Қыз әкесі
Ашық тәрбие сағаты: Наурыз мерекесі
Бұл материал ашық тәрбие сағатын өткізуге арналған. Мазмұны Наурыз мерекесінің мәнін ашып, оқушыларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуге бағытталған.
Мақсаты
Оқушыларды өз халқын, Отанын сүйе білуге тәрбиелеу; Наурыз мерекесінің мән-мағынасын ұғындыру.
Міндеттері
- Білімділік: «Ұлыстың ұлы күні» туралы білімдерін кеңейту.
- Дамытушылық: ұлттық салт-дәстүрлер арқылы ойлау қабілетін дамыту, дәстүрді насихаттап, жаңғырту.
- Тәрбиелік: отансүйгіштікке, жауапкершілікке, жолдастыққа баулу.
Ұйымдастыру
- Формасы: сайыс.
- Көрнекілігі: газет-журнал материалдары, әдебиеттер, суреттер, плакаттар, шаңырақ, қанатты сөздер, бесік, қамшы, домбыра және т.б.
Қанатты сөздер
«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»
«Қайда барса жол болсын! Ұлыс бақты болсын!»
«Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!»
Өту барысы
Кіріспе көрініс
Қыз-жігіттер бір-бірімен құшақтасып, «Наурыз құтты болсын!» деп ақ тілектерін білдіреді. Шашу шашылады.
Анар:
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Шашу шашып, ел болып қарсы алайық!
Ләззат:
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Хормен:
Наурыз келе жатыр, қарсы алайық!
Наурыз қыз:
Сәлем, ата-аналар! Айналайын, балалар!
Уақыт үдеп келдім мен, бақыт тілеп адамға.
Сайратамын бұлбұлды, жайнатамын гүл-гүлді.
Жылғадан су ағызып, гүлдендірем әлемді.
Наурыз қыз өзіне тағайындалған орнына отырып, тойды тамашалайды.
Мерекені бастау
Талғат:
Ау, қыз-жігіттер, Наурызға арналған тойымызды «Ауылдың алты ауызымен» бастамаймыз ба? Ал, Тоғжан, шырқап жібер!
Наурыз әні орындалады.
Жүргізуші:
Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден —
Құтты болсын, бұл Наурыз!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Бүгінгі тойымызға үш ауылдың жастары келіп отыр. Мерекелік кешімізді осы жастардың сайысы арқылы өткізуді ұйғардық. Ауыл жастарын таныстырып, орындарына жайғасуын сұраймыз:
- Наурыз ауылы
- Көктем ауылы
- Тойбастар ауылы
Шалқытып мерекеде ән салайық,
Өнерпаз өрендерге тамсанайық.
Әділдік пен теңдікті ту еткен
Құрметті қонақтарды қарсы алайық!
Төрелік ететін билер
Сайысымызға төрелік етуге билеріміз келіп отыр. Қошеметтеп ортаға шақырайық:
- Төле би (Ұлы жүз) — Алмат ағай
- Қаз дауысты Қазыбек би (Орта жүз) — Қонысбай ағай
- Әйтеке би (Кіші жүз) — Қожақ ағай
Сайыс шарттары
- 1 Халық әні
- 2 Ұлттық тағам түрлерін таныстыру
- 3 Ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс
- 4 «Көкпар» ұлттық ойыны (сұрақ-жауап)
Ұлттық тағам және Наурыз көже
Уа, жараңдар, жараңдар!
Бәрің бері қараңдар,
Сендер үшін жасалған
Тоқсан түрлі тағам бар!
Қымыз бен шұбат бар,
Шұбатта дәрі, қуат бар.
Іркіт пен айран бар,
Айранды іш те, қайран қал.
Ірімшік пен құрт та бар,
Оны азсынсаң, сықпаны ал.
Жеті түрлі дәм салған —
Көжеден дәм татыңдар!
Наурыз көже таратылып, дәм татылады.
Мал төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты —
Молшылыққа аңыз боп.
Көшпелі қазақ халқы жаңа жылды Наурыздан бастаған. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген сөз — береке мен ырыстың белгісі.
