Қойылым кейіпкерлері

Сабақтың тақырыбы

Қуыршақ театры

Сабақтың мақсаты

  • Балаларға қуыршақ туралы түсінік беру.
  • Сөздік қорын байытып, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру.

Міндеттері

  • Білімділігі: қуыршақ қойылымы арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру.
  • Тәрбиелігі: өзара сыйластыққа, достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.

Қойылым кейіпкерлері

Шал, кемпір, бауырсақ, қоян, қасқыр, аю, түлкі.

Көрнекіліктер

Слайдтар, ертегі кітаптары, қолға киілетін (кигізілмелі) қуыршақтар.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне сиқырлы таяқшаны бере отырып, жақсы сөздер мен игі тілектер айтады. Тәрбиеші алғашқы болып тілек білдіреді: «Бәріңе бақыт пен шаттық тілеймін».

Балалардың тілектері

  • Медет: «Бәріңе денсаулық тілеймін.»
  • Айдос: «Бәріңе қуаныш тілеймін.»
  • Нұрәлі: «Бәріңе мейірім тілеймін.»
  • Данияр: «Бәріңе шуақты күн тілеймін.»
  • Айбек: «Бәріңе шынайы достық тілеймін.»
  • Жәнібек: «Бәріңе жақсылық тілеймін.»
  • Расул: «Бәріңе көтеріңкі көңіл күй тілеймін.»
  • Руслан: «Бәріңе ашық аспан тілеймін.»
  • Сыйлас: «Бәріңе көңілді ойын тілеймін.»
  • Бекарыс: «Бәріңе шат күлкі тілеймін.»

Тәрбиеші: «Жақсы сөз бен шынайы тілек міндетті түрде орындалады. Себебі сендер оны жүректен айттыңдар».

2) Қызығушылықты ояту: сөзжұмбақ

Сабақ экрандағы сөзжұмбақты шешуден басталады. Мақсат — бүгінгі тақырыпқа апаратын негізгі тірек сөзді табу.

Сұрақтар мен жауаптар

1) Киелі құс

Аққу

2) Қазақстан рәміздерінің бірі

Ту

3) Үй құсы

Тауық

4) Иіс сезу мүшесі

Мұрын

5) Қысы-жазы бір түсті ағаш

Шырша

6) Қыс көркі

Қар

7) Қағазды, матаны немен қиямыз?

Қайшы

3) Қуыршақ театрының шығу тарихы

Балалар қуыршақ театры туралы қысқаша деректер айтып, тәрбиеші ойды толықтырады. Негізгі назар ұлттық дәстүрге — «Ортеке» ойынына аударылады.

Балалардың деректері

  • Жәнібек: «1938 жылы театрға республикалық қуыршақ театры дәрежесі берілді.»
  • Расул: «1935 жылы Алматы қаласында қуыршақ театры ұйымдастырылған.»
  • Айбек: «2002 жылы Алматыда Қазақстан қуыршақ театрының бірінші фестивалі өтті.»
  • Данияр: «Балалар театрының түрлері көп, соның ішінде ең кең тарағаны — қуыршақ театры.»
  • Айдос: «Қазақ жеріндегі қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Ортеке ойыны — соның айқын дәлелі.»

Тәрбиешінің түсіндірмесі: «Ортеке»

Ортеке — қазақтың көне қуыршақ театры. Үстел үстіне орнатылған қуыршақтың аяғы, мойны, денесі қозғалмалы етіп жасалады. Жіңішке жіптер домбырашының саусақтарына байланады. Күй тартылғанда саусақ қозғалысына ілесіп, қуыршақ та қимылдап, ырғаққа сай билеп тұрғандай әсер береді.

Қазіргі кезде Ортекенің жаңартылған нұсқалары да бар: мысалы, шыныпластиктен жасалған түрлері.

Қуыршақ түрлері

Қуыршақтар қимылына және көрсету тәсіліне қарай бірнеше топқа бөлінеді:

  • Саусақ театры
  • Сым/жіп арқылы қозғалатын (таяқша, жіп арқылы басқарылатын)
  • Көлеңке театры (экран арқылы көрсетілетін)
  • Қолға киіп ойнайтын (кигізілмелі қуыршақ)

Бұл сабақта қолға киіп ойнайтын кигізілмелі қуыршақтар қолданылады.

4) Көрме: ертегі кітаптары мен қуыршақтар

Ертегі кітаптары мен қуыршақтардан шағын көрме ұйымдастырылады. Балалар кітаптағы кейіпкерлерді қуыршақ арқылы бейнелеп, қойылым сахналайды.

Тәрбиеші: «Ертегідегі әрбір кейіпкердің мінезі — сабақ. Жаман әдеттен аулақ болып, жақсы кейіпкерге қарап қайырымды, мейірімді болуға талпынамыз. Ертегі тіл байлығын арттырады, ойлау мен сөйлеуді дамытады».

5) Сергіту сәті және кіріспе

Айбек: «Ертегі — халқымыздың ертеден келе жатқан мәдени мұраларының бірі. Ертегілер мазмұнына қарай бірнеше түрге бөлінеді: жануарлар туралы, қиял-ғажайып, шыншыл ертегілер. Бүгін жануарлар туралы “Бауырсақ” ертегісімен танысамыз».

