Бала жұмысын тындырғаннан кейін Әйнек - адам қандай түске енді
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің жоспары
Тақырыбы
Достық татулықтан басталады
Ресурстар
- Тақырыпқа байланысты мазмұнды суреттер
- Жүрекшелер
- Әуендер: А. Еңсепов, С. Тұрысбеков
Мақсаты
Балаларға достық құндылығы туралы түсінік беру.
Міндеттері
- Досын қадірлей білуге үйрету.
- Досына адал болуға тәрбиелеу.
- Досына қиянат жасамауға үйрету.
Оқу іс-әрекетінің барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Оқу іс-әрекетін бастамас бұрын балалар шеңберге тұрып, қолдарына жүрекшелерін алып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.
Шаттық шеңбері (сәлемдесу)
Біз балдырған тең басқан!
Дос құшағын кеңге ашқан!
Тілегіміз — әділдік!
Ашық болсын кең аспан!
Достық — өмір тірегі,
Достық — әр адамның тілегі.
Татулық дәйім сақталса,
Қуанышпен соғады әр адамның жүрегі.
Тыныштық сәті
А. Еңсепов — «Балалық шақ әуені» әуені тыңдалады.
Өткен материалды пысықтау
- Өткен оқу іс-әрекетінде қандай тақырыпта әңгімелестік?
- Сол әңгімеден қандай ой түйдіңдер?
- Достарыңа қалай көмектесіп жүрсіңдер?
Дәйек сөз
«Дос көңілі — шарайна, сындырып алма абайла.»
Мағынасы: достың көңілі нәзік, оны ренжітіп алмауға тырысу керек.
Әңгімелеу (сұхбат)
Бүгінгі оқу іс-әрекетінде «Достық татулықтан басталады» тақырыбы бойынша әңгімелесеміз.
Сұрақтар
- Сендердің достарың көп пе?
- Достарыңмен татусыңдар ма?
Бір баланың титімдей досы — Әйнек-адам болды. Өзі мөп-мөлдір. Ең ғажабы — қасиетті Әйнек-адам досының не ойлағанын, неге мұңайғанына дейін біліп қоятын.
Бала анасының тілін алмай, сыртқа ойнауға шыққалы жатса, Әйнек-адам бұрынғыдай мөлдірлемей, сәл-пәл күңгірт тартып: «Олай етуге болмайды, әуелі ісіңді тындыр. Ойнауға содан соң шық», — дейді. Бала ұялып қалады да, дереу жұмысқа кіріседі. Жұмысын бітірген соң, сыртқа шығады. Әйнек-адам үндемейді, бірақ қайтадан мөп-мөлдір түске енеді.
Бірде баланың аулада бірге ойнайтын жолдасы ауырып қалды. Бір күн өтті, екі күн өтті. Бала досын есіне алмады. Әйнек-адамына көзі түссе, жауар бұлттай түнеріп кетіпті. «Кімге жаманшылық жасап қойдым, қандай жаман ой ойлап қойдым?» — деп сұрады бала дегбірі қашып.
«Ешкімге жаманшылық жасаған жоқсың. Жаман ой да ойлаған жоқсың… Тек досыңды ұмытқаның болмаса», — дейді Әйнек-адам. Баланы ұят қысады. Ол дереу ауру досының үйіне тартады. Анасы сыйлаған бір шоқ гүлін, үлкен-үлкен алмаларын ала барады.
Әйнек-адам осылай баланы нағыз адам, нағыз дос болып өсуге баулыды. Ол — баланың ұяты мен ары еді.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Бұл әңгімеден қандай ой түйдіңдер?
- Бала ойынға шығарда Әйнек-адам неге күңгірт тартты?
- Бала ісін тындырғаннан кейін Әйнек-адам қандай түске енді?
- Әйнек-адамның түсі тағы неге бұзылды?
- Ол балаға нені еске салды?
Шығармашылық және топтық жұмыс
- Жұмыс дәптерлеріңді ашыңдар.
- «Достық — татулықтан басталады» тақырыбындағы суретті бояңдар.
- Сурет бойынша қысқаша әңгімелеп беріңдер.
Топпен ән айту
Бүгінгі оқу іс-әрекеті достық туралы болғандықтан, бәріміз бірге «Дос болайық бәріміз» әнін орындайық.
- Сөзі
- Х. Талғаров
- Әні
- И. Нүсіпбаев
Соңғы тыныштық сәті
С. Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйі орындалады.
Балалар көздерін жұмып, бүгінгі оқу іс-әрекетін еске түсіреді. Достық, татулық, сыйластық сияқты қасиеттерді жүрегімізге жеткізіп, сақтауға ниет етеміз. Енді жайлап көзімізді ашамыз.
Бүгін барлығың белсенді қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап бердіңдер. Күндерің қуанышқа толы болсын!