Көктем ауылы
Әсіп
Тойбастар ауылы
Құрт, ірімшік
Наурыз ауылы
Наурыз көже
Әділқазылар алқасынан ұлттық тағам түрлерін әзірлеу және таныстыру бойынша бағаларын сұрауға болады.
Ән шашу
Ау, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.
Ортамызды ашайық,
Думандатып би билеп,
Інжу-маржан шашайық.
- Көктем ауылы: Тоғжан — Сүгірдің термесі
- Наурыз ауылы: Самат — «Үкілі қыз»
- Наурыз ауылы: Ұлбосын — «Гүл дәурен»
Әділқазылар алқасынан орындаулар бойынша бағаларын сұрауға болады.
Ұлттық салт-дәстүр көріністері
Көктем ауылы
Қыз ұзату (сыңсу)
Ақ отауым тіккен жерім майдан болсын,
Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.
Кісі әкесі кісіге әке дейді,
Айналайын әкемдей қайдан болсын?!
Алтын да менің босағам,
Аттап бір шығам деп пе едім...
Күміс те менің босағам,
Күңіреніп шығам деп пе едім?
Қалайы сандық кілтім-ай,
«Жылама» дейсің, жұртым-ай.
Жыламай қайтіп шыдайын —
Барасың қалып, жұртым-ай!
Қыздың әкесі:
Баласын баласы әкетіп барады,
Мұңайып не етесің?
Сен бүгін ұшасың, кетесің.
Көкешім, әкеңнен әкеңе жетерсің!
Анасының қоштасуы:
Қарғам-ай, халқыңа қалаулы бол!
Еліңе елеулі бол!
Ертеңмен ерте тұрасың,
Түндігіңді ашарсың.
Сиырыңды сауарсың,
Малыңды өріске айдарсың.
Самаурыныңды қоярсың,
Сүтімді сонда ақтарсың.
Қарағым-ай, не айтайын,
Енді жат жұрттық болғасын.
Тойбастар ауылы
Беташар
Бісміллә сөзден бастайын,
Бетіңді, келін, ашқаным.
Жасы үлкенді сыйлап жүр,
Құрмет қылып жасқанып.
Балалық күнің өтті енді,
Аналық күнің жетті енді.
Айт, келін-ау, айт, келін!
Атыңның басын тарт, келін!
Қыз көңілден қайт, келін!
Сауысқаннан ақ келін!
Жұмыртқадан ақ келін!
Күйеуіңе шақ келін!
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Өзің бір ақыл тап, келін!
Ата-енеңді бақ, келін!
Наурыз ауылы
Бесікке салу
Наурыз ауылында «Бесікке салу» дәстүрі көрсетіледі. Көріністе бесіктің қадірі, ананың әлдиі, үлкендердің батасы мен тәрбиелік мағынасы айқындалады.
Өлең жолдары:
Жаңғырар дәстүр — салтымның,
Көзелсін бұлақ-жылғасы.
Қастерлі менің халқымның
Мереке Наурыз — жыл басы.
«Көкпар» ұлттық ойыны (сұрақ-жауап)
Келесі кезекте көкпар ойынын көруге шақырамыз. Топтар сұраққа жауап беру арқылы ұпай жинайды. Ең көп ұпай алған топ жеңімпаз атанып, «көкпарды қазанға салды» деп есептеледі.
Сұрақтар
- Байғазы дегеніміз не?
- Көрімдік дегеніміз не?
- Ерулік дегеніміз не?
- Асар дегеніміз не?
- Сүйінші дегеніміз не?
Мүшелеу сұрақтары
- Жамбас кімге тартылады?
- Төс кімге тартылады?
- Құйымшақ кімге тартылады?
Бата
Жеңімпаздарды Төле бидің батасымен марапаттауға болады.
Қорытынды
Кеш соңында әділқазылар сайыс қорытындысын шығарып, қатысушылар марапатталады. Оқушылардың ұлттық дәстүрге қызығушылығы артып, Наурыздың тәрбиелік мәні тереңірек түсіндіріледі.
Құрастырған: А. Сағынбаева.