Қойылым: «Бауырсақ» ертегісі

Автор: Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Бірде шал кемпіріне: «Маған бауырсақ пісіріп берші», — депті.

Шал (Айбек): «Кемпір-ау, маған бауырсақ пісіріп берші.»

Кемпір (Нұрәлі): «Неден пісіремін? Ұн жоқ қой.»

Шал: «Қойманың түбін қырып көрші, ұн табылып қалар.»

Автор (Сыйлас): Кемпір қойманың түбін қырып, екі уыс ұн тауыпты. Қаймаққа илеп, майға қуырып, бауырсақ пісіріпті. Терезе алдына суытып қойыпты.

Бауырсақ суып тұрып, домалай жөнеледі: орындықтан еденге, еденнен дәлізге, дәлізден аулаға, ауладан сыртқа...

Қоян (Жәнібек): «Бауырсақ, бауырсақ! Мен сені жеймін!»

Бауырсақ: «Қоян, мені жеме. Саған өлең айтып беремін:

Менің атым — Бауырсақ, бауырсақ! Қаймаққа иленгенмін, майға пісірілгенмін, Терезеде суығанмын. Ұстатпай кеттім атама, Ұстатпай кеттім әжеме, Ұстатпаймын қоян саған да!

Автор: Бауырсақ домалап қаша жөнеледі.

Автор: Жолда оған қасқыр кездеседі. (Медет)

Бауырсақ: «Қасқыр, мені жеме. Өлең айтып беремін:

Менің атым — Бауырсақ, бауырсақ! Қаймаққа иленгенмін, майға пісірілгенмін, Терезеде суығанмын. Ұстатпай кеттім атама, Ұстатпай кеттім әжеме, Ұстатпай кеттім қоянға, Ұстатпаймын қасқыр саған да!

Автор: Әнін айтып, домалай береді.

Аю (Данияр): (жолыққан сәт)

Бауырсақ: «Сендей майтабанға мені жеу қайда! Өлеңімді тыңда:

Менің атым — Бауырсақ, бауырсақ! Қаймаққа иленгенмін, майға пісірілгенмін, Терезеде суығанмын. Ұстатпай кеттім атама, Ұстатпай кеттім әжеме, Ұстатпай кеттім қоян мен қасқырға, Ұстатпаймын аю саған да!

Автор: Бауырсақ аюдан да құтылып кетеді.

Автор: Домалап келе жатса, алдынан түлкі шығады. (Айдос)

Түлкі: «Бауырсақ, бауырсақ, қайда домалап барасың?»

Бауырсақ: «Жолмен домалап барамын.»

Түлкі: «Маған өлең айтып берші!»

Менің атым — Бауырсақ, бауырсақ! Қаймаққа иленгенмін, майға пісірілгенмін, Терезеде суығанмын. Ұстатпай кеттім атама, Ұстатпай кеттім әжеме, Ұстатпай кеттім қоянға, Ұстатпай кеттім қасқыр мен аюға, Ұстатпаймын саған мүлде!

Түлкі: «Әнің өте жақсы екен. Бірақ дұрыс ести алмай тұрмын. Тұмсығыма шығып, қаттырақ айтшы.»

Автор: Бауырсақ түлкінің тұмсығына шығып, әнін айта бастаған сәтте түлкі оны ұстап алып жеп қояды.

Қорытындылау және талқылау

Сұрақ-жауап

  • Ертегі ұнады ма?
  • Ертегінің мазмұны не туралы?
  • Жағымды және жағымсыз кейіпкерлерді атаңдар.

Кейіпкерлерді бағалау

Жағымсыз кейіпкер: Түлкі (айлакер, алдаушы).

Жағымды кейіпкерлер: Қоян, Қасқыр, Аю (олар бауырсақты жеп қоймайды).

Нан туралы түсінік

Бауырсақ ұннан жасалады, ал ұн бидайдан алынады. Нанды қастерлеу — еңбекті қастерлеу.

Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер

Жәнібек: «Ас атасы — нан.»

Руслан: «Нан бар жерде — ән бар.»

Бекарыс: «Дәнді шашпа, нанды баспа.»

Айбек: «Нанды шашпа, аяғыңмен баспа. Жерде жатса, теріп алып торғайларға таста.»

Сыйлас: «Нан анасы — бидайымын, елге астық сыйлаймын. Дәнім толып піскенде, қауызыма сыймаймын.»

Расул: «Нан — ардақты асыл ас, аттамас одан кәрі-жас. Нандай жоқ қой асыл дән, жеп үйренген жасыңнан. Дастарханнан нан кетсе, береке кетер асыңнан.»

Данияр: «Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.»

Айдос: «Дастарханда наны жоқтың, тамағының сәні жоқ.»

Нұрәлі: «Нанда өмірдің иісі мен дәні бар, нанда адамның еңбегі мен ары бар.»

Тәрбиеші: «Нансыз өмір сүру мүмкін емес. Нан — тіршілік тірегі. Ол бізге адал еңбекпен келеді. Нанды қастерлеу — береке мен тыныштықтың кепілі».

Ән

«Ертегілер»