Сәт сапар, түлектер
Соңғы қоңырау мерекесі: жоспар және жүргізу мәтіні
Бұл материал соңғы қоңырау салтанатын жүйелі өткізуге арналған: сапқа тұрғызудан бастап, мемлекеттік рәміздер рәсімі, марапаттау, құттықтаулар және соңғы қоңырауды соғу сәтіне дейінгі толық сценарий ұсынылады.
Іс-шара жоспары
-
1
Оқушыларды сапқа тұрғызу
-
2
АӘД мұғалімінің мәлімдемесі
-
3
Қазақстан Республикасының Туын енгізу
-
4
Мемлекеттік Әнұранды орындау
-
5
Соңғы қоңырау мерекесінің ашылуы
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Міне, биыл алтын ұя мектебіміз тағы да бір салтанатты жиынға сап түзеді.
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіздер, ұстаздар, ата-аналар,
Соңғы қоңырау мерекесі — тойымызға.
Мектеппен бүгін қоштаспақ —
Қоштаспақ енді сан түлек.
Айтылар бүгін сан тілек,
Егілер бүгін сан жүрек.
Думанды дүбір, ән-жырлы —
Жайқалған өмір жас бағы.
Мінеки, тағы бір жылды
Сырғытып кейін тастады.
Түлектерді қарсы алу
Бүгін мектебіміз соңғы сыңғырлаған қоңырау үнімен мектеп бітіруші түлектерін үлкен өмір жолына аттандырғалы отыр.
Жүргізуші
Үмітпен сәттілік тілеп, өмірдің тартқан өріне жалынды сәлем, ақ тілек — мектеп түлектеріне! Биылғы түлектерді сынып жетекшісі Тілеуханова Сәния Серікқанқызы бастап мектеп төріне шақырамыз.
Музыка.
-
Мектеп бітірушілер ақ мата жайылған жолмен өтіп, орындарына тұрады.
-
Оларды 1-сынып оқушылары шарлар мен гүлдер ұстап қошемет көрсетеді.
Мемлекеттік рәміздер рәсімі
Туды енгізу
Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасының Туы енгізілсін!
Әнұран
Ту көтерушілер орындарына келген соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Туды табыстау дәстүрі
Мектеп дәстүрі бойынша 11-сынып оқушылары тапсырған Ту 10-сынып оқушыларына табысталады.
Жас жүректің өмірлік құстары — гүл,
Бағбан ұстаз баулыған жырлары — бұл.
Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.
Құттықтау сөздер және марапаттау
Жүргізуші
Құрметті мектеп түлектері! Бүгін — жүректеріңде ерекше сақталатын күн. Себебі бүгінгі соңғы қоңырау үні сендер үшін соңғы рет соғылады.
Алдымызда тұрған мақсат — ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, оқуға түсу. Осындай жауапты кезеңде еліміздің жалауын биік ұстап, еліне адал қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаздар қауымының орны ерекше.
Мерекелік ән шашуын ____________________________ жолдайды.
Мектеп директорының құттықтауы
Абзал жандар, биік тұлға, байсалды — құшақ жайып өз мерекең қарсы алды. Қуанышты, жарқын тілек білдіріп, құттықтайды мектеп директоры баршаңды.
Сөз мектеп директоры Нұрғалиев Райым Жолдаспекұлына беріледі.
Рейтинг қорытындысы бойынша ұстаздарды марапаттау.
Қадірлі мектеп — бұл мектеп,
Оқыған ата-анамыз.
Атыңды сенің құрметтеп,
Әрқашан еске аламыз.
____________________________ орындауында марапатталған ұстаздарға арналған музыкалық сәлемді қабыл алыңыздар!
Оқу жылының аяқталуы туралы бұйрық
Оқу жылының аяқталуы туралы бұйрықпен таныстыру үшін сөз оқу ісінің меңгерушісіне беріледі.
Оқу үздіктері мен белсенді оқушыларды марапаттау.
Жазғы демалысты ұйымдастыру туралы бұйрық
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы бұйрықпен таныстыру үшін сөз тәрбие ісінің меңгерушісіне беріледі.
