткенді еске түсіру
Миға шабуыл (билет сұрақтары)
- Сөйлем құрамындағы нақты сұраққа жауап беріп тұратын толық мағыналы сөздерді сөйлем мүшелері дейміз.
- Кім? Не? сұрақтарына жауап беретін сөйлемнің негізгі мүшесін бастауыш дейміз.
- Баяндауышқа не істеді? не қылды? қайтті? сұрақтары қойылады.
- Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен жасалса, бастауыштан кейін сызықша қойылады.
- Бастауыш пен баяндауыш сөйлемнің тұрлаулы мүшелері деп аталады.
Тірек сызбамен жұмыс.
V. “Бәйтерекке” саяхат
Оқулықпен жұмыс — 1-жаттығу
Суреттер бойынша “Кім не істеді?” сұрағына жауап жаз.
Бастауыш пен баяндауышты тап, оларға сұрақ қой.
Бастауыштың астын бір сызықпен, баяндауыштың астын екі сызықпен сыз.
Сөйлем 1
Әскери адам талдың сынған бұтағын байлады.
Сөйлем 2
Құрылысшы үй салды.
Сөйлем 3
Дәрігер баланың тісін емдеді.
VI. “Ақордаға” саяхат
Өлеңмен жұмыс — 2-жаттығу
Өлеңді түсініп оқы.
Өлеңнен бастауыштар мен баяндауыштарды тап.
Баяндауыштар қай сөз табынан жасалған? Сұрақ қой.
Ақын жаңбырдан кейінгі табиғатты кімге теңеп тұр?
Жаңбырдан кейінгі табиғатты суретте.
“Жаңбырдан соң”
Жұтты гүлдер нөсер суын шуақты,
Жылғалардан жылжып қана су ақты.
Жаңбырдан соң күлімдеді табиғат
Жақсы баға алған бала сияқты.
VII. “Хан Шатырға” саяхат
Тақтамен жұмыс — 3-жаттығу
Тиісті жерге сызықша қойып, сөйлемдерді көшіріп жаз.
Зат есімнен болған баяндауыштарды тап та, астын сыз.
Бастауыштан кейін сызықша қандай жағдайда қойылатынын еске түсір.
- Нөсер — бұлттан бөлініп жерге түсетін су тамшылары.
- Кесе — шай ішетін ыдыс.
- Ю. Гагарин — тұңғыш ғарышкер.
- Қыран — қасиетті құс.
- Арман — әдепті бала.
VIII. Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Белге қолды қоямыз.
Бұрыламыз оңға бір,
Бұрыламыз солға бір.
Бір, екі, үш —
Бір, екі, үш —
Жоғары қолды созамыз,
Тып-тыныш қана отырамыз.
IX. “Тәуелсіздік монументіне” саяхат
Өзіндік жұмыс — 5-жаттығу
Берілген сызба бойынша бірнеше сөйлем құрастырып жаз.
X. Астананың көрікті жерлеріне саяхат
Ойындар арқылы бекіту
Ойын: “Жоғалған сөз”
| Бастауыш | Баяндауыш |
|---|---|
| Мысық | мияулайды |
| Жылқы | кісінейді |
| Сиыр | мөңірейді |
| Түйе | боздайды |
Ойын: “Ұйқасын тап”
Үні ғажап, дүлдүл, бақта сайрар… (бұлбұл)
Бәрі бірдей жұмысқа, шығатын кім?… (құмырсқа)
XI. “Темір жол вокзалына” саяхат
Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы
Қорытынды: Венн диаграммасы арқылы бастауыш пен баяндауыштың ортақ және айырмашылық қасиеттерін жинақтау.
“Пойызбен ауылымызға қайтамыз”.
Бағалау
Мұғалімнің айтқанын мықтап ойға тоқимыз.
Бар ынтамен оқысақ,
Кілең “5”-ке оқимыз.
Бағалау парақшалары арқылы бағаланады.
Үй тапсырмасы
Күнделікті енді ашайық,
Үй тапсырмасын жазайық.
Сөйлем мүшелері туралы алған білімді
Ұмытпай, есте сақтап алайық.
4-жаттығу
Жақша ішіндегі сұрақтарға жауап беріп, сөйлемдерді жақшасыз көшіріп жаз. Сөйлемдерден тұрлаулы мүшелерді тауып, оларға сұрақ қой.
- (Кім?) Айдос ағаштың басына қараторғайдың ұясын орнатты.
- Қараторғай ұяға (қайтті?) қонды.
- (Не?) Қараторғай ұяға жұмыртқа басты.
- Біраз уақыттан соң балапандар (қайтті?) шықты.
- Қараторғай балапандарға күні бойы қорек (не істейді?) іздейді.
- (Нелер?) Балапандар қанаттанды.
- Енді олар өздері (қайтеді?) ұша алады.