Жан балам алтын балықтан көз сұра

Әдістемелік жұмыс туралы мәлімет

«Аружан» жекеменшік балабақшасы. Дайындаған: тәрбиеші Нетбаева Гүлнар Жұмағұлқызы.

Бұл материалда саусақ театры арқылы «Алдар көсе мен Алтын балық» ертегісін сахналау ұсынылады. Мазмұны балалардың тілін дамытуға, қызығушылығын арттыруға және эстетикалық тәрбие беруге бағытталған.

Мақсаты

Көркем әдебиет пен саусақ театры арқылы балалардың тілін, қызығушылығын дамыту, эстетикалық тәрбие берудің тиімді әдістерін айқындап, оларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу.

Міндеттері

  • Балалардың тілін дамыту; сөйлеу мәдениетін, ой-өрісін және дүниетанымын жетілдіру.
  • Адамгершілікке тәрбиелеу; ойын нақты, тапқыр сөйлеуге, ақылды әрі салмақты ой айтуға баулу.
  • Қиялын, есте сақтауын және шығармашылық қабілетін дамыту; ойдан әңгіме, ертегі құрастырып айтуға дағдыландыру.
  • Әлеуметтік және эмоционалдық дамуына жағдай жасап, әр баланың жеке дара әртістік және шығармашылық қасиеттерін ескере отырып, қоршаған ортаға, адамдарға, құрбыларына және өзіне деген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.

Дәйексөз: «Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес».

В. А. Сухомлинский

Қуыршақ театры: «Алдар көсе мен Алтын балық»

Құрметті әріптестер, қош келдіңіздер! Қазір №4 «Ақбота» ортаңғы тобының бүлдіршіндері сіздерге арнап қуыршақ театры арқылы «Алдар көсе мен Алтын балық» ертегісін ұсынады.

Балалар, бүгін бізге көптеген қонақ келді. Қонағын қадірлеген халықпыз, алдымен қонақтармен әдеппен амандасып алайық.

Ертегі желісі

Жүргізуші

Ерте, ерте, ертеде, баяғы өткен заманда теңіз жағасында Алдар есімді кедей кісі өмір сүріпті. Бір күні ол теңізге балық аулауға барыпты.

Алдар көсе

«Бүгін теңізге балық аулауға шықтым. Ауыма балықтар түсер ме екен?..»

Жүргізуші

Алдардың ауына жай балық емес, Алтын балық түсіпті.

Алтын балық

«Ей, Алдар, мені босат! Мен сенің үш емес, бір тілегіңді орындаймын».

Алдар көсе

«Олай болса, мен үйіме барып ойланып келейін».

Жүргізуші

Алдар үйіне келіп, болған жағдайды соқыр анасына айтып береді.

Ана

«Жан балам, Алтын балықтан көз сұра».

Жүргізуші

Алдар Алтын балыққа қайта бара жатса, алдынан әкесі шығады.

Әкесі

«Балам, Алтын балықтан алтын сұра. Бәрі де алтынмен шешіледі».

Жүргізуші

Әкесінен өтіп, әрі қарай келе жатқанда Алдардың әйелі жолығады.

Әйелі

«Жан жарым, Алдарым, он жыл болды сәбиіміз жоқ. Балықтан бала сұра».

Жүргізуші

Алдар ақылын асырып, үш тілектің орнына бір-ақ тілек сұрауды ойлайды.

Алдар көсе

«Алтын балық, Алтын балық!»

«Алтын бесіктегі баламды анам көрсе екен деп тілеймін».

Алтын балық

«Жарайды, Алдар. Тілегіңді орындаймын».

Жүргізуші

Алдар үйіне келсе, анасы алтын бесіктегі немересін тербетіп отыр екен. Осылайша отбасы тату-тәтті өмір сүріпті.

Қорытынды

Осымен өз шығармашылығымызбен халық ауыз әдебиетінің желісінен құрастырып, сахналаған ертегіміз аяқталды. Ертегіміз сіздерге ұнады деп сенеміз.

Рөлдер

Алдардың сөзін сөйлеген

Ескендір

Әкесінің сөзін сөйлеген

Мейірбек

Анасының сөзін сөйлеген

Асылжан

Әйелінің сөзін сөйлеген

Кәусар

Балықтың сөзін сөйлеген

Айқын

Балалар, рақмет! Өркендерің өссін. Енді бүгін келген қонақтарымызбен қоштасайық.