1-сынып оқушыларының құттықтауы
Мектепке биыл күз келген
Оқушымыз қылықты.
Аяқтадық біздер де,
Бірінші міне, сыныпты.
Үмітпен сәттілік тілеп, өмірдің тартқан өріне жалынды сәлем, ақ тілек жолдайды 1-сынып оқушылары мектеп түлектеріне. Құттықтау сөз 1-сынып оқушыларына беріледі.
Музыка. Оқушылардың құттықтауы.
Түлектерге сөз
Қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласып, жүректері лүпіл қаққан түлектеріміз дәл қазір үлкен жолдың табалдырығында тұр.
Осы сәт — шәкірттік кезеңнің қорытындысы, өмір жолындағы алғашқы қадам. Мектеп қабырғасында өткен 11 жылда қоңырау үні 20 мыңнан аса рет соғылған деседі.
Мектеп, мектеп! Төңіректеп жүретін едік,
Үй жұмысын бермесе, сұрайтын едік!
Бүгін міне, үлкен болдық,
Он сегізге биыл толық!
Сөз кезегі өздеріңде, түлектер!
Сөз түлектерге беріледі.
Түлектер вальсі
Ұшырдың талай-талай түлектерді,
Толтырып қуанышқа жүректерді.
Ұстазым, бір өзіңе арналады,
Таусылмас дастандай боп жыр беттері.
Анамдай мейірімді құшақ ашып,
Тұрғандай табиғаттың өзі амандасып.
Киелі топырағың шабыт беріп,
Барамын болашаққа қадам басып.
Түлектер вальсіне шақырамыз.
Түлектер вальсі.
Ата-аналар және сынып жетекші сөзі
Ата-аналар атынан
Шешуші сәтте осындай,
Өсиет әндер жаттарсың.
Қуанышқа қосылмай,
Ата-анаң қалай шет қалсын?
Ата-аналар атынан 11-сынып оқушысы ________________ өз ата-анасына сөз береді.
Сынып жетекшінің сөзі
Орынды көңіл толқыны — түлектер, сені ұғамын. Өзіңмен бірге толқулы сөз алсын енді мұғалім. Ата-анаңдай кейінгі екінші адам өмірде — тәрбиелі, білікті, сүйікті ұстазың.
Сынып жетекшісі _________________________ сөз алады.
Соңғы қоңырау соғу рәсімі
Өмір зымырап өте шықты: кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған балалар бүгін 11 жыл білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жолдама алғалы тұр. Бүгін олар үшін мектепте соңғы рет қоңырау соғылады.
Бәрі — сын, бәрі де — шын.
Қоштасарда қоңырау да мұң.
Мәнісін ұғарсың өткен күннің,
Дауысын естігенде қоңыраудың.
Қоңырау соғу рәсімі 11-сынып оқушысы ______________________ және 1-сынып оқушысы ______________________ қатысуымен өтеді.
Соңғы қоңырау соғылады.
Ақ жол тілегі
Қыран боп көкке самғаңдар, атағың кетсін көп-көпке! Намысты ту ғып ұстаңдар, кір келтірмей мектепке!
Туды шығару және салтанатты аяқталу
Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасының Туы шығарылсын!
Ту шығарылады. Баяу музыка.
Қоштасдыңдар балалық балдәуренмен,
Есейдіңдер, ер жеттіңдер біліммен.
Ұмытпаңдар ұстаздарды, түлектер,
Қарсы айырылған сендер үшін жүректер.
Сәт сапар, түлектер! Асулардан сүрінбеңдер, түлектер!
1-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларын қолдарынан ұстап шығарып салады.
Қоштасу сөзі
Қош, балалар! Жазғы демалысқа аттандық,
Білім алып, марапатталып, шаттандық.
Болашақта жүрейік тек әрдайым —
Біз сіздерді, сіз біздерді мақтан ғып.
Қызықты каникул кезінде,
Асыр сап, қуанып, демалдық.
Сүйікті мектебім, өзіңе —
Қуанып қайтадан оралдық.
Қыркүйек айында аман-есен жүздесейік! Осымен соңғы қоңырау мерекесі өз мәресіне жетті. Хош сау болыңыздар!